Оралда 250 млн теңгеге жасалған қала жоспары дауға қалды: құжаттан Семей мен Қарағандының атаулары табылған

Орал қаласының бас жоспарына байланысты қоғамдық тыңдауда күтпеген жайттар ашылды. Жергілікті тұрғын Данил Макатуха қала әкімдігінің ресми сайтынан жүктелген құжаттарды зерттей келе, Оралға қатысы жоқ деректердің басым екенін анықтаған. Жоба құжаттарында Семей мен Қарағанды қаласына қатысты атаулар жиі кездескен.
Сонымен қатар, тарихи және архитектуралық ескерткіштер тізімінде Семей қаласына тиесілі нысандар көрсетілген.
«Бұл ескерткіштердің бәрі Семейде орналасқан. Оларды Оралға көшіремексіздер ме?» – деп сын айтты белсенді.
Бұдан бөлек, бас жоспардан «көмір шахталарын көгалдандыру» туралы да жазба табылған. Белсенділердің айтуынша, Оралда ешқашан көмір шахталары болмаған.
Құжатты дайындаған «Градо» компаниясының өкілдері бұл келеңсіздікті «техникалық қате» деп атады.

Әлеуметтік желіде тұрғындар бұл құжатты «бір жерден көшіріп алып, қоя салған» деп, 250 миллион теңгеге кеткен қаржының тиімділігіне күмән келтіріп жатыр.
Қала әкімдігінің орынбасары Азамат Халелов бұған қатысты:
«Жоба аясында нақты жұмыс жасалды деп айта аламыз. 26 гектар аумақтың топографиялық түсірілімі жүргізілді, яғни бүкіл аумақ толық қамтылды. Бүгінде бас жоспарға қатысты барлық жұмыс аяқталды», – деп ақталды.
Ал келесі күні Орал әкімдігі ресми мәлімдеме жасап, құжаттағы қате нұсқа сайттан алынып тасталғанын, бас жоспардың жаңартылған нұсқасы қайта жүктелгенін хабарлады.