Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы алғашқы өндірістік жобасы

Алматы облысында үлкен компанияның зауыты қолданысқа берілді. Нақтырақ айтқанда, Қарасай ауданындағы Көкөзек ауылында KT&G Kazakhstan компаниясының жаңа зауыты ресми түрде ашылды.
Бұл аты жұртшылыққа жақсы таныс Оңтүстік Кореяның KT&G корпорациясының Қазақстандағы алғашқы өндірістік жобасы. Ең қызығы – аталған жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Компания басшылығы барлық қаржыны өз капиталы есебінен құйып, мемлекеттік қолдау шараларына жүгінбеген.
«Бұл зауыт пен ашылу салтанаты KT&G корпорациясы үшін үлкен маңызға ие. Біз Қазақстан нарығының әлеуетіне сенеміз, серіктестіктің жемісті болатынына толық сенімдіміз», – деді ашылу салтанатында KT&G Kazakhstan компаниясының бас директоры Пак Хён Ук. Осылайша, 70 миллиард теңгеге бағаланған өндіріс өңірдегі ең ірі өнеркәсіптік нысандардың қатарына қосылып отыр. Жоспар бойынша зауыт өз өнімдерін алдағы уақытта Еуразия мен ТМД елдеріне экспорттамақ. Өндіріс қуаты толық күшіне енген соң жоба бюджетке жыл сайын шамамен 25 миллиард теңге көлемінде салық түсіреді деп болжанған. Ал қазір мұнда 130 қызметкер еңбек етуде, өндіріс ауқымы ұлғайған сайын жұмыс орындарының саны да арта түседі. Әсерінен, жаңа зауыт аймақтың экономикалық дамуына үлкен үлес қосады.
Ал өндірістің өзіне тоқталар болсақ, зауыттың өндірістік процестері заманауи технологиялармен толық автоматтандырылған. Шикізат сатып алудан бастап дайын өнімді буып-түюге дейінгі барлық кезеңдерде сапа халықаралық стандарттарға сай қатаң бақылауда болады. Бұл өнімнің жоғары сапасына және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне кепілдік береді. Бүгінде KT&G корпорациясы жаңа зауыт арқылы Еуразия кеңістігіндегі позициясын одан әрі нығайтып, Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуда. Компания жергілікті өндірісті дамытып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға белсенді түрде атсалысуда.
Айта кетейік, KT&G корпорациясы Оңтүстік Кореяның жетекші көпсалалы холдингі, 1899 жылы негізі қаланған және бүгінгі таңда әлемнің 143 елінде жұмыс істейді. Оның штаб-пәтері Сеулде орналасқан. Компанияның негізгі қызмет салаларына темекі өндірісі, электронды сигареттер, денсаулыққа пайдалы тағамдар, фармацевтика және жылжымайтын мүлік жатады.
Алматы облысына бұдан бөлек, әлемдік қант индустриясының алпауыттарының бірі Al Khaleej Sugar компаниясы келуі ықтимал. Компания қазіргі таңда Қазақстанда өндіріс орнын ашу перспективасын белсенді түрде талқылап жатыр. Негізінен, Al Khaleej Sugar әлемдегі ең ірі жеке қант зауыты ретінде танымал. Компанияның үлесі тазартылған қант нарығының шамамен 3 пайызын қамтиды. Сонымен қатар шейх Аль Гурайрдың бизнес-империясы фарфор өндірісі, құрылыс материалдары, жылжымайтын мүлік пен көлік салаларындағы табысты жобалармен де танымал.
Ал оның Алматы облысында ашылуы еліміз үшін де, өңірдің өзі үшін де тиімді болмақ. Себебі Қазақстанда қант қызылшасын өсіру жағы мәселе тудырмағанымен, оны өңдеуге келгенде тосырқап қалып жатырмыз. Қазір қант өндірісін дамыту арқылы импортқа тәуелділіктен арылу және ауылшаруашылығындағы стратегиялық салалардың бірі ретінде қант қызылшасын өсіруді қолдау көзделген. Мысалы, өткен жылы қант қызылшасы 25,2 мың гектар жерге егілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бірақ Қазақстанда өңдейтін төрт қана зауыт бар. Оның өзінде өңдеу қуаты керемет емес, жылына 200-300 мың тоннадан аспайды.
Мәселен, Жамбыл облысындағы қант зауытының жабдықтары әбден ескіріп, қуаты төмендеген. Негізінен кәсіпорынның жалпы қуаты 450 мың тоннаға жоспарланған. Іс-жүзінде қуаты 300 мың тоннадан аспайды. Тараздағы қант зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдықтары жоқ екен. Бұл зауытта тек қант құрағы өңделеді. Қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұрған Ақсу қант зауытының Жетісу облысынан жиналатын 500-600 мың тонна өнімді игеруге мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Сондықтан еліміздің экономикалық тұрғыда тиімді болатын өңірлеріне жаңа зауыт салу қажеттілігі бар. Алматы облысы осы перспективаны қарастырып отыр. Облыстық әкімдік компания өкілдерімен ресми кездесу ұйымдастырып та үлгерген. Өңірдің баспасөз қызметі мәлімдегендей, тараптар зауытты орналастыру үшін Қонаев қаласына жақын аумақты қарастыруда. Алайда қала географиялық орналасуы мен логистикалық мүмкіндіктері бойынша тиімді саналғанымен, су тапшылығы мәселесі бар. Өйткені жоба аясында қант қызылшасына арналған егістік алқаптар ұйымдастырылып, оларды тұрақты сумен қамту қажеттігі туындайды. Бұл бағытта баламалы су көздерін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта әлемдік деңгейдегі гидрология мамандарын тарту жоспарланған.
Инвесторлар жобаны толықтай автономды ету мақсатында жел электр станцияларын салу мүмкіндігін де қарастыруда. Бұл қадам зауыттың энергияға тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, экологиялық әсерді барынша азайтуға бағытталған.
«Біздің негізгі мақсатымыз – қоршаған ортаға минималды ықпал ете отырып, ұзақмерзімді әрі тұрақты өндірісті қамтамасыз ететін дербес кәсіпорын құру. Осы мақсатта қайта жаңартылатын энергия көздерін белсенді пайдаланамыз», – дейді шейх Аль Гурайр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірдің гидрологиялық ресурстарын жан-жақты зерттеу үшін кәсіби консультанттар мен мамандандырылған ұйымдарды тарту туралы келісімге келді. Бұл қадам суару мәселесін тиімді шешіп, инвестициялық жобаны табысты іске асыруға негіз болмақ.
Жалпы, Алматы облысы ауыл шаруашылығы саласында зор мүмкіндіктерге ие. Бұл потенциалды толық пайдалану үшін озық технологиялар мен сенімді халықаралық серіктестер қажет екені сөзсіз. Аталған жаңа келіссөздер соның бір көрінісі.
Б.Мейірбек
Алматы облысы