Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 29 Шілде 2025

Оралдың бас жоспары Қарағанды мен Семейден көшірілген: кім кінәлі?

Әкім
Фото: ашық дереккөз

Орал қаласы әкімінің сәулет және құрылыс мәселелеріне жауапты орынбасары Азамат Халеловқа қала бас жоспарына қатысты жіберілген өрескел қателіктер үшін сөгіс жарияланды. 

Жаңа бас жоспардан тек Орал емес, Қарағанды мен Семей қалаларының атауларының табылуы қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, бас жоспарды әзірлеу кезінде басқа қалалардың жоспарлары кездейсоқ енгізіліп, мәтіндер мен карталарда қайшылықтар орын алған. Халелов бұл олқылықты “техникалық қателік” деп түсіндірді. Оның айтуынша, жобаны дайындаған мердігер компания бір мезгілде бірнеше қаламен жұмыс істеп жатқандықтан, құжаттарды шатастырып алған.

— Сөгіс Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халеловке берілді, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, қателіктерге тікелей жауапты маман сөгіс жарияланар алдында жұмыстан кетіп қалған. Алайда әкімдік оның жауапкершіліктен босатылмайтынын мәлімдеді.

Қоғам назарына іліккен бұл кемшілікті 15 шілде күні қоғамдық тыңдау барысында қала тұрғыны Данил Макатуха анықтаған. Ол құжаттардағы сәйкессіздіктерді байқаған соң мәселені ашық түрде көтеріп, әлеуметтік желі арқылы жұртқа жария етті. Сондай-ақ аталған бас жоспар жобасы үшін жобалаушы мекемеге 250 млн теңге төленгені белгілі болды. Әкімдіктің айтуынша, жоба аясында нақты жұмыстар жүргізілген: топографиялық өлшеулер жасалып, инфрақұрылымға талдау жүргізілген.

Жаңа бас жоспардың маңызды құжаты болып табылатынын ескерсек, мұндай қателік мемлекеттік жоспарлауға деген сенімге сызат түсіруі мүмкін. Ал қала әкімдігі жоспарды қайта қарап, түзетулер енгізуге уәде берді.

Тегтер: