Оңтүстік Кореяда қауіпсіздік қызметі президентті қамауға алуға мүмкіндік бермеді

Оңтүстік Кореяның биліктен қуылған президенті Юн Сок Ельді тұтқындауға келген тергеушілер әскерилердің қарсылығына тап болды. Юнның жүздеген жақтастары резиденцияның сыртына жиналған.
Оңтүстік Кореяның президенті Юн Сок Елдің ісін тергеп жатқан тергеушілер оны тұтқындау үшін 3 қаңтар, жұма күні таңертең оның Сеулдегі резиденциясына келді, деп хабарлайды Yonhap ақпараттық агенттігі.
Оңтүстік Кореяның қылмыстық іздестіру қызметінің (CIO) жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлері мен полициясы Юнның резиденциясына жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:20-да (Астана уақыты бойынша 03:21) келген. Таңғы сағат 8:00 шамасында 50 адамнан тұратын жедел-тергеу тобы резиденция аумағына кірді, бірақ әскерилер жолды жауып тастаған. Астана уақытымен таңғы сағат 5:54 шамасында тергеушілер әскери қызметкерлердің екі қатарын бұзып өткен. Енді Юнның күзетшілері оларды ішке кіргізбей жатыр.
Yonhap агенттігінің хабарлауынша, полиция президент резиденциясының маңында тәртіпті сақтау үшін 45 арнайы жасақ пен 2700 қызметкерді орналастырған. Оның қасына Юнның 1200 жақтаушысы жиналып, «президентті қорғауға» және «импичменттің күшін жоюға» шақырған. Олардың кейбірі полициямен қақтығысқан.
Сот Юн Сок Ельді қамауға алуға ордер берді
Сеулдің Батыс аудандық соты 3 желтоқсанда Корея Республикасының биліктен қуылған президенті Юн Сок Ельді елде әскери режим енгізу туралы шешіміне байланысты қамауға алу ордерін бекітті. Бұл туралы 31 желтоқсанда Reuters агенттігі тергеу органдары мен жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Yonhap агенттігі елдің конституциялық тарихында тұңғыш рет қазіргі мемлекет басшысын қамауға алуға ордер берілгенін мәлімдеді.