Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:31, 05 Сәуір 2023

«Оқуға кеткен» Аюпов абақтыда отыр

None
None

Былтыр «оқуға кетуіне байланысты» қызметінен босатылған Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов алты айдан бері Астанадағы тергеу абақтысында қамауда отырған болып шықты.

Ресми орындар таратқан ақпаратқа Түркістан жұрты не сенерін, не сенбесін білмей отыр.

Кентаудың бұрынғы әкімі елордадағы абақтыға былтыр 17 қазанда қамалған. Р.Аюпов 2022 жылдың 17 қазанынан бері Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне қарасты қауіпсіздігі аралас №64 тергеу абақтысында отыр. Қазіргі уақытта Р.Аюповқа қатысты тергеу амалдары Қылмыстық кодекстің (ескі редакциясы бойынша) 312-бабының 5-бөлімімен және 28-бабының 4-бөлімімен жүріп жатыр, – делінген Комитетінің баспасөз қызметінің Tengrinews.kz порталына берген мәліметінде. Аталған баптарды тәпсірлесек, Аюпов біреуді аса ірі мөлшерде пара беруге айдап салған. Айып дәлелденсе, бұл баптар бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Рашид Аюповтың жолын ашқан, шырағын жаққан Ғабидолла Әбдірахымов десек, қателеспейтін шығармыз. Екеуі де «Болашақтың» түлегі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде ұзақ жылдар бірге қызмет еткен. Әбдірахымов 2015 жылдың тамызында Шымкент қаласына әкім болып келген соң, Аюпов оның аппаратына жетекшілік жасады. 2017 жылдың күзінде Әбдірахымовтың Шымкенттегі таң-тамаша, қиял-ғажайыптардан тұратын ертегі дәуірі аяқталып, «Нұр Отан» партиясының хатшысы лауазымына ауысты. Рашид Аюповқа да билік партиясының орталық аппаратынан жауапты қызмет табыла салды. 2018 жылдың жазында Әбдірахымовтың үшінші мегаполистегі өкінішке қарай, абыройсыздау аяқталған екінші әкімдік дәуірі басталды. Қайталағанды ұната бермейтін, жаңашыл шенеунік Рашид Аюпов бұл жолы «SHYMKENT» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында басқарма төрағасының креслосын иеленді. Осы жылдары корпорация Шымкентте алғашқы муниципалды автобус паркін ашты. 2019 жылдың жазында Аюпов Түркістан қаласына әкім болып кеткеннен кейін автобус паркінен көп шу шықты.

Аюпов Түркістанға әкім болған жылдары қаладағы жалғыз Мәдениет үйін, бұдан кейін Түркістан қалалық әкімдігінің ғимаратын сатып жіберген шенеунік ретінде есте қалыпты. Абырой болғанда прокурорлар кейін нарықтық құнынан әлдеқайда төмен бағаланған әкімдіктің ғимаратын мемлекетке қайтарды. Бірақ осындай шатақ істерге қарамастан, сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Рашид Аюповты 2021 жылы облыс әкімінің орынбасары лауазымына жоғарылатты. Ал былтыр ақпанда ол парамен ұсталып кеткен Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың орнын басқан болатын.

Енді қылмыстық іске қатысты мән-жайға тоқталсақ. Былтыр маусымда белгілі журналист Владимир Козачков телеграм каналында Кәрім Мәсімов пен Ғабидолла Әбдірахымовқа қатысты қылмыстық істің тіркелгенін хабарлаған болатын. Журналистің жазуынша, полицияға Мәсімов пен Әбдірахымовтың үстінен белгілі бизнесмен, «Forbes Қазақстан» басылымының тұжырымы бойынша елдегі ең дәулетті деген 50 бизнесменнің тізіміне кіретін Сайдулла Қожабаев арызданған. Қылмыстық әрекеттер осыдан он жыл бұрын, яғни 2013 жылы болған. Бизнесменді әлдебіреулер қорқытып, 20 миллион доллар талап еткенге ұқсайды. Осы кездері Қожабаевқа премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істейтін Рашид Аюпов келіп, оның иелігіндегі Кентау трансформатор зауытына аудит жүргізуді, басшылықты ауыстыруды және өзін зауытқа директор етіп тағайындауды ұсынған көрінеді. Аюпов Қожабаевты сол кезде президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымовпен таныстырған. Ал Мәсімовтің бұл кезде президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарғаны белгілі. Әбдірахымов бизнесменді қамқорлығына алып, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаулар көрсетуге ықпал ететінін білдіріпті. Тағы бірде Аюпов Әбдірахымовпен Мәсімовтің атынан келіп, бандиттермен арадағы проблемаларды шешетінін, оның есесіне 10 миллион доллар нақтылай ақша және Кентау трансформатор зауытының 50 пайыз акциясын беру қажеттігін айтқан. Қожабаев қарамағындағы қызметкерлермен ақылдаса келе оларға 3,5 миллион доллар берген көрінеді. Қысқаша мән-жай осындай. Бизнесмен 9 жыл бойы үнсіз келіп, құзырлы органдарға былтыр арызданған.

Ел іші осы ақпараттан кейін у-шу болып жатқан кезде «Жас Алаштың» тілшісі Рашид Аюповтың өзімен байланысып, мәселенің мән-жайын сұраған болатын. Әкім бұл іс бойынша күдікті де, куәгер де еместігін, өзіне ешкімнің хабарласпағанын, ал Сайдулла Қожабаевты Кентаудан шыққан бизнесмен ретінде ғана танитынын алға тартқан еді. Алайда тамызда ол «оқуға кетуіне» байланысты қызметінен босатылды. Осыдан кейін із-түссіз кеткен Аюповтың қазанда түрмеге тоғытылғаны енді белгілі болып отыр.

Жоғарыдағы қылмыстық істің басты кейіпкерлерінің бірі Кәрім Мәсімов те қазір қамауда. Ал Ғабидолла Әбдірахымов түк болмағандай тірлігін істеп жүргенге ұқсайды. Жуырда Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы «Уақыт көрсетеді» бағдарламасында Шымкенттің әкімі болып тұрған кезде Әбдірахымовтың өзіне 90 мың доллар бергенін, онымен бір рет төсектес болғанын айтқан болатын. Осы шулы мәлімдемеден кейін «джентельмен әкім» фейсбуктегі парақшасында «Шындық шырылдап барғанша, өтірік біраз жерді өртейді» деген жазба қалдырды. Әбдірахымовтың да, Аюповтың да, Мәсімовтің де өз шындығы бар. Ал құзырлы органдардың қандай шындықты айтатынын уақыттың еншісіне қалдырдық.

P.S. Айтпақшы, 2017 жылдың соңында «оқуға кетуіне байланысты» деген негізбен сол кездегі Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды қызметінен босатылған болатын. Алайда «оқуда жүрген» Сатыбалды 2018 жылдың күзінде Әбдірахымов әкімдік етіп отырған Шымкенттен сенат депутаты болып сайланып кетті. Бірақ жарты жылға жетпей ол сенаттан Өзбекстандағы елшілікке ауысты. Былтыр тамызда Түркістан облысының әкімі болып оралды.

Әйтеуір бір-бірімен жымдасып, байланысып жатқан өмір ғой.

Сатыбалды мен Әбдірахымов бір кездері премьер-министрдің кеңсесінде бірге қызмет еткен. Осы жақындықтың әсері ме, әйтеуір соңғы кездері Сатыбалды Түркістанға Әбдірахымовтың командасында жұмыс істеген азаматтарды жинап жатыр. Бұған алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламыз.

Тегтер: