Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Орал тұрғыны ресейлік заңға сүйенген дүкенді сотқа берді

1
Фото: ашық дереккөз

Орал қаласының тұрғыны Руслан Сатыбалдин «Детский мир» дүкеніне тауарды қайтарып бере алмай, ресейлік заңға сілтеме жасалғаны үшін сотқа жүгінді. Бұл оқиға Ресей бизнесінің Қазақстан аумағында заңнаманы елемей әрекет ететінін көрсеткен ерекше жағдай болды.

 

Настоящее Время телеканалының жазуынша, Руслан Сатыбалдин – Оралдағы «Детский мир» дүкенінің тұрақты клиенті. Ол дүкеннен балаға арналған жөргектерді сатып алған, алайда үйге келген соң артық алып қойғанын байқап, қолдау қызметіне хабарласқан.

– «Жергөкті артық алып қойыппын, қалай қайтаруға болады?» деп сұрадым. Ал олар маған:

«Бұл тауар сапалы, сондықтан қайтаруға немесе айырбастауға жатпайды — Ресей Федерациясы Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысына сәйкес», – деп жауап берді», — дейді Сатыбалдин.

Бастапқыда ол мұны түсінбей, қателік шығар деп ойлаған. Келесі күні қайта тексеріп қараса, шынында да жауапта «Постановление Российской Федерации» деп жазылғанын көрген.

– «Қолданбада “Детский мир Казахстан” деп тұр. Ал маған Ресей заңына сілтеме жасап отыр. Бұл қалай?» – дейді Сатыбалдин.

Компания қателігін мойындады, бірақ өтемақы төлеуден бас тартты

Азамат сотқа дейінгі талап-арыз жолдап, «Детский мир» компаниясынан түсініктеме сұраған. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті де Сатыбалдиннің айтқанын растады — дүкен Қазақстан заңдарына бағынуға тиіс.

Тексеру нәтижесінде компания оператордың кінәсін мойындап, оны жұмыстан босатқан:

«Оператор Ресей Федерациясының заңнамасына сілтеме жасап, қателік жібергені үшін 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыстан шығарылды. Оның жүйедегі қосымшасы бұғатталды», — делінген «Детский мир – Қазақстан» компаниясының директоры Николай Ставердің ресми жауабында.

Алайда компания материалдық өтемақы төлеуден бас тартқан, сондықтан іс сотқа жетті.

Сот отырысы кезінде жаңа деректер де белгілі болды.

"Компания өкілі кездейсоқ айтып қалды: “Біздің колл-орталық Ресейде орналасқан”. Сонда мен судьяға: “Бұл — Қазақстан азаматтарының жеке деректері шетел аумағында өңделіп жатыр деген сөз. Осыған байланысты Цифрлық даму министрлігінен тексеруді сұраймын” дедім", — дейді Руслан Сатыбалдин.

Алайда сот оның бұл өтінішін қанағаттандырмады. 

Тегтер: