Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Онлайн сауда: маркетплейстер мен ақпараттық қауіпсіздік

маркетплейс
Фото: ru.itprofit.dev

Қазір Қазақстанда электронды сауда нарығы қарқынды дамып келеді. Биыл елдегі электронды сауда көлемі 5 трлн теңгеден асыпты.

Бұл жалпы бөлшек сауданың 20 пайызын құрайды. Осылайша мобильді төлемдер жүйесі кеңейіп, халықтың онлайн сатып алу мәдениеті қалыптасып келе жатыр. Бұл үрдістің негізін құраушы, әрине, маркетплейстер. 

Алдымен қарапайым оқырманға түсінікті болу үшін маркетплейс дегеннің не екенін тарқатып алайық. Маркетплейс – бұл әртүрлі сатушылар өз тауарын орналастырып, сатып алушылар арнайы платформадан өнімді таңдап, сатып ала алатын онлайн сауда алаңы. Қазақстанда бұл модель 2018 жылдан бері кеңінен тарала бастады. Әсіресе пандемия кезеңі 2020-2021 жылдар электронды сауда нарығын бірнеше есеге ұлғайтты. Бүгінгі таңда Kaspi.kz, Satu.kz, Wildberries және Lamoda секілді платформалар нарықтың негізгі үлесін иеленіп отыр. Солардың ішінде Kaspi.kz – Қазақстандағы ең ірі платформа. Kaspi арқылы сатып алынған тауарлар үлесі бүгінде онлайн сауданың 70 пайыздан астамын құрайды. Wildberries.kz пен Lamoda.kz шетелдік үлгідегі платформалар. Ал Satu.kz шағын және орта бизнесті онлайн кеңістікке шығару үшін маңызды рөл атқарады. Маркетплейстердің дамуы ел экономикасына бірнеше бағытта әсер етуде. Шағын бизнестің цифрлануы арқылы көптеген кәсіпкерлер өз өнімдерін интернет арқылы сату мүмкіндігін алып, жаңа нарықтарға шықты. Қойма, логистика, IT, маркетинг салаларында жаңа мамандықтар пайда болды. Kaspi, Jysan, Halyk сияқты банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасау деңгейі артты. Азаматтар онлайн шопингті қауіпсіз әрі ыңғайлы деп қабылдай бастады.

Маркетплейстер шетелден басқарыла ма?!

Ал енді осы маркетплейстерді, яғни, онлайн сауда алаңын кімдер басқаратынына тоқталсақ, Kaspi.kz – Қазақстандағы ең ірі маркетплейсті, компанияның негізін қалаушылар: Михаил Ломтадзе – бас директор (CEO), Вячеслав Ким – директорлар кеңесінің төрағасы, Павел Михайлов – технологиялық даму бөлімінің жетекшісі. Kaspi Group – Лондон және AIX қор биржаларына шыққан алғашқы қазақстандық компаниялардың бірі. Бұл жоба толықтай отандық капитал негізінде дамыған және ел экономикасына миллиардтаған салық түсіреді. Kaspi экожүйесі бүгінде банк, төлем жүйесі, маркетплейс және логистика қызметтерін біріктірген «суперқосымша» ретінде жұмыс істейді. Satu.kzшетелдік тәжірибенің жемісіSatu.kz платформасы бастапқыда украиналық EVO Group компаниясына тиесілі болды. Кейін ол OLX Group (Нидерланды) құрамына кірді. Wildberries компаниясын 2004 жылы ресейлік кәсіпкер Татьяна Бакальчук құрған. Қазақстан нарығына 2021 жылы кірген бұл маркетплейс киім-кешек, тұрмыстық техника және косметика сияқты тауарларды ұсынады. Компанияның Қазақстандағы филиалдары мен қоймалары бар, бірақ негізгі басқару орталығы Мәскеуде орналасқан.
Бұл шетелдік маркетплейстердің ел нарығына белсенді түрде енуінің мысалы. Lamoda.kz – еуропалық сән платформасыLamoda бренді Global Fashion Group (Германия) компаниясына тиесілі. Қазақстандағы филиалы орта және премиум деңгейлі киім нарығына бағытталған.

Қазірде осы маркетплейстер арқылы тауарын сатушылар өздерінен ұсталатын пайыздардың көп екенін, бұл салада жұмыс істеудің өз қиындықтары бар екенін айтып жүр. Оның біріншісі, платформаларда баға саясатының реттелмеуі үнемі кездеседі. Мысалы, 2024 жылы Kaspi жаңа ереже енгізіп, «бір тауар – бір баға» қағидасын бекітті, алайда бұл кейбір сатушылардың табысын шектеді. Kaspi алдағы уақытта да осы қағидадан танбайтынын Сауда министрлігі бекітіп отырғандай, қолма-қол ақшаға бір баға, бөліп төлеуге басқа баға ұсынбайтынын тек «бір тауар – бір баға» қағидасымен жүретінін айтқан.

Ал осы маркетплейс арқылы алтын саудалайтын кәсіпкер Ақмарал Қайырбекқызының сөзіне сүйенсек, Kaspi арқылы тауарды сатқанда оның ұстайтын комиссиясы бар.

«Сатылым мөлшеріне қарай 5, 15, 18 пайыз көлемінде комиссия төлейміз. Сондықтан мұны еріксіз сатып алатын тұтынушының тауарына қосып қоямыз. Олай істемесек, ұтыламыз. Ешқандай пайда болмайды. Қолма-қол ақшаға алтын алатындар өте аз. Ақыры солай амалдауға тура келеді. Ал Wildberries арқылы киім-кешек сататын болсақ та ресейліктер комиссия алып отырады. Олардың комиссиясы да 5-15 пайызды құрайды. Жалпы, біздегі такси қызметі болсын, киім-кешек сату, тұрмыстық техникаларды сату платформаларының дені Ресейдікі. Яндекс таксиде жұмыс істейтін жүргізушілер де комиссияның қымбат екенін айтады. Қазір такси қызметінің құны да қатты өсіп кетті. Себебі олардың да төлейтін комиссиясы бар. 1 200 теңге тапса, соның 600 теңгесін комиссияға береді. Осыдан кейін барып олар таксидің де құнын шарықтатып жібереді. Негізінде осы салаға қатты бақылау керек. Өйткені маркетплейстердің дені шетелден басқарылады. Қаражат осылайша шетке кетіп жатыр. Тіпті кейбір маркетплейстерде жалған брендтер мен сапасыз өнімдер сатылып жатады. Ал тұтынушылар оны қайтадан қайда өткізерін білмей, дал болатын сәттер де кездеседі. Сондықтан бұл салаға нақты мемлекет тарапынан бақылау қажет», – деді кәсіпкер.

Салалық мамандар бұл салада экономикалық реттеуден бөлек, саяси тәуекелдерді де ескеру керектігін айтады. Бұл саладағы ең өзектісі – дербес мәліметтердің қауіпсіздігі. Ақпараттық манипуляцияға мән беру керек.Платформалар тәуелсіз ақпарат тарата алады. Сондықтан Wildberries, Lamoda сияқты шетелдік платформалар экономикалық емес, саяси мақсатта қысым жасау құралы болуы мүмкін. Саясаттанушы және экономикалық бақылаушы Әсем Қасымханованың пікіріне сүйенсек, маркетплейстердің деректері қоғамның нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайын көрсетеді, ол саясатты модельдеуге әсер етеді. Сондай-ақ ірі цифрлық бизнес иелері саяси шешімдерге әсер ете бастайды.

«Сондықтан барлық ірі платформалар Kaspi, Wildberries, OLX, т.б. деректерін Қазақстан аумағында сақтауға міндетті болуы тиіс. Бұл саяси және ақпараттық тәуелсіздіктің негізі. Платформалар жарнамада, ұсыныста немесе жаңалықтарда саяси мазмұнды насихаттамауы тиіс. Үкімет цифрлық бизнеске реттеу арқылы емес, серіктестік арқылы ықпал етуі керек.
Мысалы, мемлекеттік бағдарламалар Kaspi немесе Technodom сияқты отандық платформалар арқылы жүзеге асса, бұл екі жаққа да тиімді. Негізінде, маркетплейстер экономикалық немесе логистикалық мақсатта ғана қолданылуы тиіс. Бұл бағытта арнайы «Деректердің саяси бейтараптығы туралы заң» қажет. Сол тәрізді онлайн төлемдер мен тапсырыстар барысында жеке ақпаратты қорғау өзекті тақырып. Маркетплейстерді арнайы себет десек, біздің дербес деректеріміз сол себеттен әрі шықпауы керек», – дейді саясаттанушы.

Маманның пікірінше, билік пен маркетплейс арасындағы өзара қатынас белгілі бір тепе-теңдікке құрылуы тиіс. Бұл тепе-теңдік екі тараптың да мүддесін сақтауға, қоғамдағы тұрақтылық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталады. Ең алдымен, деректер қауіпсіздігі мәселесі басты назарда болуы керек. Маркетплейстердің иелігінде азаматтардың жеке мәліметтері мен сатып алу тарихы сияқты құпия ақпараттар сақталады. Мұндай жағдайда мемлекет тарапынан ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты талап. Себебі цифрлық кеңістіктегі мәліметтердің сыртқа шығуы немесе теріс мақсатта пайдаланылуы ел қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Екінші бағыт – салық және есеп жүйесі. Маркетплейстердің қаржылық айналымы айтарлықтай көлемді болғандықтан, олардың қызметін ашық есепке алу және бақылау мемлекеттің бюджет кірісін қамтамасыз етудің бір тетігі болып табылады. Яғни, бизнес еркіндігін шектемей, сонымен қатар салықтық тәртіпті де сақтап отыру маңызды. Үшінші, ақпараттық саясат саласындағы тепе-теңдік те өзекті. Маркетплейстер тек сауда алаңы ғана емес, сонымен қатар ақпарат пен жарнама таратудың қуатты құралына айналып отыр. Сондықтан мұндай платформаларда таралатын ақпарат мемлекеттегі әлеуметтік тұрақтылықты бұзбауға, қоғамдағы моральдық және мәдени құндылықтарға қайшы келмеуге тиіс. Төртінші, реттеу мәселесі ерекше маңызға ие. Маркетплейс қызметінің ауқымы кеңейген сайын, заңнамалық негіз де соған сай жетілдірілуі қажет. Мемлекет тарапынан реттеу тетіктері заң мен қауіпсіздік нормаларына сәйкес болуы керек. Бұл тұтынушы құқығын қорғау, әділ бәсекені сақтау және цифрлық нарықтағы сенімділікті арттырудың алғышарты.

Азаматтардың жеке ақпаратын жинайтын ірі деректер орталығы

Осылайша, маман ұсынған бұл тепе-теңдік жүйесі билік пен бизнес арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, қоғамның тұрақты дамуы мен ұлттық қауіпсіздіктің сақталуына да негіз қалайды. Экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябеков те әріптесінің сөзін қуаттайды.

«Цифрландыру дәуірінде маркетплейстер тек сауда алаңы ғана емес, адамдардың жеке ақпаратын жинайтын ірі деректер орталығына айналды.
Kaspi.kz, Wildberries, Satu.kz, OLX және басқа платформалар тұтынушылардың аты-жөні, ЖСН, мекенжайы, банк картасы, сатып алу тарихы сияқты маңызды деректерді өңдейді. Сондықтан олардың қауіпсіздігі экономикалық емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Енді, осыған байланысты айтарым, бұл платформалар ұлттық киберқауіпсіздік стандартынан өтіп, сертификат алуы қажет. Мысалы, банктер сияқты маркетплейстер де жыл сайын қауіпсіздік аудитін тапсыруға тиіс. Көптеген маркетплейстер бар, соның ішінде Wildberries, Kaspi AI-жүйелермен сатып алу мінезін талдайды. Алайда ол деректерді кім өңдеп, қандай мақсатқа пайдаланып жатқаны түсініксіз. Сондықтан үкімет «AI-парламент» жобасы аясында алгоритмдердің ашықтығын реттеп, тұтынушының «дерек иесі» ретіндегі құқығын бекітуі тиіс. Егер деректер мемлекет пен платформа арасында дұрыс реттелмесе, бұл саяси бақылау немесе манипуляция құралына айналуы мүмкін», – дейді экономист-ғалым.

Ал енді мұндай ұсыныстарды біздің үкімет ескере ме, ол жағын уақыт көрсетер. Үкімет әзірге электронды сауда инфрақұрылымын дамыту үшін салықтық жеңілдіктер, логистикалық хабтар мен кедендік жеңілдетулер, Digital Kazakhstan, Astana Hub бағдарламаларын ұсыну арқылы цифрлық экономиканы қолдау бағдарламаларын ұсынып отыр. Ал мамандар себетте де саясат барын ұмытпаған жөн екенін қатаң ескертіп отыр.

Алтын НҰРЫМОВА 

Тегтер: