Оңтүстік Кореяның экс-президенті бес жылға сотталды
2026 жылғы 16 қаңтарда Оңтүстік Кореяда сот елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёльды бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырды.
Үкім 2024 жылғы желтоқсанда оның елде әскери жағдай енгізуге жасаған сәтсіз әрекетіне байланысты бірқатар айыптар негізінде шығарылды.
Сеулдің орталық аудандық соты Юн Сок Ёльді президенттік күзет қызметін пайдалана отырып, әскери жағдай жариялануына қатысты іс бойынша заңды түрде берілген қамауға алу ордерінің орындалуына кедергі келтірді деп таныды.
Телевизия арқылы тікелей көрсетілген сот отырысы барысында экс-президент сондай-ақ ресми құжаттарды қолдан жасауға және әскери жағдай енгізу үшін заңда көзделген міндетті рәсімдерді сақтамауға кінәлі деп танылды.
Бұл Юн Сок Ёльге қатысты әскери жағдай енгізуге әрекет жасауына байланысты қозғалған сегіз қылмыстық істің ішіндегі алғашқы сот үкімі. Төрағалық етуші судьяның айтуынша, айыпталушы президенттік өкілеттігін асыра пайдаланып, сот шешімдерінің орындалуына қасақана тосқауыл қойған.
«Айыпталушы президент ретіндегі ықпалын пайдаланып, қауіпсіздік қызметкерлері арқылы заңды ордерлердің орындалуына кедергі келтірді. Ол іс жүзінде мемлекетке адал қызмет ететін мемлекеттік қызметкерлерді жеке мүддесіне бағындыруға тырысты», – деді судья.
Үкім жарияланғаннан кейін сот ғимаратының алдында мәлімдеме жасаған адвокат Ю Чон Хва қорғау тарапы апелляциялық шағым түсіретінін хабарлады. Оның айтуынша, сот шешімі «саясиландырылған түрде» қабылданған.
Сонымен қатар Юн Сок Ёльге қатысты әскери жағдайды жеткілікті негізсіз енгізуге байланысты «бүлік ұйымдастыру» бабы бойынша бөлек іс қозғалуы мүмкін. Бұл айып тағылған жағдайда оған тіпті өлім жазасы қаупі төнуі ықтимал. Ал Юн Сок Ёль өз әрекеттерін президенттік өкілеттігі шеңберінде жасадым деп есептейді және оппозицияның үкімет жұмысына кедергі келтіріп отырғанына қоғам назарын аударғысы келгенін айтады.
Айыпталушы сотта тағылған кінәні мойындамады. Тергеу дерегіне сәйкес, өткен жылдың қаңтарында ол резиденциясында жасырынып, қауіпсіздік қызметіне тергеушілерді кіргізбеуді бұйырған. Сол себепті оған он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген.
Ақырында экс-президент екінші әрекет кезінде, үш мыңнан астам полиция қызметкерінің қатысуымен ұсталды. Бұл – Оңтүстік Корея тарихында қызметтегі президенттің қамауға алынуы бойынша алғаш рет тіркелген жағдай.
Парламент Юн Сок Ёльдің әскери жағдай туралы жарлығын бірнеше сағат ішінде жойып, кейін оған импичмент жариялап, биліктен уақытша шеттеткен. Ал 2025 жылғы сәуірде Конституциялық сот оны қызметінен түпкілікті босатты.
Reuters агенттігінің жазуынша, әскери жағдай бар-жоғы алты сағатқа жуық уақытқа ғана созылғанымен, бұл шешім елде дүрбелең туғызған. Өйткені Оңтүстік Корея – Азиядағы төртінші ірі экономика, АҚШ-тың басты қауіпсіздік одақтастарының бірі әрі ұзақ уақыт бойы әлемдегі ең тұрақты демократиялардың қатарында саналып келген мемлекет.