Онлайн оқу кімге оңай?
Биыл әрбір 16-шы түлек «Алтын белгі» алыпты
Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол. Елімізде биыл мектеп бітірген әрбір 16-шы түлек «Алтын белгі» иегері екен. 156 мың оқушының 10 мыңға жуығы алтыннан алқа тағынып шыға келді. Тағы 8500-ден астам түлек үздік аттестат алды. Расымен де, білім сапасы артып кетті ме десек, мектептің бәрі биыл оқудың көбін онлайнмен өткізді.
Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаевтың айтуынша, биыл 9746 түлек «Алтын белгі» иегері болды. Бұл, әрине, бұрынғы жылдармен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Алтын төсбелгі таққан үздік үш өңір – Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары екен.
Алтын белгілердің көбейгені үшін ешкімді сөкпейміз, мәселе – әлгі түлектер шынымен лайық па? «Алтын медальдің көп болуы білім сапасының көрсеткіші деп айта алмас едім. Бұл арада бармақ басты, көз қысты дегендей жемқорлық дендеп кеткен секілді. Онлайн оқу тағы бір-екі жылға созылатын болса, онда ол білім сапасын біржолата күйретіп тынатын шығар деген қауіп бар менде», – деген пікірімен бөлісіпті «Евразия» бірінші арнасының тілшілерімен тарих пәнінің мұғалімі Өмірбек Шыныбекұлы.
Әлеуметтік желідегі жазбалар да Өмірбек мырзаның айтқаны өмірде расында болып жатқанын дәлелдейді. Бірақ «болар іс болдымен» тынамыз-ау. Қайсыбірін тексере бересің? Баланы жылатып, «Алтын белгісін» қалай тартып алмақсың? Мұндайда білім және ғылым министрлігі әдеттегідей өзіне шаң жуытпайды.