Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 29 Желтоқсан 2024

Оңтүстік Кореяда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 179 адам қаза тапты

Корея ұшақ апаты
Фото:Reuters/Yonhap

Ұшақ апатынан 179 адам қаза тапқан. Таиландтан Оңтүстік Кореяға ұшқан ұшақта жалпы 181 адам, оның ішінде алты экипаж мүшесі болған.

Оңтүстік Кореяның Yonhap агенттігінің жазуынша, Jeju Air ұшағы Бангкоктан ұшып шыққан. Елдің оңтүстік-батысындағы Сеулден 288 шақырым жерде орналасқан Муан әуежайына қону кезінде жолақтан шығып, тосқауылға соғылған.

Корей телевидениесінде көрсетілген кадрларда ұшақтың дөңгелектері шықпай қалып, өрт шыққаны көрсетілген. Өртенген ұшақ екіге бөлініп кеткен.

Оқиғадан кейін бірден құтқару операциясы басталған. Құтқарушылар ұшақтың құйрық бөлігінде 29 адам қаза тапқанын хабарлады. Бір сағаттан кейін ел үкіметі ұшақ апатынан зардап шеккендердің саны 47 адамға жеткенін хабарлады, кейін бұл сан 62-ге өзгерді.

Кейінгі мәліметтер бойынша, ұшақ апатынан 179 адам қаза тапқан. Бортта жалпы 181 адам: 175 жолаушы және алты экипаж мүшесі болған. Аман қалған екі адамның бірі жолаушы, екіншісі  экипаж мүшесі. Reuters агенттігінің хабарлауынша, олардың екеуі де ұшақтың құйрығында болған. Олардың жағдайы әзірге белгісіз.

Жолаушылардың көпшілігі, яғни 173 адам оңтүстік кореялықтар, екі адам Тайланд азаматтары.

Оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ құстармен соғысқаннан рулі істен шыққан болуы мүмкін. Yonhap агенттігінің хабарлауынша, осы себепті шассиді басқару жүйесі істен шыққан. Билік қарастырып жатқан екінші нұсқа ауа райы жағдайына байланысты.

"Осторожно, Новости" телеграм арнасы Flightradar деректеріне сүйене отырып, апатқа ұшыраған Боинг бортында бір күн бұрын төтенше жағдай жарияланғанын хабарлайды. Ол кезде әуе кемесі ұшпай жатып шұғыл қонған.

Бұл 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Оңтүстік Кореяның ең ірі авиакомпаниясы Джеджу Эйр тарихындағы бірінші адам өліміне әкелген апат болды. 2007 жылы бұл компанияның ұшағы Кимхэ (Пусан) әуежайының ұшу-қону жолағынан шықты. Сол кезде алты жолаушы жеңіл жарақат алған.

Компания Boeing 737-800 ұшағын 2017 жылдан бері пайдаланады, бұған дейін бұл ұшақ Ryanair компаниясына тиесілі болған.