Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:14, 30 Қазан 2023

«Опырылып түскен шахта емес – 45 қара шаңырақ» – кеншілерге арналған аза жыры

шахта
Фото: из открытых источников

Қазақстандағы кеншілер астанасы – Қарағанды қаласы қара жамылып отыр. Костенко шахтасында болған жарылыс пен өрттен қаза тапқан кеншілердің рухына ақындардың арнау өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

     Аза жыры

Аза тұтамын аңырап,

Қара жамылам қаңырап.

Опырылып түскен шахта емес –

45 қара шаңырақ.

Аза тұтамын азапта,

Түскен жоқ жаным аз отқа.

Пайдалы қазба дегендер,

Пайдасыз боп тұр қазаққа...

Әшкере болды көп кемім,

Жүрегім –жалын, от – демім.

Қара жамылған көк Туға,

Қарауға дәтім жоқ менің!

Тайғақпен жүрдім, жол тұрып,

Оғландарымды өлтіріп...

Қазылған көмір орынын,

Қазамен жаптым толтырып!

Аза тұтамын, Хақ көрсе,

Кегімді кеткен ап берсе.

Мақтаудан оңай нәрсе жоқ,

Жоқтаудан қиын жоқ нәрсе.

Сорамды у ғып жұтамын,

Қаусадым,

Шөктім,

Жұтадым.

Мен енді өлең жазбаймын,

Мен енді аза тұтамын...

              Мирас Асан

               29.10.2023

 

                ***

Қара жердің астында,

Құрбандар көмір қазып жатады,

Жер бетіндегі былшылмен жоқ мүлде шатағы.

Үн-түнсіз, тоқтаусыз бұрғылап,

Үн-түнсіз тұнжырып,

Кеткендей тағдырдың татауы.

Құрбандар, жер қазып жатады, бұрғылап,

Мәңгіге сөнбейтін бейнедей бұл бірақ.

Жер астында біреулер үн-түнсіз жүреді,

Жердің тамырына қатқан қанды ұрғылап.

Жер астына Күн алып шығуға кіргендер…

Құрбандар сүйегімен шегендеп, бекітеді іргеңді ел.

Көмірдің қып-қызыл отына қызыға қарайтын адамдар,

Бұл алау – ҚҰРБАНДАРДЫҢ ҚАНЫ екенін ұмытып кетіп жүрмеңдер.

Құрбандар жер қазып, жатады…

                 Жанат Жаңқашұлы

 

       КЕНШІНІҢ БАЛАСЫ

(Қаза болған кеншілер рухына арналады)

-Әкем қайда, анашым?

-Жұмысында

Нәзік діріл байқалды тынысында.

Жұлқып-жұлқып жүрегін анасының,

Бір ақиқат кетті еріп тіл ұшында.

Содан кейін анасы тіл қатпады,

қанша уақыт көз жасын құрғатқалы.

Кезіп кетті үй ішін кешегідей,

Үнсіздіктің қалыпты ырғақтары.

-Сенің елің, жарығым – кеннің елі,

Сенің әкең сонда, - деп сендіреді.

Көндігеді бала да, қос жанары

Есік жаққа бәрібір телміреді.

Күнде үйінің қарайды бөлмелерін,

Бөлмелері айтады келмегенін.

Неткен ұзақ сапар бұл... Шыныменен

тым тереңде шығар-ау «кен» дегенің.

Әке, бәлкім, жол іздеп адастың ба?

Әлде, басқа мекенге жол аштың ба?

Әкем қайда, анашым, шыныңды айтшы,

Әкең сенің жұмыста, жер астында.

Ертең, балам, ертең дер анасы тек,

Ертеңге үміт артпауға шарасы жоқ.

Аймалайды шашынан ағайын-жұрт,

«Айналайын, кеншінің баласы» деп.

Сезді сонда жүрегі алғаш мұңды,

Күндер бірақ жылжуын жалғастырды.

Шыңнан әрі ұшуды бала арманы,

Шыңырауға түсуге алмастырды.

Жасыра алмай сыныпта сағынышын,

Бір аңсардың жалыны қарып ішін:

-Кенші болам, - деп жазды дәптеріне.

Әкесінің қасына бару үшін...

Табу үшін...

  

              Дәулет Жадырасын