Орал қаласына арнайы техникалар жіберілді
Сенбі күнгі мемлекет басшысының төрағалығымен өткен су тасқыны салдарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысынан кейін облыс әкімі сала басшыларына аталған бағыт бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
«Су тасқыны болған аймақтарға көмек жіберу мақсатында Батыс Қазақстан облысына 106 арнайы техника жөнелтілді. Бүгінгі күнде облыс аумағына секундына 339 текше метр көлемінде су келуде. Өткен жылдың есепті кезеңінде бұл көрсеткіш 314 текше метр болған. Су қоймалары транзиттік режимде жұмыс жасауда. Елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Дегенмен апат айтып келмейді. Алдын алу шаралары қатаң бақылауда болуы қажет. «Су тасқынына қарсы іс-шаралар» Жол картасына облысқа қатысты 17 іс-шара енгізіліп, жүзеге асырылуда. Еліміздің тасқыннан зардап шеккен өңірлеріне көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды үйлестіру аса маңызды. Осындай қиын кезеңде бірлігімізді көрсетуіміз қажет», – деді Н.Нәлібаев.
Су апаты болған аймақтарға гуманитарлық көмек көрсету мақсатында қала және аудан әкімдіктері ұйымдастырған «Күшіміз – бірлікте» акциясына облыстың жанашыр азаматтары мен волонтерлер үлес қосуда. Жинақтау пункттері ашылып, су тасқыны басталғаннан бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінен 150 млн теңгенің гуманитарлық көмегі жөнелтілді.
Бұдан бөлек, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында су тасқыны жағдайының күрделенуіне орай авариялық-құтқару жұмыстарын атқару мақсатында Қызылорда облысы ТЖД күш-құралдары мен Апаттар медицинасы орталығы филиалының қызметкерлері жолға шыққан еді.
Еске салсақ, осы уақытқа дейін су апаты болған аймақтарға 296 қызылордалық құтқарушы, 135 техника жіберілді.
Нұрбек Дәуренбеков
Қызылорда қаласы