Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:10, 18 Сәуір 2023

«Оңтүстіктегі тұрмысымыз жақсы еді...»

None
None

Солтүстіктегі «болашағы жоқ ауылдан» репортаж

Чистое – Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданының құрамындағы елдімекен. Нақты айтқанда шекарада тұрған ауыл. Басынан бағы таймаған тұста бұл ауылды 800-ден астам адам мекен еткен. Үш қабатты мектебінде 200-дей оқушы білім алған. Содан бері отыз жылдан астам уақыт өтті. Қазір тоз-тозы шыққан ауылда небәрі 47 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Бұл шекараның шебіндегі елдімекен үшін шынымен де ойландырады. Көрші мемлекеттердің шекараға жақын тұрған ауылдарын көрсеңіз, өз көзіңізге өзіңіз сенбейсіз, біздікімен салыстарғанда жер мен көктей. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде үкіметке шекарадағы ауылдарды дамытуға қатысты нақты тапсырма берді. Шекара маңындағы аудандардан халықтың көшуін азайту үшін онда экономикалық дамуға жаңа серпін беру керектігін, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап, онда қоныстанғысы келетін азаматтарға тұрғын үйді арзан бағамен беру жайын айтты. Біздің өңірде де бұл мәселенің өткір тұрғаны анық.

Аталған ауылға жетудің өзі қиямет. Белое ауылдық округіне дейін және одан әрі 25 шақырымдай жол әрлі-берлі өткен жолаушыны әбден шаршатады. Көршілес Ресей елінен кіріп-шығатын жүк көлігінің жүргізушілері бұл жолды «қиын белес» деп атап кеткені де бекер емес. Тізбектеліп келе жатқан жүк көліктерінің өгіз аяң жүрісін көріп, біреуін тоқтатып, жүргізушісін сөзге тарттық. Өзін Сергей Добровольский деп таныстырған жүргізуші мына жолдан ығыры шыққанын айтып шағымданды.

– Екі жылдан бері осы жолмен көрші мемлекетке тауар тасымалдап, отбасымды асырап жүрмін. Шекараға дейін жүріс өнбейді. Көп уақытымызды жоғалтамыз. Жылдамырақ жүрейік десек, жолдың сыйқы мынау. Қыста жүру мүлде қиын, жол-көлік оқиғасы жиі туындайды, көлік те тез бұзылады, – дейді ол.

Шынымен де тозығы жеткен жолдың машақатын біз де көрдік. Қиыршық тас төселгенімен салмағы ауыр жүк көліктері салған ой-шұқыр жеңіл көлікке тосқауыл болып тұр. Әр шұқырды айналып өтіп, амалдағандай болдық. Бір барғанымызда осылай қиналсақ, бұл – жергілікті тұрғындардың күнде тартып жүрген азабы. Жалпы, ауылдың ахуалын жолынан-ақ аңғаруға болады. Округ әкімі Әділхан Разиев Белое-Чистое бағытындағы жолдың жөнделмей тұрғанына біраз жылдың жүзі болғанын жасырмады. Жолаушы көп қатынайтын бұл бөлік жөнделсе, ауыл тұрғындары бір ауыртпашылықтан құтылар еді. Алайда Чистое ауылы болашағы жоқ елдімекендердің санатына енген.

Чистое ауылына кірген бетте бірден көзге түсетін нысан – үш қабатты мектеп ғимараты. Осыдан он бес жыл бұрын жабылған. Қаңырап бос қалған нысанның бұрынғы сиқынан түк қалмапты. Бір кездері үш қабаты да оқушыға лық толы болған білім ошағының күтімсіз қалған ғимараты да әбден тозыпты. Бұл мектепке енді жан бітуі екіталай. Ауылда мектеп ашар оқушы да, оларды оқыта қояр мұғалім де жоқ.

Ауылдың негізгі көшелерінің өзі сүреңсіз. Тіпті қиыршық тас та төселмеген. Жер езілген кезде жүрген көліктердің іздері ауылішілік жолдардың ойран-топырын шығарыпты. Жаяу жүргіншінің өзі қиналады. Сүрініп кетпейік деп аяғымыздың астына қарап әзер жүрдік. Әйтеуір ауылда дүкен мен медпункт бар. Онда тұрып жатқан 100-ден астам тұрғынның бар алданышы – осы қос нысан. Оның маңайындағы үйлердің дені бос, кейбірінің қабырғасы құлап, шатыры ортасына түскен. Ауыл тұрғыны Александр Чургиннің жастық шағы осы ауылда өткен. Сол кездегі тіршілігі қайнаған ауылдың бүгінгі келбетіне көз тоқтатып қараған қарияның көзі жасаурап, көңілі босап кетті.

– Ауылда ауыз су мәселесі өзекті. Көлігі барлар аудан, округ орталығынан тасып ішеді. Ал басқалары қардың, не көлдің суын тұтынуға мәжбүр. Ауылдың ішкі жолдары жөнделетін түрі жоқ. Қиналсақ та, туған жерді қимаймыз. Тұрғындардың саны жыл өткен сайын сиреп барады. Осыдан төрт жылдай бұрын оңтүстіктен бірнеше отбасы қоныс аударған еді. Олар да кері кетуге ыңғайланып жатыр, – деді Александр Чургин.

Қарияның балалары облыс орталығында тұрады. Зайыбы екеуі өздері іргетасын қалаған баспанасын, балалары ойнаған жерді қимайды. Оның үстіне мұнда 100 гектардай жерге бидай, қарақұмық, зығыр егеді. Осы шаруашылықтың арқасында біраз адам жұмыспен қамтылған.

Бұл ауылға көшіп келгендердің бірі – Анарбек Тұрсалиев. Жамбыл облысынан қоныс аударған ол қазір отырған үйді өз қаражатына сатып алыпты. Бұл отбасы бес бала тәрбиелеп отыр. Мектеп жасындағы екі баласы Белое ауылындағы мектеп интернатында жатып оқиды.

Елдің оңтүстігінен солтүстікке көшіп келуінің негізгі себебі – мал шаруашылығымен айналысу. Арманын жүзеге асыру үшін мал алып, өрісін кеңейтіпті. Бастапқыда ауылдың айналасы кең, төрт түлікті жайылымға шығаруға қолайлы болыпты. Кейін үйдің іргесіне дейін егін егіліп, жайылым тарылған. Қазір күні бойы малдың соңында салпаңдап жүруге мәжбүр. Көзден таса болса, егінге түседі. Сол үшін күнде таңертең малын алдына салып, ауылдан жырақтау жерге барып бағады.

– «Малым жанымның садақасы» деген халықпыз ғой. Мал жаятын жер жоқ деп налымаймын. Қазір бізді мектептің жоғы қинап тұр. Амалсыздан интернатқа орналастырдық. Бала өз үйінен барып-келіп оқығанға не жетсін? Осы ауылға көшіп келгеннен кейін «анау жоқ, мынау жоқ» деп көше бергеннен опа таппаспыз деп, сіңісіп кетуге талпындық. Қазіргі жағдайымыздан оңтүстіктегі тұрмысымыз жақсы еді. Үкімет шекаралық аудан-ауылдарға жағдай жасап, бос тұрған үйлерді көшіп келем деушілерге тегін берсе, сонымен қатар ауылда мектеп, балабақша, жол, ауыз су болса, қоныстанушылар көбейер еді. Туыс-туғандар от жаққан жеріңді көреміз деп келеді. Ауылдың жайын көріп, түңіліп қайтады, – деді ағынан жарылған Анарбек Тұрсалиев.

Қазір отбасы төрт сиырдың сүтін сатып, нәпақасын айырып отыр. Содан түскен аз-маз қаржыға күнделікті азық-түлігін сатып алады екен. Әйтеуір, өлместің күйін кешіп отырған жайы бар. Шыдамның да шегі бар, тұрмыстан қажыған отағасы бір күні қолды бір-ақ сілтеп, көшуге ыңғайланса, сырттан келген өзге шаңырақтар да көштің басын кері бұрмасына кім кепіл? Міне, өңіріміздегі көптеген ауылдардағы жағдай осындай. Чистое ауылында болған бірер сағаттың ішінде берекесі кеткен ауылдың томаға-тұйық тіршілігі оңала ма деген сауалға жауап берер жан болмады.

Чистое секілді шекарада тұрған ауылдардың болашағы жоқ елдімекендер санатына енуі – онсыз да қыл үстінде тұрған тағдырына балта шапқанмен бірдей. Себебі қаржы да бөлінбейді, қолдаудан да тыс қалады. Жұртта қалғандай күй кешкен ауылдың қазіргі жұпыны тірлігі түзелер күн қашан туар екен?

Тегтер: