Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:20

Оразалы Ержановқа референдум туралы жазбалары үшін қылмыстық іс қозғалды

Оразалы Ержанов
Фото: ашық дереккөз

Белгілі қоғам қайраткері Оразалы Ержановқа референдум туралы әлеуметтік желідегі жазбаларына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ҚазТАГ редакциясының сұрауына жауап бере отырып, әлеуметтік желілерде шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат, референдумға бойкот жариялауға шақырулар және азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін өзге де мәліметтер анықталғанын хабарлаған.

«Шетелдік юрисдикцияда тіркелген байланыс нөмірлері арқылы таратылған жарияланымдар бойынша сайлау құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті – Алматы қаласының тұрғыны ұсталды. Оның әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша, заңсыз жазбалардың себептері мен мән-жайы анықталғаннан кейін беріледі», – деп мәлімдеді полиция.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары азаматтардың пікір білдіруі заң бұзушылық болып саналмайтынын атап өтті.

«Жауапкершілік тек қасақана жалған ақпарат таратуға, фактілерді бұрмалауға, азаматтарды жаңылыстыруға және қоғамдық тұрақтылықты бұзуға, сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіруге бағытталған әрекеттерге көзделген», – делінген ДП түсіндірмесінде.

Бұған дейін Ержановтың ұсталып, 10 тәулікке қамауға алынғаны хабарланған еді.

Еске салсақ, 4 ақпанда журналистер Дина Елгезек пен Жалғас Ертай Конституция жобасын сынағаннан кейін полиция тарапынан өздеріне қызығушылық болғанын мәлімдеген. 22 ақпанда Астана тұрғыны Кантемир Алмышев Конституцияға өзгерістер енгізуді жария түрде сынағаны үшін қамауға алынғаны белгілі болды.