Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:47

Онлайн сатып алған тауарға қатысты жаңа ереже енгізіледі

тауар
Фото: diapazon.kz

Қазақстанда шетелден жасалатын интернет-сатып алуларға қатысты жаңа кедендік ережелер енгізілмек.

Енді құны 200 еуродан асатын тауарлар үшін азаматтар 5% кедендік баж салығы мен 12% қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуге міндетті болады.

 ЕАЭО жаңа хаттамасы: не өзгереді

Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Кеден кодексіне электрондық саудаға қатысты түзетулер енгізу туралы хаттама барлық мүше мемлекет ратификацияны аяқтағаннан кейін күшіне енеді.

Қазақстан бұл рәсімді 2025 жылдың қазан айының басында аяқтаған. Алайда жаңа жүйені толық іске қосу үшін Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен елдердің ұлттық заңнамасын сәйкестендіру және қосымша нормативтік актілер қабылдау қажет.

Қазір бұл жұмыс жалғасып жатыр, сондықтан ереже нақты қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз.

 Кімдерге әсер етеді

Жаңа талаптар тек жеке тұлғаларға қатысты — яғни Қытай, АҚШ, Еуроодақ елдерінің интернет-дүкендерінен тауар сатып алатын қазақстандықтарға.

Ал ЕАЭО елдерінде тіркелген Ozon, Wildberries сияқты маркетплейстерден сатып алу кезінде жаңа салықтар қолданылмайды.

Жаңартылған тәртіп бойынша, ЕАЭО аумағынан тыс сатып алынған тауарлар енді «жеке пайдалану тауарлары» емес, «электрондық сауда тауарлары» санатына ауысады.

Дегенмен, қарапайым сатып алушылар үшін жөнелту және алу тәртібі өзгермейді — барлық рәсімдерді «Қазпошта», DHL, FedEx секілді электрондық сауда операторлары атқарады.

 Қазақстандағы пилоттық жоба

Қазақстанда бір жылдан бері «Қазпошта» мен DHL Қазақстан компанияларының қатысуымен пилоттық жоба іске асуда. Ол жаңа декларация үлгісін сынап көруге және процестің тиімділігін тексеруге мүмкіндік берді.

Қаржы комитетінің мәліметінше, жоба пайдаланушылар үшін қиындық туғызған жоқ — тауарларды алу жүйесі бұрынғыдай жұмыс істейді.

Бұған дейін 200 еуродан асқан сомаға 15% біркелкі салық алынатын және 31 кг-нан артық салмаққа 1 кг үшін 2 еуро есептелетін.

Енді салмақ шегі алынып тасталады, ал салық тауардың толық құнынан есептеледі.

Көпшілікке әсер етпейді

«Қазпошта» дерегінше, қазақстандықтардың 90%-дан астам онлайн тапсырыстары 200 еуро лимитінен аспайды.

Демек, көптеген сатып алушылар үшін қосымша төлем болмайды.