Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:40

Оңтүстік Кореядағы өрттен Қазақстан азаматы қаза табуына байланысты СІМ жауап берді

2
Фото: ашық дереккөз

Оңтүстік Кореядағы зауытта болған өрттен кейін Қазақстан азаматының хабар-ошарсыз кеткені туралы шетелдік БАҚ-та ақпарат тарады.

 Аталған жағдайға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.

СІМ жауабы

Ведомствоның мәліметінше, 30 қаңтар күні Оңтүстік Кореяның Ымсон уезіне қарасты Мэндон-мён қаласында азық-түлік пен сусын өндіретін кәсіпорында өрт шыққан. Бұған дейін кореялық БАҚ өрт ылғалды майлықтар мен жөргектер шығаратын зауытта болғанын хабарлаған.

«Өрттен кейін 81 қызметкер дереу эвакуацияланды. Алайда екі жұмысшының, соның ішінде Қазақстан азаматының қайда екені белгісіз. Полиция мен өрт сөндіру қызметінің дерегінше, 31 қаңтар күні таңертең өртенген цехтың ішінен жеке басы анықталмаған мәйіт табылды», – деп хабарлады ҚР СІМ редакция сұранысына берген жауабында.

Ресми мәліметке сәйкес, полиция қаза тапқан азаматтың жеке басын анықтау үшін Ұлттық ғылыми-зерттеу институтына жүгінген.

«Қазақстанның Корея Республикасындағы елшілігі полициямен және өрт сөндіру қызметімен, сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматының туыстарымен тұрақты байланыста. Бұл мәселе бақылауда», – делінген СІМ хабарламасында.

Бұған дейін Корея БАҚ-тары эвакуациядан кейін зауыттың екі шетелдік қызметкері – шамамен 50 жастағы Қазақстан азаматы мен 20 жас шамасындағы Непал азаматы хабар-ошарсыз кеткенін жазған. Өрт ішінара оқшауланған соң іздестіру жұмыстары басталған. 31 қаңтар күні сағат 00:39-да өрт сөндірушілер ғимараттың екінші қабатындағы баспалдақ маңынан бір адамның мәйітін тапқан. Қайтыс болған адамның жеке басы әзірге анықталған жоқ.