Оразалы Ержановтың адвокаты Алматы әкімшілік соты апелляциялық шағымға жауап бермей отырғанын айтты
Қамауға алынған қоғам белсендісі Оразалы Ержановтың адвокаты Виталий Воронов Алматыдағы әкімшілік сот оның апелляциялық шағымына әлі жауап бермегенін мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, ол Ержановты қамауға алу туралы сот шешіміне қарсы апелляциялық шағым түсірген, алайда әлі күнге дейін ешқандай жауап алмаған.
25 ақпанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Байдаулетова күдікті Ержановқа қатысты 10 тәулікке қамауға алу бұлтартпау шарасын санкциялаған. Бұл шешім оның қандай қылмысқа күдікті екені ресми анықталғанға дейін қабылданған.
Адвокат Воронов 28 ақпанда Ержановты ұстау мен қамауға алу туралы шешімнің негізсіз екенін айтып, апелляциялық шағым берген.
"Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, шағым беру мерзімі өткеннен кейін, яғни 1 наурыздан кешіктірмей, тергеу соты менің шағымымды іс материалдарымен бірге Алматы қалалық сотына жіберуі керек еді. Сонымен қатар бұл туралы маған және қорғауымдағы адамға хабарлауы тиіс болатын. Бірақ 4 наурыз сағат 10:00-ге дейін мұндай хабарлама түскен жоқ. Бұл соттардың шағымды қарауды әдейі созып отырғанын көрсетеді", - деді адвокат.
Адвокат Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 107-бабына сүйеніп, сот апелляциялық шағым түскеннен кейін үш тәулік ішінде тергеу судьясының санкциясының заңдылығы мен негізділігін тексеруі тиіс екенін айтты.
Еске салайық, 25 ақпанда Алматыда «Elge Qaitaru» қоғамдық қорының басшысы Оразалы Ержанов ұсталып, кейін 10 тәулікке қамауға алынған.
Ол ұсталар алдында Қазақстанның жаңа Конституция жобасын қатаң сынға алып, 15 наурызға жоспарланған конституциялық референдумға «ақылды бойкот» жариялауды ұсынған болатын.