Оралда бір үйдің бес баласы газдан уланып, ауруханаға түсті
Орал қаласында бір отбасының бес баласы газдан уланып, медициналық мекемеге жеткізілді.
"Мой город" басылымының жазуынша, оқиға 18 желтоқсан күні кешке болған.
Батыс Қазақстан облыстық көпсалалы балалар ауруханасының директоры Сержан Есенгубековтың айтуынша, бір отбасының бес баласы жедел түрде ауруханаға жеткізілген.
"Қазіргі уақытта балалардың жағдайы қанағаттанарлық, олар дәрігерлердің бақылауында. Үлкені – 13 жаста, ал кенжесі – 2 жаста", – деді ол.
Дәрігерлердің мәліметінше, балалар газдан уланған. Қажетті медициналық көмек көрсетіліп, олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Ал балалардың анасы Орал қаласындағы көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылған. Оның жағдайы туралы қосымша ақпарат нақтыланып жатыр.
Қазіргі таңда оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.