Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:42, 14 Ақпан 2025

«Оптимистік трагедия»: жоғалған құндылықтар және соғысқа наразылық

1

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарындағы өзгеше спектакльдерінің бірі – Всеволод Вишневский пьесасының негізінде қойылған «Оптимистік трагедия».

 Олай айтуымыздың себебі, бұл шығарма көпті қызықтыра бермейді. Әрі сахналық мазмұны мен халыққа ұсынылуы да дәстүрлі формадан тыс постдрамалық бағытқа ие.

Бұл қойылым Азамат соғысы кезіндегі қызыл әскердің бір бөлімшесінде орын алған оқиғалар арқылы күрделі идеологиялық және психологиялық қақтығыстарды баяндайды. Шығарманың негізгі сюжеті – әскери бөлімге келген әйел комиссар мен анархиялық көзқарастағы матростардың қарым-қатынасына құрылған. Бастапқыда комиссарды қабылдамай күдікпен қараса да, оның батылдығы мен беріктігі біртіндеп теңізшілердің сенімін жаулап алады. Режиссер Сергей Левицкий бұл спектакльді тек тарихи оқиға ретінде емес, соғыстың адамзатқа тигізер зардабын айқын көрсететін наразылық, үндеу ретінде ұсынған. Режиссердің негізгі айтпақ ойы – адамгершіліктің жоғалуы және соғыстың адам өмірінің құндылығын жоятындығы. Қойылымда «театр ішіндегі театр» техникасы қолданылған, бұл актерлерге кейіпкерлерді сомдамай, оқиғаны көрермендер алдында дәл осы сәтте ғана болып жатқандай көрсетуге мүмкіндік береді. Мұндай спектакльдің әлеуметтік өткірлігі оны қазіргі заманғы мәселелерді айқын әрі барынша ашып көрсететін туындыға айналдырады. С.Левицкий алғаш рет сахналауға кіріскенде оның маңыздылығы театр ұжымының тарапынан жоғары бағаланып, премьера алғашында белгісіз себептермен кейінге шегерілгенімен, 2023 жылдың маусым айында көрерменге жол тартты.

Негізінен қандай спектакль болмасын оның сценографиясы сол шығарманың мазмұны мен драматургиялық желісін тереңірек ашуға көмектеседі. С.Левицкий «Оптимистік трагедияда» сахна кеңістігін минималистік үлгіде жасап, тиімді шешімдер қолданған. Ол режиссер әрі суретші ретінде драмалық тартысты тереңдету үшін дәстүрлі тарихи реализмнен алшақтап, символикалық элементтерді қолданған. Сахнада үстел, орындық тәрізді жылжымалы әрі көпфункционалды заттар пайдаланылады. Бұл шешім шығармадағы төңкерістің тұрақсыздығын білдіреді. Қою қызыл, қара және сұр түстер спектакльдің атмосферасын күшейтіп, қайшылықтарды айқын көрсетеді. Жарық қоюдағы өткір реңктер мен оның сценографиямен үйлесімі кейіпкерлердің психологиялық күйлерін жеткізуде маңызды рөл атқарып тұр. Соғыс сахналары мен тұтқындарды өлтіру кезінде арьерсценада тұрған екі есікті қабырға арқылы кеңістікте көпқабатты құрылым көрініс табады. Сонымен қатар оқтың атылуы мен кейіпкерлердің қаза болуындағы қанның шашырауы кішкене қара шарлармен, отшашуға арналған қызыл түсті ұсақ қағаздармен беріледі. Осындай шешімдер қойылымдағы оқиғалар желісі мен ой астарын тереңдетуге ықпал еткен.

Сахналық өнердегі драманың идеясын көрерменге жеткізетін актерлік шеберлік десек, бұл спектакльдегі негізгі рөлдерде Жомарт Зейнәбіл, Мақсат Сәбитов, Шағуан Үмбетқалиев секілді тәжірибелі артистермен қатар Айнұржан Орынбасарова, Нариман Елубай сынды жас орындаушылар бой көрсетеді. А.Орынбасарова әйел комиссардың ішкі қайсарлығы мен мейірімін қатар көрсете алды. Оның сахнадағы әрбір қимылы, көзқарасы, дауыс ырғағы кейіпкерінің әскер есебіндегі сенімділігі мен әйел ретіндегі осал тұстарын айқын жеткізіп отырды. Теңізшілердің жетекшісі – Алексейдің рөлін сомдаған Ш.Үмбетқалиев өз кейіпкерінің екіұдай сезімін жақсы бейнеледі. Бір жағынан – төңкерістік идеяларға сенетін адам болса, екінші жағынан – ол анархиялық тәртіпке бой ұсынған. Актердің ойыны шынайылық пен ішкі тартысқа толы болды. Әсіресе комиссармен қақтығысатын сахналарында Ш.Үмбетқалиевтің әрбір репликасы сенімді шығып, көрерменді де сол күреске араластырып жібергендей әсер қалдырды. Екінші пландағы кейіпкерлер, яғни теңізшілер (Нұржан Әбубәкір, Нұржан Асылхан, Ерден Жақсыбеков, Ернат Күншібаев, Нұрсерік Кеңесбаев) қойылымның динамикасын қалыптастыруға зор мүмкіндік жасаған. Олар тек екінші дәрежелі рөл атқармай, драмадағы қақтығыстарды түрлі қырынан ашып көрсеткендей болды. Мәселен, Е.Күншібаевтың сахнадағы іс-әрекеттері көп көрерменнің көңілінен шығып, кері байланыс тудыруға ықпал етті.

Сонымен, жоғарыда атап өткен ойымызды қорытып көрейік. «Оптимистік трагедия» спектакліне көрермен аз келуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден – сахналық көріністің тақырыбы ауыр, күрделі. Бұл – соғыс, төңкеріс тақырыптарын, қоғамдағы мейірімсіздік пен надандықты, зорлық пен зомбылықты, биліктің әділетсіздігін қозғайды. Мұндай эмоционалды тұрғыдан ауыр тақырыптар көпшілік көрерменді қызықтырмауы мүмкін. Қазіргі таңда адамдар театрдан көбінесе жеңіл, көңіл көтеретін қойылымдар күтеді, ал бұл туынды – күрделі философиялық драма. Екіншіден – аталмыш шығарманың идеясы мен құрылымы кеңестік кезеңге тән. Бұл пьесаның кеңес заманында идеологиялық маңызы жоғары болған. Дәл қазіргі уақытта қазақстандық көрерменнің көбісі, әсіресе жастар кеңестік насихатқа құрылған шығармаларға аса қызыға қоймайды немесе бұл тақырыпты ескірген деп қабылдайды. Үшіншіден – шығарманы постдрамалық бағытта сахналағандықтан С.Левицкийдің айтар ойы көрерменге түсініксіз болып қалды.

Қорыта айтқанда, «Оптимистік трагедия» сапалы қойылым болғанына қарамастан, оның ауыр тақырыбы мен күрделі режиссерлік шешімдері көпшілік көрерменді тартуға кедергі келтіріп отыр. Дегенмен бүгінгі күні бұл спектакльдің маңыздылығы оның әлеуметтік және тарихи контекстінде ғана емес, адам табиғатын терең түсінуінде жатыр. Өйткені билік пен сенім, жанкештілік пен сатқындық мәселелері кез келген уақыт үшін өзекті болып қала береді.

Ақерке САДУ

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық

өнер академиясының 4-курс студенті