Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:41

Оңтүстік Кореяның экс-бірінші ханымы қымбат сыйлықтар үшін түрмеге қамалды

Ким Кон Хи
Фото: ашық дереккөз

Сәрсенбі күні сот Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы сот Ким Кон Хиді қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп танып, 1 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Сот шешіміне сәйкес, Ким Кон Хи Бірігу шіркеуі өкілінен іскерлік жеңілдіктер алу мақсатында 2022 жылдың шілдесінде Chanel брендіне тиесілі сөмке мен Graff маркалы қымбат алқа алған. Судьялар бұл сыйлықтарды пара ретінде бағалады.

Алайда сот тағы бір Chanel сөмкесін пара деп танудан бас тартты. Себебі, бұл сыйлыққа қатысты нақты іскерлік өтініш немесе талап болмағаны анықталған.

«Айыпталушы өз лауазымдық жағдайын жеке пайдасына пайдаланды. Ол Бірігу шіркеуінің өтініштерімен байланысты ұсынылған қымбат сәндік бұйымдардан бас тартпаған», – делінген сот үкімінде.

Сонымен қатар, Ким Кон Хи BMW автокөліктерінің Оңтүстік Кореядағы дилері – Deutsch Motors компаниясының бұрынғы басшысымен және оның жақын серіктесімен 2010-2012 жылдар аралығында акция бағасын қолдан өсіріп, заңсыз табыс табу мақсатында сөз байласқан деп айыпталды.

Оған қоса, 2022 жылғы президент сайлауы қарсаңында өзін ықпалды саясаткер ретінде таныстырған тұлғадан күйеуімен бірге тегін қоғамдық пікір сауалнамаларын алғаны үшін Саяси қорлар туралы заңды бұзды деген айып тағылды.

Бұдан бөлек, экс-бірінші ханым шаманмен астыртын келісіп, Бірігу шіркеуі өкілінен сыйлықтар алуға және іскерлік қызметтер сұрауға қатысы бар деген күдікке ілінген.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, тамыз айынан бері қамауда отырған Ким Кон Хи өзіне тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып отыр.

Арнайы прокурорлар тобы экс-президент Юн Сок Ёльдің жұбайына 15 жыл түрме жазасын сұраған. Ол 2024 жылы бұрынғы президенттің әскери жағдай енгізуге әрекеттенуіне байланысты қозғалған іс аясында сот алдында жауапқа тартылған.

Алайда Сеулдің Орталық аудандық соты Ким Кон Хиді акция бағасын манипуляциялау схемасына қатысы бар және Саяси қорлар туралы заңды бұзды деген айыптар бойынша ақтады.

Айыпталушының адвокаттары сот үкімін «салыстырмалы түрде қатаң» деп бағалап, апелляция беру мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Осылайша, Ким Кон Хи мен оның жұбайы Оңтүстік Корея тарихында қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге қамалған алғашқы бұрынғы президенттік жұп атануы мүмкін.

Еске салайық, 2026 жылғы 16 қаңтарда Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.