Оңтүстік Кореядағы зауыттағы өрттен кейін қазақстандық жоғалып кетті – БАҚ
Оңтүстік Кореяда тұрмыстық тауарлар өндіретін зауытта ірі өрт шығып, екі шетелдік жұмысшы хабар-ошарсыз кеткен. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, олардың бірі – Қазақстан азаматы.
Жергілікті БАҚ дерегінше, өрт 30 қаңтар күні сағат 14:55 шамасында Оңтүстік Кореяның Солтүстік Чхунчхон провинциясындағы Ымсон уезінде орналасқан дымқыл салфеткалар мен жөргектер шығаратын зауытта тұтанған. Өрт шыққан сәтте кәсіпорында 83 қызметкер болған, олардың 81-і дер кезінде эвакуацияланған.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, эвакуациядан кейін екі шетелдік жұмысшы – шамамен 50 жастағы Қазақстан азаматы мен 20 жастағы Непал азаматы жоғалғандар қатарында тіркелген. Өрт ішінара ауыздықталған соң іздеу-құтқару жұмыстары басталған.
Алайда кейбір БАҚ-та жоғалғандардың бірі Қазақстан емес, Өзбекстан азаматы болуы мүмкін деген де ақпарат тарады.
31 қаңтар күні түнгі сағат 00:39 шамасында өрт сөндірушілер ғимараттың екінші қабатындағы баспалдақ маңынан бір адамның мәйітін тапты. Қаза тапқан адамның жеке басы әзірге анықталған жоқ.
Өртті толық сөндіруге тек 31 қаңтар күні сағат 12:08-де, яғни шамамен 21 сағаттан кейін ғана қол жеткізілген. Құтқару жұмыстары ғимарат конструкцияларының опырылуы мен зауыт аумағындағы жанғыш материалдардың көптігіне байланысты қиындаған.
БАҚ мәліметінше, Оңтүстік Корея билігі екінші жоғалған жұмысшыны іздеуді жалғастырып, өрттің шығу себептерін анықтап жатыр.
Бұған қатысты Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктеме берген жоқ.