Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:52, 16 Ақпан 2021

Оразхан АХМЕТ, жазушы: Қандай азап көрсем де, тірі қалуды ойладым

None
None

      Оразхан Ахмет – Қытайда тұратын танымал қазақ жазушысы. Арғы беттегі қазақ әдебиетінің дамуына көп үлес қосқан оның «Өзгерген өңір», «Аманат», «Тұлпардың соңғы тұяғы» сияқты романдары жарық көрген, әлемнің бірнеше тіліне аударылған.

Бізге берген сұхбатында қаламгер кезінде түрме азабын көрген жылдары, қаламына қуат берген сенімі мен мұраты, шығармашылығына әсер еткен «Абай жолын» 60 жыл бойы бойтұмардай сақтап келе жатқаны туралы әңгімелеп берді.  

   

– Сіздің шығармаларыңыз ұлттық тамырға жетелейтін көркем дүниелер екенін білеміз, әу баста осылай жазайын деген ой болды ма?

– Мен мәдени өмірден алыстау қалған қарапайым қазақ ауылының тумасымын. Атамыз Ахмет қажы ұлттық дәстүрді берік ұстанған, елге сыйлы кісілердің бірі екен. Бәлкім, сол кісінің отбасындағы ықпалы болу керек, жастайымнан өз халқымның салт-санасын құрмет тұтып, аңыз әңгімелерін қызыға тыңдап өстім. Ол кезде ауылымыздың әлі де көшпелі тұрмыстан толық қол үзбеген шағы еді. Бала біткен қыс кезінде мал отарына ілесіп, алыс-алыс қыстауларға кетпесек те, жаз жайлаудан қалмайтынбыз. Міне, осы қызығы мол жайлау тіршілігі, табиғаттың көркем бояуы менің санамда өшпестей болып сақталып қалды. Сол көріністерді тіпті есейген шағымда да сағынып жүрдім. Ал жоғары мектепте оқыған біраз жылда қала тұрмысымен танысып, зиялы қауыммен араласқан болдым. Бірақ ол ортаның тұрмыстық жақтан, рухани жақтан пәлендей ықпалы бола қойған жоқ, баяғы қарапайым ауыл баласы қалпымда қала бердім.

       Шыр көбелек айналған дүние деген сол, содан кейін ауыл-қыстаққа, қарапайым ауыл адамдары ортасына оралдым. Мінеки, менің бар көрген тұрмыс-тіршілігім осы ғана. «Қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді» деген емес пе, сондықтан әу бастан «осылай жазайын» деп ойлап жүрмесем де, көз алдымда тұрған мына жұпыны ауыл, қарапайым жандар қаламыма еріксіз іліне берді. Жасыратыны жоқ, менің де өзге әріптестерім секілді елеулі оқиғалар мен әйгілі тұлғалар жөнінде қалам тербеуді ойға алған сәттерім бар, бірақ ол бір мен үшін бейтаныс өңірдей білінді де, ілгері баса алмадым. Ашық күнде адасқан жолаушының күйін кештім. Содан қайтейін, сол өзіме таныс сүрлеуге ат басын бұрдым. Иә, рас, бізде өзгеге ұқсамайтын бір науқаншылдық әдет бар. Ол әдет тұрмысымыздың бар саласына толық жалпыласқан. Әдебиет саласы бұл науқанда тіпті «үлгілі» бейнесімен көзге түсетін. Сондықтан ертең «қап» деп қалмау үшін көрген-білгенімді ептеп жаза бастадым. Алдымен әңгіме-хикаяттар жарияладым, кейін роман жаздым. Халқымызда «естіген өтірік, көрген шын» деген сөз бар емес пе, өзім көрген шындықтарды шығарма етіп жазып үлгердім. Менің әу бастағы ойым да сол еді.– «Тұлпардың соңғы тұяғы» повесіңізді жұрт жақсы бағалады. Осы шығармадағы жетім қалған құлынды есекке телитін көрініс және оған үрке қараған қарапайым адамдар туралы сюжеттер мені қатты ойландырды. Бұл туындыңызға үлкен дайындықпен кірістіңіз бе?

– Жылқы – киелі хайуан, сондықтан тұқымы азбайды. Табиғаты жақындау болса да, жылқының айғыры есектің медісіне жоламайды. Ал есектің әңгісі жылқыға шабынуға бек әуес. Есектің сол әумесер аңсары кейде адам қолымен де жүзеге асып жүргені мәлім. Бірақ бір ғажабы, осы есек пен жылқының жақындасуының жемісі болған «қашар» деген мақұлық тұқым өрбітуге мүлде қабілетсіз. Сондықтан да мұндай зорлық күш жылқы табиғатын бұза алмайды. Жылқы табиғатын тек емшек сүт ғана бұзады. Бізге немерелес келетін Шерияздан деген атамыз болушы еді, сол жарықтық елден ерек тосын мінез шығарып, үнемі есек мініп жүретін. Ұжымдық мезгіл болған соң, «бәлкім, мінуге ат табылмаған шығар» деп ойлайтынбыз. Өзі жер қориды, көбінесе қыстақтан алыстау жалғыз үй отырады. Осы атамыз бір жылы көктемде есегінің соңынан қодығымен жарыстыра бір құлынды ілестіріп жүргенін көрдік. Байқасақ, тегін ілестірмепті, есегіне теліп алыпты. Есек хайуан біткеннің ішіндегі балажандысы ма, қалай, ішінен шықпаса да, әлгі құлынға бар мейірін төгіп тұрады. Көзінен таса бола қалса, аңырап мазасы кетеді. Құлын да оған сондай бауыр басып алған. Нәсілі басқа екенін тіпті ұмытқан сияқты, есекті қодығымен таласып емеді, есек секілді ішін тартып, аңырамақ боп зорланады. Бұл жаңалық балаларға қызық көрінгенімен, былайғы ересек жандарға көз көріп, құлақ естімеген сұмдықтай білінді. Шынында, олардың шошынуы да тегін емес екен, күндер өте келе, әлгі құлынның әуресі көбейді. Есекке үйір болғанымен, есек секілді байлатпайды, қашып кетеді. Саябақ пен егіндікті таптайды. Ал біреудің малына қосып, жайылымға жіберейік десе, есектен өзге мал түлігінің маңына жоламайды. Содан амал не, Шерияздан атамның балалары оны тай күнінен-ақ үйретіп мінді. Жаз болса арқандап, қыс болса байлап бақты. Міне, осы жануар құнан шыққан жылы арқанға оралып өлді. Етін жемей, көміп тастады. Шыны керек, осы тосын оқиға мені сан алуан ойға жетеледі. Шығарма жазуыма сұранып тұрған тақырып болды. Көп ойландым. Қатерсіз жол іздедім. Содан абайлап басып, еш нәрсеге қағылмай-соғылмай жеткен жерім, міне, осы. «Оқырманға ой тастау» деген мақсат менде бұрын-соңды болып көрген емес, тек қаламгерлік әуеспен осылайша көз көрген шындықты жаздым.

– Сіз де түрме азабын бір кісідей тартқан жазушысыз, сол кездегі сіздер өмір сүрген қоғамның жарықшағы сіздің де жүрегіңізді осып өтті. Қиын күндерде болашақ туралы не ойлаушы едіңіз?

– Қиын күндерде ең алдымен қандай азап көрсем де, тірі қалуды ойладым. Содан соң, егер тірлік арбасын құзға құлатпай, осы қатерлі өткелден аман-есен өтер болсам, «атамекенімнің бір сайының қуысында мал бағып, егін егіп, тып-тыныш жатсам-ау» деп армандадым. Балаларым болып жатса, өмір, адамдық туралы көп өсиет айтам дедім. Ақыры бағым жанып, ол қиын күндерді артқа тастадым. Аман-есен бүгінгі күнге жеттім. Бірақ «сананы тұрмыс билейді» деген емес пе, сол ойлағанымдай мал бағып, егін егіп, тау қуысында жата алмадым. Балаларыма да ешбір өсиет айтқам жоқ, тек сол қиын мезгілдің сабағын жадымда берік сақтаумен келемін.

– «Құмдағы іздер» романыңыз мемуарлық роман ба? Қалай туды?

– Бұл роман оқиғасы − бір тосын жағдайдың шындығы. Көпке мәлім, Қытайдағы Тарым бойындағы ашылған тың жерлерден неше жылға дейін өнім алу мүмкін емес, сондықтан тың игерушілердің кім болуымен есептесіп жатпай, бар адамның азық-түлігін үкімет беріп отырады. Бірақ сол кездегі «зор секіріп ілгерілеу» ұранының дүрмегімен желпінген бір «еңбекпен өзгерту» алаңының басшылары асыра сілтеп, жоғарыға мол өнім алғандары жөнінде «сүйіншілі» хабар жеткізеді. Тіпті өтіріктеріне ешкімнің күдік-күмәнін тудырмау үшін жоғарыдан берілетін көмек астықты алмайды. Әрине, мұндай белсенділік жерде қалсын ба, алаң басшылары осы желбуаз мақтандары үшін марапатқа қол жеткізеді. Бірақ «өтіріктің құйрығы бір тұтам» деген бар, содан көп өтпей қамба түбі қағылып, ашаршылықтың белгісі біліне бастайды.

 Бұл жағдайды байқаған алаңның басшылары тағы қарманады, тағы да бір жаңалық ашады. Ол жаңалығы өзге емес, құмды далада көп өсетін «күйреуік» деген өсімдіктің бүрін ұнға қосу еді. Бар пәле, міне, осыдан шығады. Аштық желкелеген адамдарға енді іш ауру қоса қабаттасады. Осының салдарынан адамдар қырылады. Енді амал-айласы біржолата таусылған алаң басшылары жоғарыға «оба ауруы» тарағаны жөнінде мәлімет жолдайды. Әне-міне дегенше бұл хабар өзге емес, ел басшыларына дейін жетеді. Содан бірнеше күн өтер-өтпестен сонау Бейжіңнен тартып, дәрігерлері бар, басшылары бар – қалың құтқарушы қосын тізгін ұшымен жетіп келді. Келеді де, ойланбастан өлім-жітім себебі ауру емес, ашаршылық екенін жариялайды. Осы әділ қорытындының арқасында талай жан өлім аранына ілінбей аман қалды. Сол талайлы жандардың бірі мына мен едім. Содан әлгі мадақ-марапатқа аңсары ауғандар жазадан қағыс қалған жоқ, басты адамдардың екі-үшеуі қылмысынан қорқып, өздеріне қол салды. Ал қалған басшы-қосшылары түгел түрмеге тоғытылды. Бұл романда баяндалған оқиғаның ұзын-ырғасы, міне, осы. Өтірік қосқам жоқ. Содан соң, адам тағдырының құнсызданған, ойыншыққа айналған мына аянышты сәтін жеткізудің ең қолайлы тәсілі хат жазу үлгісі деп білдім. Біреудің шамына тимеу үшін кейіпкерлерімнің атын өзгерттім. Бірінің қалпағын біріне кигіздім. – «Абай жолын» ең алғаш неше жасыңызда оқыдыңыз? Әсері қалай болды?

– Жаңылмасам, «Абайдың» бірінші кітабын 1949 жылы оқыдым. Бұл менің рухани жақтан, тұрмыстық жақтан ең күйзелісті шағым еді. Осыдан бір жыл бұрын әкем дүниеден өткен, топты бала жетім қалған болатынбыз. Жаңа үкіметтің хабары да біліне бастаған. Соның себебі болу керек, малшылар өзімізді басқаратынды шығарды. Айналамыздың қабағы да өзгеше, кім болсын сол «сендерге енді оқу не керек, малдарыңды бағып алыңдар» деп ақыл айтады. Оның үстіне осы бір жылдың ішінде-ақ тозып кеткендей болдық. Атқа мінейік десек, айыл-тұрман табылмауға айналды. Содан оқуды тастап, аналарымызға сүйеу боп, малға қарауды ойлап жүргем. Міне, сол жылы жазда апама (әжемізді солай атайтынбыз) ілесіп, шалғайлау отыратын әпкемнің үйіне бардым. Бірнеше күн аял болдық. Содан бір күні және бір жегжатымыз шақырды. Міне, сол үйдің уық қарында қыстырулы тұрған қалың кітапқа көзім түсті.

      Үлкендер әңгімеге айналғанда сол кітапты ақырын қолыма алсам, алғашқы бетінде қасқа маңдайлы, келбетті адамның суреті бар, «Абай» деген кітап екен. Алматыдан шығыпты. Иә, ол кезде Қазақстаннан төте жазумен кітаптар шығатын. Ол кітаптар және де біздің елдің кітап дүкендерінде еркін сатылатын. Мына жегжаттарымыз Құлжаның қала маңының тұрғындары, сондықтан асыл дүниенің бізден бұрын қолдарына түсіп отырған жайы бар. Кітап оқып жүрген шағым еді, бұл кітаптың менің баурағаны сондай – бас алмай оқыдым. Тіпті аяғына шықпай, қолымнан тастағым келмеді. Соны білген апамыз мен үшін осы кітапты аттай қалап алды. Үйге келген соң қайталап оқыдым. Содан кейін қалайдан-қалай, әйтеуір, әлгі «қой бағу» ойынан айни қалдым да, оқуды жалғастырдым. Кітаптағы суреттеулерге еліктеп бірдемелер шимайлай бастадым. Кейіндеп ойлап көрсем, мені оқуға да, әдебиетке де осы кітап жетектеп келген екен. Сол үшін бұл қасиетті кітапты бойтұмардай сақтаумен келемін.

– Өзіңіз білетін Орхан Памуктың, Мо Янның әр шығармасындағы кейіпкерлер қарапайым адамдар, былайша айтқанда, кішкентай адамдар. Сіздің кейіпкерлеріңіз де солай...

– Меніңше, әдебиетте күні өткен тақырып болмайды, күні өткен көзқарас пен әдет болады. Бұрын да, бүгін де әлемдік үлкен өзгерістер сол ірі тұлғалар мен қаһармандардың бастамасымен жүзеге асқаны көпке мәлім. Сондықтан оларды кейіпкер ету тым әбестік саналмаса керек. Бірақ бұл бір жеке тұлғаны ұлықтаумен шектелетін, жазушы үшін еркін шарықтауға келмейтін тар өріс. Орхан Памук пен Мо Янның қарапайым жандарды кейіпкер етуін осы тар өріске қамалмай, еркін шарықтағысы келгендік деп білемін. Ал өз басым өмір бойы осы кішкентай адамдар арасында жүргендіктен, оларды табиғи түрде кейіпкер еттім.

– Бір сұхбатыңызда «Біз Қазақстандағы қаламгерлер айта алмаған, жаза алмаған кейбір жағдайларды айттық, жаздық. Өйткені бұл кісілер шығыс әдебиетінің дәстүрін қайырып қойып, Еуропаға кетіп қалған» депсіз, осы пікіріңізді таратып айтып беріңізші. 

– Бұл көп жыл бұрынғы сөз. Әлде өткен ғасырдың 90-жылдарының соңғы, әлде осы ғасырдың алғашқы жылдары «Жұлдыз» журналының екі бірдей нөмірінде жарияланған «Құдайға арыз» деген көлемді мақаланы оқыдым. Авторы абыз жастағы қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі. Жазу себебін айтпай-ақ қояйын, ал жазғаны – сонау бір заманда өз көзімен көрген, өз құлағымен естіген, қолдан жасалған ашаршылық кезіндегі жан шошырлық оқиға, бейкүнә жанның жанайқайы. Мен осы мақаланы оқып шығып, мына ағамыздың бұл шындықтың жылт еткен ұшығын да жан баласына сездірмей, жетпіс жыл бойы қалай кеуде қуысына сақтап келгеніне таң болдым. Неткен жүйкесі мықты адам, өз қандастарының басына түскен осындай зұлматты көріп тұрып, бірде-бір мәрте тебіреніп қоймаған!? Ұлтын шынайы сүйетін азамат болса, мұны көріп, бәлкім, жынданып кетеді. Болмаса қарсы үн шығарып, жазаға ұшырайды. Ал мына кісі ондай күйді бастан кешпей, үн-түнсіз тірлік етіп жүре берген. Әуелі тек жүрмей, осы қанқұйлы жүйе үшін асқан белсенділікпен жұмыс атқарған. Енді келіп ауыз бағудың қажеті жоқ болған шақта жария етіп отыр. Егер осы кісі сол шындықты дер кезінде әшкере етсе, бәлкім, ауыр жазаға ұшырар, бірақ аты әр жүректе сақталып, халқының сыйлы перзенті болар еді. Сол заманда совет жазушыларының кейбіреуі ондай оқиғаларды еш именбестен жазып жүрді емес пе?   Ал жаман-жақсы десең де, жұңгодағы қазақ қаламгерлері ондай нәубеттерді жасқанбастан дер кезінде жазды. Ұлы ақын Таңжарық Жолдыұлы түрмеден шыға сала-ақ Гоминдаң үкіметінің тұтқындарды қинап-қырғындаған зұлымдығын әшкереледі. Одан соң, талантты жазушымыз Апетай Мұқарапұлы «Киелі көш» деген деректі романы арқылы сонау бір алмағайып заманда ұрқын-қорқынға ұшырап, ішкі өлкелерге кеткен, Гималай асқан туыстардың бастан кешкен зұлматтарын олардың өз ауыздарымен төкпей-шашпай жеткізді. Ал кейінгі солшыл саясат салдары мен «мәдениет төңкерісі» кезіндегі жағдайлар да әртүрлі шектеулерге қарамастан, ізі суымай жазылды. Әрине, білген жанға мұның бәрі еріккеннің ермегі емес, ұрпақтар білуге тиісті тарих. Міне, осы себептен «Қазақстан жазушылары айта алмаған кейбір жағдайларды айттық, жаздық» деген сөзді айттым.

     Одан соң, бүгінгі кейбір үмітті жазушылардың шығармаларынан қазақтың ұлттық бейнесін көре алмаған соң, анау «шығыс әдебиетінің дәстүрін тастап қойып, Еуропаға кетіп қалған» деген пікірді айтқаным бар. Шынында, Қазақстанның бір бөлім жазушылары Еуропаны білгенімен, қазақты жақсы білмейді, ұлтымыздың наным-сенімін, әдет-салтын, өзіндік өзгешелігін дәл басып көрсете алмайды. Кейде тіпті біз естіп-білмеген әдет-салтты қазаққа әкеп таңатыны және бар. Егер осы әдет тектеусіз кете берсе, күндердің күнінде қазақты таба алмай қалармыз деген күдік те бас көтереді. Біле білгенге шығыс әдебиетінің дәстүрі дегеніміз – осы ұлттық өзгешелікті сақтау. Орхан Памук пен Мо Ян шығармаларында бұл дәстүр айқын көзге түсіп тұрады. Осы жасқа келгенше көрген-білген тәжірибем бойынша айтсам: өзгеге еліктемей, солықтамай, өзіңді жазсаң ғана мына әдебиет байтағынан саған да бір кісілік орын тиеді.

– Шығармаларыңыз қандай тілдерге аударылды? 

– Моңғол, кәріс, ұйғыр, қырғыз тілдеріне, ал кейбір шығармаларым ағылшын, жапон, араб тілдеріне аударылды. – Шынын айтсақ, қаламгерлердің көбі танымал болуды көксейді, сізде де сондай «қасиет» болды ма?– Қарағым, егер сенер болсаң, мен танымалдыққа әуес жан емеспін. Шынын айтсам, мені айналам зорлықпен танымал етіп жүр. Жиырма жасқа жетер-жетпес кезімде бір көлденең пәле жабыса кетті де, қоғамға аса қауіпті адам саналып, бір жыл бойы күреске тартылдым. Тіпті үлкен қала Үрімжіге атым шықты. Содан кейін танымал болдым да кеттім. Қайда барсам да, жұрт тани кетеді. Тани қояды да, үрке жөнеледі.      Ал сондай пәле-жаладан құлан-таза арылып шыққаннан кейін де, мені танымал етуге құлшынғандар аз болған жоқ, Әдебиет майданының кейбір мықтылары мені өздеріне бақталас санады ма, қалай, төбе көрсеткенім мұң екен, қарауылға ала бастады. Жазған-сызған дүниелерімдегі «қателіктерді» сынға алды. Онымен де қоймай, жоғарыға домалақ арыздар жөнелтті. Олардың осы «қажырлы» еңбегінің арқасында шығармаларым елеусіз қалмай, жоғары жақтың назарына ілінді, қызығушылығын қозғады, қытай тіліне аударылды. Бірақ бәсекелестерім ойлағаннан өзгеше нәтиже шықты. «Биіктегі адам алысты көреді» деген сол, аударманы көргендер маған тоқпақ үйірудің орнына сыйлық ұсынды. Байқасам, қазір де осы «қырағы көздердің» көңіл бөлуімен назардан түспей келе жатқан секілдімін.

– Шыңғыс Айтматовтың кітаптары Қытайда кең таралды, ол жақтың оқырмандары жақсы оқыды деп естиміз, бұның себебі не деп ойлайсыз? 

– Шыңғыс Айтматов – әлемдік өзгерістерді қалт жібермейтін көреген жазушы, үлкен саясаткер. Сондықтан ол әлем халқының назарын аударған ұрымтал тақырыптарға дер кезінде қалам тербеді. Өткен ғасырдың 50-60 жылдарының өзінде оның рухани еркіндік пен тарихи әділдікті қалпына келтіруді мазмұн еткен шығармалары Совет Одағымен сөзі жараспай тұрған біздің елге басқаша әсер берді. Сол себепті «Айтматовты аудару» науқаны басталды. Ал одан кейін 80-жылдардағы қытай әдебиетінің қайта түлеу мезгілінде ұлы «Манас» эпосының нәрімен ауызданған ол өзінің «Бұғы-Ана», «Мәңгүрт» сынды әпсаналық образдарымен осындай аңыз бен әпсанаға бай байырғы елдің қаламгерлері мен оқырмандарына тосын ойлар салды. Міне, осы жағдайдан біз қоғамдық бұрылыс дәуірінде мезгілімен жазылған шығарма ықпалының аса жоғары болатынын түсінгендей болдық.  – Қазір сізді нендей жағдай жиі мазалайды?–  Мені тек қана «қазақ тілі өзінің заңды мәртебесіне қол жеткізе алмай өтер ме екен» деген ой жиі мазалайды.

Тегтер: