Орал қашанғы орысша ойлайды?

Жақында Орал қаласындағы «Интеллект» кітап-клубына жұмысқа орналастым. Кітап-клубтың иесі Қалу аға қазір зейнеткер екен.
1991 жылдан бастап кітап-саудасымен айналысқан. Клубтың қорында шамамен 5000-нан астам әртүрлі бағыттағы кітаптар бар. Бұндағы кітаптарды университет кітапханасынан да, қалалық кітапханалардан да өте сирек кездестіресің. Кітап-клубтың өзінің тұрақты оқырмандары, тіпті Оқырмандар тобы қалыптасқан. Олар әр апта сайын түрлі кітаптарды оқып, талқылап отырады екен. Бірақ олардың көпшілігі өз ойларын орыс тілінде білдіретінін байқадым.
Кезінде аралас мектептер мен қазақ мектептерін бітірсе де, қазір олардың ойлары да, тілдері де орыстанып кеткен. Қазақша түсінгенімен, ойларын қазақша нақты жеткізе алмайды. Өздері ұйымдасып үнемі орыс театрларына, орыс тіліндегі концерттерге, тіпті католик шіркеуіне де барып тұратын көрінеді. Бір күні Қалу аға оларға қазақ драма театрына баруға ұсыныс білдірді. Басында бұған бәрі қызығып, келіскендей болды, бірақ қойылым болатын күні театрға тек аралас орыс-қазақ мектебін бітіргендері ғана келді де, ал таза орыс мектебін бітірген қазақ жастары келмеді.
Мені басында «Олар қазақша қойылымды түсіне ме екен?» деген сұрақ мазалады. Расында да театрға барған күні олар қазақша қойылымды дұрыс ұғына алмады. Мен оларға сәт сайын әр сөздерді аударып, көмектесумен болдым. Бекер күдіктенбеппін! Қазақ жерінде тұрып, неге қазақ азаматтары өз тілдерін білмейді, түсінбейді, тіпті қазақша сөйлемейді?!
Неше жылдан бері олармен бірге жұмыс істеп келе жатқан Қалу аға «Ұлттық тілді дамыту үшін бір ғана Білім министрлігінің немесе Мәдениет министрлігінің күштері жетпейді. Бұл жерде жалпы кітап өндірісін нарық жолына шығару қажет. Бұл – экономика! Сондықтан Қаржы министрлігі және Экономика министрлігі Еуропа мемлекеттері сияқты кітап саласына қосылған құн салығын (ҚҚС) алып тастауы қажет. Еуропада әр 10-15 мың адамға бір кітап дүкенінен келеді. Олар жалдамалы төлемнен де босатылған. Себебі олар мәдениет және ғылым орталығы болып саналады. «Қазпоштаның» тарифін дәл Германия секілді 3-5 есе арзандату қажет. Сонда ғана автор мен оқырманның арасында байланыс болады, тіл дамиды. Бұл бастама шын мәнінде тұрақты болуы үшін және қолданушы ортамен тығыз байланысқа түсуі үшін монотизацияға өтуі қажет. Сонда біз қолданушы ортаның талғамын түсінетін боламыз. Мысалы: Францияда 66 млн халқына 30 мың баспагер бар екен. Егер, Қазақстанның халқы 18 млн болса, бізде кемінде 2-5 мың баспагер болу керек деген сөз. Сонда ғана ұлттық авторлық, редакторлық, аудармашылық мектептер пайда болады. Олар қазақ тілін дүниежүзілік мәдениетпен толтырады. Гете, Шекспир, Конфуций, Ганди, Эйнштейн бәрі қазақ баспасөзінде сөйлеп кетеді. Сонда ғана қазақ азаматтары толығымен балаларын, немерелерін қазақ мектебіне беруге тырысады. Бір сөзбен айтқанда, Қонаев атамыздың заманынан қалған «Қазақкітап» мекемесін және 1560 кітап дүкендерін қайтадан ашу қажет» –дейді. Жаны бар өз секілді.
«Кітап тарату инфрақұрылымынан айырылған соң, 1997-1999 жылдары ұлттық баспа ісі бюджетке ілініп, бағынышты болды. Бұл жолда біз «Атамұра», «Алматыкітап» баспа монополияларына ұрындық. Осының кесірінен бізді алаңдататын – өзге тілдегі контент өте көп. Қазақ тілінде оқитын оқырмандардың, қазақ тілін күнделікті өмірде тұтынатын адамдардың сол өзге тілдерге өтіп кету қаупі өте жоғары болып тұр. Себебі қазірдің өзінде қазақ тіліндегі дүниелерді іздеушілердің қатары сиреп кетті десек те болады. Қалада тұратын қазақтардың басым көпшілігі бір-бірімен орыс тілінде сөйлесіп, өзара ойларын орыс тілінде білдіріп жатады. Ал жастарға келетін болсақ, олар тіптен орыс тіліне қарай ауып бара жатыр десек те болады. Себебі неде? Олар шет тілдеріндегі авторларды қазақ тілінде кітап сөрелерінен таба алмай, орыс тілінде немесе тағы басқа тілде оқиды. Осы тұрғыдан келгенде біздің тіліміздің басқа тілдермен бәсекеге қабілеттілігі өте төмен. Сондықтан тағы да айтамыз, ұлттық баспа ісін нарыққа шығару үшін, Қазақстанға кітап дүкендерін қайта ашып, толықтыру қажет» – дейді осы өңірдің мәселесін жетік білетін Қалу ағамыз.
Расында да әлемдегі кішкентай Чехия, Финляндия, Швеция, Норвегия, Голландия сияқты мемлекеттер де өз тілдерінде сөйлеп, өз тілдерінде білім алып, өз тілдерін жоғары бағалап, кең қолданып жатса, бізде қазақтілді аудитория азайып бара жатыр. Адамзатты адам ретінде ұстап тұратын да, аздырып-тоздырып, ыдырата алатын да – сөз. Нақтырақ айтсақ, ауызша емес, баспасөз.