Орал тұрғыны күйеуінің Украинада қаза тапқанын “Хочу жить” тізімінен білген
 
                                        30 жастағы Алексей Сергеев Украинадағы соғыста мерт болғандардың қатарында бар.
Оның өлімі жайлы әйелі Надежда тек биыл ғана білген — ол күйеуінің есімін Украина жобасы “Хочу жить” жариялаған тізімнен көрген. Бұл жөнінде “Уральская неделя” басылымы жазды.
Аталған тізімде Украина аумағында қаза тапқан 270 қазақстандықтың аты-жөні бар.
Алексей мен Надежда небәрі бір жыл бұрын үйленген. Олардың сегіз айлық қызы бар. Надежда күйеуінің қазасы туралы хабарды тізімдегі 191-нөмірден, 11 шілде күні көрсетілген өлім датасынан білген.
“Мен оның сонда екенін де білмедім. Биылғы жылдың басында ол Астанаға жұмыс іздеп кеткен еді. Наурызда байланыс үзілді. Мен оны Қазақстанның түкпір-түкпірінен іздедім. Оған шетелге шығуға тыйым салынған болатын. Қалайша Ресейге, одан кейін Украинаға өтті?” – дейді ол.
Надежда күйеуімен соңғы рет 27 наурызда сөйлескенін айтады.
“Бізде соғыс туралы тіпті әңгіме де болмаған. Ол жай ғана жоғалды. Астанада Алексей әртүрлі жұмыс істейтін, көбіне вахталық әдіспен. TikTok-та да өз жұмысын бөлісіп отыратын”, — дейді келіншек.

Сегіз ай бойы күйеуін іздеп жүрген
Күйеуінің байланыссыз кеткеніне сегіз ай өтсе де, Надежда әлі де жауап таба алмай отыр. Ол Алексейдің бұрынғы әйелі мен әпкесін де тауып сөйлескен, бірақ олар да ештеңе білмеген.
“Мен сотқа бардым. Астана арқылы оны іздеуге бердім. Енді оның қайда жерленгенін, қалай қаза тапқанын білгім келеді. Өлім туралы куәлік алу керек. Мен енді жалғыз баламен қалай өмір сүретінімді білмеймін”, — дейді Надежда көз жасын тыя алмай.
Ресейдегі “әскерге шақыру бизнесі”
Бұл сұраққа жауап Ресейдің өз ішінде қалыптасқан жүйеден табылуы мүмкін. “Важные истории” порталының жазуынша, Ресейде жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдары адамдарды соғысқа тартқан “рекрутерлерге” ақша төлеп отыр.
2025 жылдың қазан айына қарай әр үшінші аймақ азаматтарды келісімшартпен соғысқа тартқаны үшін төлем енгізген. Бұл бағдарлама ресми түрде “Досыңды әкел” деп аталады және 2024 жылдың жазында іске қосылған.
Бұған дейін полиция, тергеу комитеті, түрме жүйесі (ФСИН) мен әскери комиссариаттарда жұмыс істейтін қызметкерлерге де “жауынгер шақырғаны үшін” сыйақы төленіп келген.
“Важные истории” мәліметінше, бұл мақсатқа кемінде 2 млрд рубль жұмсалған. Бұл қаражаттың көбі аймақтардың білім, медицина және әлеуметтік салаларына бөлінген қаржыдан алынған.
Шетел азаматтарын тарту тиімді болған
Зерттеу бойынша, кейбір өңірлерге басқа елдерден келген азаматтарды тарту тіпті тиімдірек болған — шетелдік және ТМД елдерінен келген адамдар үшін төлем мөлшері жоғары.
Мысалы, Саратов облысында рекрутерлерге 400 млн рубль төленген — бұл сома апатты үйлерден көшіру бағдарламасына бөлінген қаражатпен тең.
Ульянов облысында 370 млн рубль жұмсалған — бұл ауыл мұғалімдеріне арналған төлем көлемімен бірдей.
Аймақтардың көбі бұл қаражатты резервтік қорлардан алып отыр.
