Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 05 Тамыз 2023

Оқушылар Сұлтанғазиев ұшырған шарға мініп оқымаса...

None
None

Алматы облысына Марат Сұлтанғазиев әкім болып келгенде, көпшілік күмәнмен қараған еді.

Облыс түгілі, аудан басқармаған адамның бірден мұндай жауапты қызметке тағайындалғаны, шынымен, ақылға томпақтау көрінген. Сол шикі шешім, күпті күмән енді-енді «жемісін» беруде. Қыр астында қыркүйек тұр. Ал Алматы облысының мектептері жаңа оқу маусымына дайын емес.

Мұндай ақпаратты орта білім беру комитеті таратыпты. Аталған комитет басқармасының басшысы Гүлнар Таласбаеваның айтуынша, Алматы облысының 11 мектебінде биыл алғашқы қоңырау соғылмайды. Басқарма басшысы: «11 білім беру объектісінде кешенді жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Шартқа сәйкес аяқталу мерзімі 6 айдан 11 айға дейін созылуы мүмкін, яғни оқу жылының басында мектептер балаларды қабылдауға дайын болмайды. Біз білім басқармасымен бірлесіп оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын белгіледік» – дейді. Уақытша дегені көңіл жұбататын көркем сөз ғана. Яғни 11 мектептің оқушылары жылдағыдай басқа мектептерге барып, қысылып-қымтырылып, екі немесе үш ауысыммен оқуға мәжбүр деген сөз.

Оқу маусымына дайын болмай қалған, жөндеуден өтіп жатқан білім ошақтарының дені 1970-1980 жылдардың басында салынған мектептер. Қазіргі уақытта бұл нысандарда демонтаж және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Салынғанына 40-50 жыл болған нысандар жөндеу жұмыстарын көтере ме? Бұл да үлкен сұрақ. «Ескі үйді жамағанның есі кетеді» деуші еді. Ескі мектептерді жамап-жасқағанда, сол оқушылардың білім алуына жараса, кәні?! Бірер жылдан кейін шатыры ұшып, едені сынып, қабырғасы қақырап жатпасына кім кепіл?! Бұл енді бөлек әңгіме.

Сонымен, Алматы облысындағы жаңа оқу жылына дайындығы кемшін мектептердің тізімі жарияланды. Олар: Қонаев қаласындағы №4, Іле ауданындағы Екпінді ауылының №2, Есік қаласындағы Білім-инновация лицейі мен Абылай хан атындағы №4 мектептер. Шелек ауылындағы Абай, Қаскелең қаласындағы Сәтбаев, Талғар ауданындағы Нұрпейісов атындағы және №10, № 12 орта мектептер. Осы білім шаңырақтарының оқушылары басқа білім нысандарына барып оқиды.

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, мектептің жетіспеушілігі жылда қайталанатын, айта-айта жауыр болған тақырып. Бір қызығы, осы проблема жыл сайын қайталанса да, шешімін табар емес. Ал Сұлтанғазиев бұл шаруаға қырсыз басшы екенін қызметке тағайындалған күні-ақ көрсетіп алған. Жиналыс ашудан, кадр сапырылыстырудан, орынбасарларын ауыстырудан қолы босамайтын әкім мектептердің проблемасын қайтсін? Өзінің балалары ондай білім ошақтарында оқымаған соң, бұл тақырып Сұлтанғазиевтің жанына қатты батпайды, сірә!

Егер Сұлтанғазиев мектеп проблемасын түсінетін әкім болса, алыстағы емес, Алматының іргесіндегі Талғар ауданының Бесағаш, Тұздыбастау ауылдарындағы бірнеше жылдан бері екі немесе үш ауысыммен оқитын оқушылардың жанайқайын тыңдар еді. Тұздыбастаудағы 900 оқушыға арналған мектепте 2300 бала қысылып-қымтырылып, дәлізде білім алып отыр. Ауылдағы №13 орта мектептің жайын Сұлтанғазиев келіп көрсе, аяғы жетпейтін жер емес. Тағы да осы ауылдағы №31 мектептің жағдайы да мүшкіл. Мұнда да 2 100 оқушы білім алады. Мың балаға шақталған шаңырақ үшін бұл ауыр жүктеме.

Біз атаған мектептер мен комитеттің тізіміндегі білім шаңырақтарының бәрі халық тығыз қоныстанған ауылдарда орналасқан. Оның үстіне, Алматы облысында үш ауысыммен оқитын 50 мектеп бар әлі. Былтыр да елу мектеп болған. Мұны сол кезде Алматы облысына жұмыс сапарымен келген бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тамыз конференциясында да айтқан. Сол жолғы сапарында Аймағамбетов үш ауысыммен оқитын білім шаңырақтарының түйінін шешу үшін өңірде соңғы үлгімен салынатын 60 мектептің құрылысы 2023 жылы басталатынын айтқан-ды. Бір жылда бір мектептің салынбауы «шаруақор» деп тағайындалған Сұлтанғазиев үшін ұяттан да ауыр сын.

Елу мектепті қайдам, жүзге жуық мектеп бұрынғы пошта, контор сияқты 1950-1970 жылдары салынған ескі ғимараттарда отыр. Бәрінің жағдайы сын көтермейді. Дамыған елдерді қайдам, Қазақстанның кейбір қалаларындағы соңғы үлгімен салынған мектептермен салыстырғанда, әлгі пошта мен контордағы білім ошақтарын «қой қора» дерсіз. Сонда Сұлтанғазиев сияқты әкімқаралар мен бай-бағлан, шенді-шекпендінің ұл-қызы жағдайы жақсы мектепте оқиды да, қарапайым халықтың баласы қашанғы дәлізде, үш ауысыммен, құлағалы тұрған ғимаратта білім алады? Мұндай әлеуметтік әділетсіздікпен жүзге жуық мектепте бірнеше жүз мың бала білім алып жатқанын Сұлтанғазиев біле ме екен? Сол қаракөздердің обал-сауабы бір өзінде тұрғанын Сұлтанғазиев сезіне ме екен?

Әлқисса. Бір жылда үш ауысыммен оқитын 50 мектеп санының мүлде кемімеуі Алматы облысы сияқты донор аймақ үшін сын. Үкіметтен мектеп салуға бөлінетін қаржыны есептемегенде, Алматы облысының өзі бірнеше мектеп салуға қауқары қапталынан жетер еді. Іле, Талғар, Қаскелең аудандарында Қазақстандағы ең мықты компаниялар қоныстанған. Олардан айына ғана емес, күніне миллиондаған салық түсіп жатады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, құрылыс материалдары да жетікілікті. Шалғай аймақ емес. Үшіншіден, жұмыс күші жеткілікті әрі салыстырмалы түрде арзан. Міне, осындай мүмкіндіктері бола тұра бір жылда үш ауысымды 50 мектеп санының азаймауы, тікелей әкімнің іскерлігіне тірелетін шаруа. Оған алғашқы қоңырау соғылмайтын 11 мектепті қосыңыз! Ал Сұлтанғазиев туризмді түрлендіремін деп шар ұшырып жүр дейді.

Тегтер: