Оңтүстік Кореяда прокурорлар экс-президент Юн Сок Ёлге өлім жазасын сұрады
Оңтүстік Корея прокуратурасы елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ельге қатысты қозғалған іс бойынша соттан ең қатаң жаза – өлім жазасын тағайындауды сұрады.
Бұл туралы BBC хабарлады.
Юн Сок Ель 2024 жылдың желтоқсанында елде әскери жағдай енгізуге әрекет жасап, бүлікке жетекшілік етті деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр. 13 қаңтар күні Сеулдегі сотта осы іс бойынша соңғы дәлелдер тыңдалды.
Айыптың мәні неде?
Тергеу дерегінше, 2024 жылдың желтоқсанында Юн Сок Ель күтпеген жерден елде әскери жағдай жариялаған. Алайда парламент бұл шешімді дереу бұғаттап, президентке импичмент жариялау бастамасын көтерген. Көп ұзамай Юн тұтқындалып, сотқа тартылды.
Бүлікке басшылық ету – Оңтүстік Корея заңнамасындағы ең ауыр қылмыстардың бірі. Мұндай істер бойынша прокурорлар соттан өлім жазасын немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрауға міндетті.
Юн Сок Ель не дейді?
Бұрынғы президент өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарады. Оның айтуынша, әскери жағдай символдық сипатта болған және оппозицияның әрекеттеріне қоғам назарын аудару үшін жасалған.
Алайда сотта куәлік берген әскери шенеуніктердің бірі Юнның депутаттарды қамауға алу жөнінде бұйрық бергенін мәлімдеді. Сонымен қатар, тергеу барысында әскери жағдай жоспарын дайындаған экс-офицердің меморандумы ұсынылған. Онда жүздеген адамды, соның ішінде журналистерді, кәсіподақ белсенділерін және парламент мүшелерін “жою” туралы ұсыныстар болғаны айтылды.
Елде өлім жазасы қолданылмайды, бірақ…
Оңтүстік Корея соңғы 30 жылға жуық уақыт бойы өлім жазасын орындаған жоқ. Соңғы рет 1996 жылы экс-диктатор Чон Ду Хван өлім жазасына кесілгенімен, кейін бұл жаза өмір бойына түрме жазасына ауыстырылған.
Соған қарамастан, арнайы прокурорлар Юнның әрекеті нақты құрбандарға әкелмесе де, ниеті аса қауіпті әрі зорлық-зомбылыққа бағытталған болғанын атап өтті.
Үкім қашан шығады?
Юн Сок Ельдің ісі оның әкімшілігіндегі тағы екі жоғары лауазымды тұлға – бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён мен экс-полиция басшысы Чо Жи Хоның істерімен біріктірілген. Сот үкімі 2026 жылдың ақпан айында шығарылады.
Айта кетейік, Юн Сок Ель – қызметте отырған кезде қылмыстық жауапкершілікке тартылған Оңтүстік Корея тарихындағы алғашқы президент.