Оралда 8 жастағы бала қаза тапты: ата-анасы ұлын әдейі өртеген деп санайды

Орал қаласында 8 жасар Артем есімді бала ауыр жарақат алып, денесінің 96%-ы күйіп қалған соң қаза тапты. Полиция оқиғаны «кездейсоқ жағдай» деп таныса, ата-анасы ұлдарын әдейі өртеген деп санайды.
Оқиға 10 тамыз күні болған. Сол күні Артем әжесінің үйінде демалып жүрген. Анасына әжесі қоңырау шалып: «Артем өртеніп кетті» деп хабарлаған. Анасы бейнеқоңырау қосқанда, баласының қасында полицей мен әжесі отырғанын көреді. Артем: «Мені өлтірмек болды» деп бірнеше рет қайталаған.
Бала ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның тыныс жолдары қатты зақымданғанын, денесінің 96 пайызы 4-дәрежелі күйікке шалдыққанын айтқан. Бір апта оның өмірі үшін дәрігерлер күрескенімен, ажалдан арашалап қала алмаған.
Полицияның нұсқасы
Тергеушілердің ресми қорытындысы бойынша, бұл — «кездейсоқ оқиға». Полиция дерегіне сенсек, Артем аулада балалармен ойнап жүріп, көліктің ашық тұрған жүк салғышынан бензин құйылған канистрді тауып алған. Ол бензинді төгіп, от жаққан, жалын киіміне өтіп, өртенген. Артем қаза тауып, тағы бір баланы күйік шалған.
Ата-ананың күмәні
Алайда Артемнің ата-анасы бұл нұсқаға сенбейді. Олардың айтуынша, оқиға куәгерлері мүлдем басқа жағдайды баяндаған.
Көрші қыздардың айтуынша, балалардың бірі — 6 жасар Тамерлан Артемге «өз-өзіңді бензинмен өртесең, ақша беремін» деп ұсыныс жасаған. Артем келіспегенде, ол өзі бензинді үстіне шашып, от қойған.
Бұл жайтты бір бала көзімен көргенін айтса да, полицейлер оны сұраққа алмаған. Сондай-ақ, Артемге алғашқы көмек көрсеткен екі жасөспірім оқиға орнында ересектердің болғанын растаған. Бірақ олар да, ересек куәгерлер де тергеуге шақырылмаған.
Артемнің әжесі мен жедел жәрдем дәрігерлері де баланың «мені өлтірмек болды» деген сөздерін естіген, алайда олардан да түсініктеме алынбаған.
Тергеудегі шикіліктер
Артемнің анасы Мухаббаттың айтуынша, істің материалдарында бар болғаны үш жауап алу қағазы бар: көлік иесі (оқиға орнында болмаған), Тамерлан және тағы бір бала. Соңғысы, ата-ананың сөзінше, мүлдем сол жерде болмаған.
— «Ұлымызды қайтара алмаймыз. Бірақ біз әділдікті қалаймыз. Қазір бар кінәні Артемнің өзіне жабуда. Егер расында басқа бала өртесе, ол өзге балаларға да қауіпті. Біз тек бір нәрсе сұраймыз — істі толыққанды тергеу, шын куәгерлерді сұрау, сараптама нәтижелерін ескеру. Ал қазір полиция ештеңеге қарамай істі жауып тастады», – дейді Артемнің анасы.
Артемнің ата-анасы полицияға — істі қайта қарау туралы, ал прокуратураға — полицейлердің әрекетсіздігіне байланысты арыз түсірген.