Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық ауыл шаруашылығын дамыта ала ма?

1

Алматы облысының әкімдігінде Оңтүстік Кореяның Санджу қаласынан келген делегациямен кездесу өтті.

Басқосу барысында тараптар агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылап, жылыжай шаруашылығын жетілдіру және ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттық құрамын жаңарту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғ.Майлыбаев өңірдің аграрлық әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында белсенді жұмыс істеуде. Бүгінде өңірде бидай, арпа, күріш, қарабидай және сұлы сияқты астық дақылдарының 10-нан астам түрі өсіріледі. Сондай-ақ күнбағыс, соя және сафлор сияқты майлы дақылдарға, қант қызылшасы, картоп, көкөніс пен жеміс-жидек өндірісіне басымдық берілген.

Биылғы жылы егістік алқабы 400 мың гектардан асып, көкөніс пен жеміс-жидектің жалпы өнімі 35 мың тоннаға жетеді деп болжануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 пайызға артық көрсеткіш.

Өңірде жылыжай шаруашылығын дамыту да қарқын алып келеді. Қазіргі таңда жалпы аумағы 80 гектарды құрайтын 50-ге жуық жылыжай кешені жұмыс істейді. Оның ішінде ірі өнеркәсіптік нысандармен қатар, шағын фермерлік парниктер де бар. Өткен жылы жылыжайларда 20 мың тонна өнім өндірілсе, биыл бұл көрсеткішті 35 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Жергілікті шаруашылықтар өз өнімдерін Алматы облысы мен Алматы қаласының нарықтарына жеткізіп қана қоймай, шетелдік серіктестердің технологияларын пайдалану арқылы экспорттық әлеуетін де арттыруда.

Мемлекеттік қолдау шаралары да саланың дамуына зор ықпал етуде. Атап айтқанда, тыңайтқыштардың құнының 60 пайызына дейін, ал тұқым шаруашылығында 70 пайызына дейін субсидия беріледі. Сондай-ақ қызанақ пен қиярдың элиталық тұқымдары мен бірінші буынды будандарының құнының 20 пайызына дейін өтеледі. Жылыжай салу мен кеңейтуге кеткен шығынның 25 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. 2025 жылы бұл мақсаттарға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөліну жоспарланған.

Кездесу соңында тараптар тәжірибе алмасу, заманауи технологияларды енгізу және өнімділікті арттыру бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Корейлік серіктестер өздерінің күрделі климаттық жағдайларда тиімділігін дәлелдеген технологияларын ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Қорытынды сөзінде Ғ.Майлыбаев агроөнеркәсіп пен жылыжай шаруашылығын дамыту өңір экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық Алматы облысының халықаралық нарыққа шығуына және жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашуға жол ашады.

2024 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеден асты. Өңірде2 500-ден астам шаруа қожалығыжұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 20%-дан астамы экспортқа шығарылады. Негізгі экспорт бағыттары: Ресей, Қытай, Өзбекстан және БАӘ. Ынтымақтастық аясында экологиялық таза, пестицидсіз өнім өндіру және органикалық ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу мәселесі қарастырылды. Корей тарапы жергілікті фермерлерге арналған оқыту семинарлары мен тағылымдамалар ұйымдастыруға дайын екенін білдірді. Бұл бастама ауыл жастарын жаңа технологияларға бейімдеуге және жас аграрийлер қозғалысындамытуға серпін береді.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК

Алматы облысы