Оралдағы тергеу изоляторы құрылысын аяқтауға тағы 6 миллиард теңге қажет
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Оралдағы тергеу изоляторы құрылысына тағы 6 миллиард теңге қажет екенін айтты, деп хабарлайды «Жас Алаш».
Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер әкімнен Оралдағы құрылысы бесінші жыл тұралап тұрған тергеу изоляторының жағдайын сұрады.
«Мен бұл мәселені жақсы білемін. Біраз уақыт бұрын тергеу изоляторының құрылысы басталған болатын. 11 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бүгінде бәрі белгілі, олар әлі аяқталмады. Қылмыстық іс қозғалды. Кейбір жауапты адамдар сотталды. Қазіргі уақытта бұл нысан әкімдік қарамағында тұр. Біз оны медицина мекемесіне беруді жоспарлап отырмыз», — деді Батыс Қазақстан облысының әкімі.
Нариман Төреғалиев облыс әкімі қызметіне тағайындалғаннан кейін құрылысы аяқталмаған нысанды өзі аралағанын айтты.
"Құрылысты одан әрі аяқтау үшін шамамен алты миллиард теңге қажет. Тергеу изоляторы ішінде инфрақұрылымды жетілдіру керек. Әрлеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір салынып жатқан нысандардың көбінің іші аздап талан-таражға түскен. Есіктері, төсемелері де бар еді, қазір бәрі жарамсыз күйде", — деп жауап берді Төреғалиев.
Қазір нысанның құрылысын 2024-2025 жылдардың аяғына дейін аяқтау үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлу мәселесі қарастырылып жатыр.
"Ғимаратты мұндай күйде қалдыру өте өкінішті. Болашақта қайда өткізуіміз керек? Осы мәселені Полиция департаментімен талқыладық. Бізде полиция қызметкерлері үшін ғимараттар жеткіліксіз. Сондықтан, полиция қызметкерлерін осында орналастыру үшін ғимараттың бір бөлігін пайдалану керек. Оларды ретке келтіруге қомақты қаражат қажет", — деді Төреғалиев.
Бастапқыда мемлекет қаржысына құрылыс жүргізілгендіктен, аймақ басшысы инвесторларды тартпайтындарын мәлімдеді.
«Сондықтан мұнда ешқандай инвестор келмейді. Менің ойымша инвесторлар үшін бұл қызық емес сияқты. Өйткені ол бастапқыда кәсіпкерлік нысан ретінде емес, тергеу изоляторы ретінде жоспарланған болатын. Біз бұл үшін инвестор тарта алмаймыз», — деп түйіндеді сөзін БҚО әкімі.
Еске салайық, Оралда тергеу изоляторының құрылысы тоқтап қалған болатын. 2021 жылы нысанды медициналық мекемеге көшіру жоспары жасалды. Бірақ әзірге түпкілікті шешім шыққан жоқ.
2019 жылы Орал қалалық соты Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бекболат Төремұратов пен «Бура Строй» ЖШС директоры Сергей Барабошконың ісі бойынша үкім шығарды. Барабошко тергеу изоляторын салу кезінде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 айға жалпы режимдегі колонияда жазасын өтейтін болды. Төремұратов рақымшылыққа байланысты негізгі жазадан босатылды.
Сотталушылар мемлекетке 1,5 миллиард теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.