Орбан Зеленскийді «шантаж жасады» деп айыптады

Виктор Орбан: Ешкім шантаж арқылы Еуропаға кірген емес
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украина президенті Владимир Зеленскийді «моральдық шантаж тәсілін қолданды» деп айыптады. Оның айтуынша, Зеленский Будапештті Украинаға Еуропалық одаққа кіруге келісім беруге және әскери қолдау көрсетуге мәжбүрлеуге тырысып отыр.
«Венгрияның Украинаға Еуроодаққа қосылуға қолдау көрсету жөнінде ешқандай моральдық міндеттемесі жоқ. Ешбір мемлекет Еуроодаққа шантаж арқылы кірген емес — бұл жолы да олай болмайды», - деп жазды Орбан Х әлеуметтік желісінде (бұрынғы Twitter) 6 қазан күні.
Ол сонымен бірге Еуроодаққа кіру туралы шешім барлық мүше елдердің бір ауыздан қабылданатынын еске салды:
«Венгр халқы өз шешімін қабылдады. Референдумда ол Украинамен ортақ одаққа кіруге қарсы екенін айқын көрсетті», - деді Орбан, Зеленскийді «Венгрияға қарсы медиакампания жүргізіп отыр» деп айыптап.
Зеленский: Украина бәрібір Еуропада құрамына кіреді
Украина президенті Владимир Зеленский бұл мәлімдемеге дереу жауап берді.
«Венгрия премьер-министрі өзін әсері бар адам деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде ол тек процесті тежеп отыр. Украина бәрібір Еуропалық одаққа кіреді. Бұл — украин халқының таңдауы», — деді Зеленский 6 қазанда.
Ол сондай-ақ Венгрия халқының өз ішінде Украинаны қолдайтын азаматтар көп екенін айтты.
Венгриядағы референдум және оның даулы нәтижесі
2025 жылғы маусым айының соңында Виктор Орбан Венгрияда өткен референдум нәтижесін жариялаған еді.
Оның айтуынша, 2 миллион 168 мың азамат (95%) Украинаға ЕО мүшелігін беруге қарсы дауыс берген.
«Біздің халқымыз Украинамен ортақ одаққа кіруден туатын тәуекелдерді қабылдай алмайды», — деді Орбан.
Алайда венгриялық оппозиция бұл нәтижелердің шынайылығына күмән келтіруде.
Олардың мәліметінше, референдумға 8 миллион сайлаушының үштен бірі де қатыспаған.
Оппозициялық партия TISZA жетекшісі Петер Мадьяр нақты қатысушылар саны 600 мыңнан аспағанын айтып, дауыс беру процесінің жасырын және онлайн форматта ұзаққа созылғанын сынға алды.
Брюссель: Бұл референдум міндетті шешім емес
Еуропалық комиссия Орбан ұсынған нәтижелердің құқықтық күші жоқ екенін мәлімдеді.
Еурокомиссия өкілі Гийом Мерсье:
«Венгрияның Украинаға қатысты референдумының нәтижелері ЕО-ның ресми ұстанымына еш әсер етпейді. Украина демократиялық реформалар бойынша барлық талаптарды орындады, оның ішінде аз ұлттардың құқықтарын қорғау мәселесінде де ілгерілеу бар»,
— деді.
Украинаның кандидат мәртебесі
Украинаға Еуропалық одаққа кандидат мәртебесі 2022 жылғы маусымда ЕО саммитінде берілген. Содан бері Киев Брюссельдің барлық негізгі демократиялық және институционалдық талаптарын орындап келеді.
Алайда Венгрия үнемі бұл процеске қарсы шығып, Ресейге қарсы санкцияларды да жиі бөгеп келеді. Орбанның пікірінше, венгр халқы «украиндермен бірге Ресейдің көршісі болу тағдырын» бөліскісі келмейді.
Брюссельде Орбанның бұл саясаты «шантаж және саяси сауда» деп бағалануда, ал кейбір сарапшылар Венгрияны Ресейдің ішкі ықпалына түскен ЕО елі ретінде сипаттап отыр.