Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:48

ОПЕК+ аспаннан киіз жаудырса да...

ОПЕК+
Фото: gov.kz

ОПЕК+ ұйымы қыркүйек айынан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 547 мың баррельге көбейту туралы шешім қабылдады.

 Бұл осыған дейін өндірісі шектеліп келген қазақ мұнайына қалай әсер етеді? Өнім көбейсе табыс та артады деп қуануымыз керек еді ғой. Бірақ бәрі керісінше болып отыр. Неге? Түсіндіріп көрейік.

Мұнай өндіру көлемі тәулігіне 547 мың баррельге артатын болса, қыркүйекте Сауд Арабиясы тәулігіне жалпы көлемі 9,978 млн баррель, Ресей 9,449 млн, Ирак 4,220 млн, Қазақстан тәулігіне 1,550 млн баррель мұнай өндіруі тиіс. Мұнай өндірудің көлемін арттыру экспорттың көлемін ұлғайтады, бюджетке түсетін түсімдерді көбейтеді. Десек те, көлемнің тым артып кетуі әлемдік нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына да себеп болады. Әрине, мұндай жағдай экономикаға кері ықпал етеді.

2025 жылғы бюджетті жоспарлағанда Қазақстан үкіметі мұнай бағасын барреліне 75 доллардан есептеген. Еске салсақ, маусым айында Израильдің Иранға әуеден жасаған соққысынан кейін мұнай бағасы күрт шарықтап, 79 доллардан асып кетті. Сол тұста біз «қымбат мұнайдан пайда көретін болдық» деп ала қанымызды ысқылағанбыз. Бірақ көп өтпей-ақ әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандап, қара алтынның құны 69 доллар болып қалды. ОПЕК+-тің қыркүйектен бастап мұнай өндіру көлемін арттыру жөніндегі бұл жолғы шешімінен кейін де мұнай бағасы 65 долларға дейін төмендеді. Демек өндіріс артқан сайын мұнайдың бағасы да арзандай беретіні түсінікті болып отыр.

Бізге неге ұлтарақ тимейді?

Мұнай-газ саласының сарапшылары да мұнайды көп өндіруден Қазақстан ешқандай пайда таппайтынын айтады. Сарапшы Олжас Байділдиновтің пікіріне сүйенсек, алдағы уақытта мұнай бағасына қысым күшейе береді. Оның ойынша ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіруді арттыру туралы бұл жолғы шешімі ұйымның өзектілігін жойып бара жатқанын көрсетеді. Мұнай өндіруді шектемеуден Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері ғана пайда көреді. «Өйткені бұл елдер нарыққа тәулігіне 5 млн баррельден асырып мұнай шығара алады. Бұл Қазақстаннан 2,5 есе көп».

«Бұл ұйым ерте ме, кеш пе ыдырайды. ОПЕК-тің өзі тарихи түрде қалыптасқан ұйым. Ал оның ішіндегі ОПЕК+ жағдайға байланысты құрылған. ОПЕК+ кезінде мұнай бағасын тұрақтандыру үшін қажет болды. Қазір бұл ұйымға кіретін елдердің өзі ашық ақпарат ұсынбайды. Мәселен, Ресейде мұнай өндіру бойынша ашық дерек жоқ. Қай көлемде, қайда кетіп жатқанын болжау қиын. Қазақстандағы мұнайдың 70 пайызы шетелдік компаниялармен жасалған өнімді бөлу туралы келісімдер арқылы өндіріледі. Ол келісімдерге үкімет те, энергетика министрлігі де ықпал ете алмайды».

Расымен де, осы уақытқа дейін Қазақстан мұнай өндіруді шектеу туралы ОПЕК+ квоталарын дұрыс ұстанған жоқ. Мәселен, биыл ақпан айында Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,77 млн баррельді құрады. Бұл ұйым бекітілген 1,468 млн баррельдік квотадан 302 мың баррельге артық болды. Қазақстан 2024 жылы да артық мұнай өндіріп қойып, ОПЕК+ алдында өтем жасауға міндеттелген. Биыл да өндірістің қайтадан артуы ұйымға ұнамады. Тіпті ұйым мүшелері бас қосып, Қазақстанның әрекетін талқылаған кеңестер де өтті.

Биыл жыл басында ОПЕК+-тің көңілінен шығу үшін бұрынғы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев біраз «тер» төкті. Ол Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеретін халықаралық мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді, АҚШ-қа ұшып барып, Total, ExxonMobil, Shell, Chevron секілді алпауыт компаниялардың басшыларымен мұнай өндіруді шектеуге қатысты келісімге келуге тырысты. Ақырында ол компанияларға сөзін өткізе алмады. Артынша энергетика министрлігіне жаңа министр келді. Қазіргі министр Ерлан Ақкенженов те келе салысымен өндірісті қысқарта алмайтынын айтып, басы біраз дауға қалды.

Тағы бір сарапшы Абзал Нарымбетов те Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарына үкімет қатты талап қоя алмайды деп есептейді. Бұл компанияларда АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Ресей сияқты шетелдік компаниялардың үлесі бар. Себебі инвесторлармен әу баста жасалған келісімдер негізінде олардың мұнайды көп шығаруға құқы бар.

Қосақ арасында кетпеу үшін

Ал енді ОПЕК+ өнім өндіруді арттыруға өзі рұқсат берді. Мұндай жағдайда Қазақстанға не істеу керек?! Қазақстанныңәлемдік мұнай өндірісіндегі үлесі бар болғаны 2 пайыз ғана екенін ескерсек, Қазақстанда өндірілетін мұнай көлемін өсіру әлемдік нарықтағы бағаға айтарлықтай әсер ете қоймайды. Бірақ өзге елдердің өнім өндіру көлемі артатынын ескерсек, мұнай саудасында үлкен өзгерістер болатыны даусыз. Өнім көбейген сайын баға түседі. Мұндайда экономикасы мұнайға тәуелді елдердің ахуалы қиындай бастайды. Сондай кезеңдерде ол елдерге баламалы әдістер көмекке келуі керек. Біз соған дайынбыз ба?

Олжас Байділдинов Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері мұнай экспортын әртараптандыру бойынша саусағын қимылдатқан жоқ дейді, енді соның зардабын тартады. Мәселен, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Ресей мұнайына тыйым салынған жағдайда, Қазақстан мұнайы қосақ арасында кетеді. Себебі логистика мәселесі шешілмеген. Мұнайымыздың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумына (КҚК) байланған, Ресей аумағы арқылы өтеді. Бұл құбыр арқылы Қара теңізге мұнай жеткізу барреліне 5–6 доллар болса, баламалы бағыт болады деп сеніп отырған Баку-Тбилиси-Джейхан жолы үш есе қымбатқа түседі.

«Елде өндірілетін мұнайдың екіден үш бөлігі осы консорциумға тиесілі. Бұл мұнайдың қайда тасымалданатынын шетелдік компаниялар шешеді. Олар Теңіз жобасы бойынша келісімдер негізінде жұмыс істейтіндіктен мұнайды Айға жіберем десе ешкім оларға тыйым сала алмайды», – дейді сарапшы.

Осыған байланысты мемлекет тез арада баламалы логистиканы күшейту керек. Ол үшін қазір айтылып жүрген Транскаспий бағытын тез арада іске асыру керек және Қытай бағытындағы Атасу-Алашанькоуды кеңейту керек. Сондай-ақ ішкі резерв, қойма қуатын көтеру мәселесін қолға алу да кезек күттірмейді.

Алыстан арбалағанша...

Ал экономика ғылымының докторы, профессор Жаңабай Алдабергеновтің пайымдауынша, мұнай өндіру мен оны экспорттаудың баламалы әдісін жетілдіруден бөлек отандық мұнай өнімдерін шығару да өте маңызды. Бұл ретте үкімет сеніп отырған «ҚазМұнайГаз» өз міндетін орындай алмай отыр. Мәселен, 2025 жылдан бастап Қазақстан қыстық дизель отынын өзі шығарып, импорттан түбегейлі бас тартуы керек болған. Бұл ауқымды жобаға бюджеттен қомақты қаржы да бөлінді.

«Біз мұнай шикізатынан бөлек мұнай өнімдерін шығаруды арттыруымыз керек. Баламалы әдісті жетілдіру дегеніміз – осы. Өзіміз мұнай өндіре тұра, жанар-жағармай, дизель отынын шеттен тасимыз. Әсіресе Ресейден келетін жанармайды, дизельді тосып отыруға мәжбүрміз. Білесіз, бізде жыл сайын мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы жөндеуге жабылады. 2022 жылы Қостанайда дизель бағасы 610 теңгеге бір-ақ шарықтады. Содан кейін «ҚазМұнайГаз» Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) жылына 160 мың тонна қысқы дизель отынын өндіретін жобаны іске асыруы керек болған. Жобаның құны 60 млн еуроға бағаланды. Биыл осы зауыт толық іске қосылып, жыл басынан бері қысқы дизельді өзімізде шығаруымыз керек еді. Қазір «ҚазМұнайГаз» жобаны іске қосуды 2026 жылға шегерді. Жобаның не себептен кешіккенін, неге уақытында қосылмай жатқанын ешкім түсіндірмейді. Ал енді қазіргідей мұнай бағасы арзандап, ОПЕК+ шешімі қайта-қайта өзгеріп жатқан тұста шикі мұнайдан алынатын қосымша өнімдерді де сыртқа саудалап отырсақ, қалтамыз тесіліп, бюджетіміз ортаймас еді. Мұндай ауқымды жобалардың уақытында орындалуын қатаң қадағалай алмай отырған үкімет ертең мұнай бағасы құлдыраса қандай жағдайға тап болатынын болжау қиын емес», – дейді экономист.

Маман тағы бір өнім туралы айтады – этан. Қазақстанда этан мөлшері көп. Этан өндіру арқылы да саудамызды арттыруға болады. Биыл жыл басынан бастап Сауд Арабиясы этан бағасын 3 долларға көтерген. АҚШ-та этанның бағасы 6 долларға дейін артқан. Ал Атырау облысында алып полиэтилен зауытын салуға байланысты этанның бағасын 0,5 доллардан асырмау туралы айтылып жүр. Бұл полиэтилен өндірісінде де Қазақстанның үлесі 40 пайыз, қалған 60 пайызы шетелдік инвесторлардікі. Яғни бұл арада Қазақстан екі рет ұтылып отыр: біріншіден, полиэтилен жобасы үшін этанды қымбаттата алмаймыз, екіншіден, одан алған өнімнің де қызығын шетелдіктер көреді. Деректерге жүгінсек, осы жобаға жауапты «ҚазМұнайГаз» этан өндіруде 130 жылдан кейін ғана пайда табады екен. Ол аралықта кім бар, кім жоқ?!

Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» да осылай ойлайтын болу керек. Бұл жолы тіпті алысқа сілтепті. Мұның астарында не жатыр? Қазір мұнай өндірісіне қатысты қандай жобалар атқарылып жатыр, қайсысы тоқтап тұр, оларға қанша қаражат бөлінді? Мұнай бағасы төмендеген жағдайда қандай балама көздер бар? Халыққа ешқашан ашық есеп бермейтін энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» компаниясына Е-Өтініш платформасы арқылы бірнеше сауал жолдадық.

Негізінде Бектенов үкіметі әзірлеген 2025–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында үш сценарий қарастырылған: оптимистік, базалық және пессимистік. Жоспардың барлығы мұнайдың экспорттық бағасына негізделген. Экономиканың оптимистік сценариймен дамуы үшін мұнай бағасы кемінде 90 АҚШ доллары болуы тиіс. Ал пессимистік жоспар мұнай бағасының 60 долларға дейін төмендеуі қарастырылады. Қазірдің өзінде мұнай бағасы пессимистік сценарийге жақын. Бұл шектен ары өтіп кетсе не болады? Ол жағын үкімет қарастырмапты. Сірә, Ұлттық қорға сенген болар. Ал Ұлттық қорда қазір қалғаны – 61 млрд АҚШ доллары. Қит етсе дорбасын арқалап, Ұлттық қордың есігін қағып тұратын үкімет мұнай бағасы құлдыраса, ең алдымен, бюджетті толтыра алмай бір қиналады, одан кейін девальвацияға төтеп бере алмай екі қиналады, оның артынша инвестиция тарту да қиындай бермек. Пессимистік болжам деген сол.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: