Оралда ірі жол апатына себепкер болған әкімдік қызметкері жұмысында жүр
Оралда ірі жол апатына себепкер болған әкімдік қызметкері жұмысында жүр. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкіміне мас күйінде жол апатына себепкер болған әкімдік қызметкеріне қатысты іс қаралды ма деген сұрақ қойылды.
"Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Қазір ол жұмысында", - деп жауап берді Нариман Төреғалиев.
Еске сала кетейік, жол апаты Оралда 1 қазан күні Тәуелсіздік пен Правдухина көшелерінің қиылысында болған. Батыс Қазақстан полиция департаменті бұған дейін Volkswagen Tiguan көлігінің 44 жастағы жүргізушісі бағдаршамда тұрған Mercedes көлігіне соғылғанын хабарлаған болатын. Салдарынан Мерседес, ВАЗ және Шкода Рапид бір-біріне соғылған. Кейін Volkswagen Tiguan көлігін БҚО әкімдігінің қызметкері басқарғаны белгілі болды.
Сондай-ақ полиция Volkswagen жүргізушісі мас болғанын айтты. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын есірткі және масаң күйде басқаруы) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Оқиға салдарынан 18 жастағы қыз бен 37 жастағы ер адамның зардап шеккен.