Оңтүстік Корея Юн Сок Ельды биліктен шеттетті

Елде 60 күн ішінде, мүмкін 3 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау өтеді.
Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Юн Сок Ельға импичмент жариялауды бірауыздан қолдап, оны дереу қызметінен кетірді, деп хабарлайды Yonhap агенттігі.
Импичмент желтоқсан айының ортасында мандаттардың басым бөлігі оппозицияға тиесілі Ұлттық ассамблеяның бастамасымен болды. Юн билікті асыра пайдаланды және ел заңдарын бұзды деп айыпталды. Ол 3 желтоқсанда әскери жағдай жариялады, жарлықты жою туралы дауыс беруді бұзу үшін парламентке әскер жіберді және саясаткерлерді қамауға алуға бұйрық берді.
Сот Юн Сок Ельдың әскери жағдай енгізудің заңды шарттарын орындамағанын және парламентке қысым көрсету үшін әскерді заңсыз пайдаланғанын анықтады.
Сот шешімі дереу күшіне енеді. Елде 60 күн ішінде кезектен тыс президент сайлауы өтеді.
Юн мүше болған билеуші «Халық күші» партиясы сот шешімін «кішіпейілділікпен қабылдайтынын» мәлімдеді. Бұл ретте оппозициялық Демократиялық партия мұны «халық жеңісі» деп бағалады.