Ордабаев 85 мыңды көп көреді, Зайытовқа 800 мың жетпейді

Еңбек вице-министрі Олжас Ордабаевтың сөзі хит болып жатыр. Дүйсенбі күні мәдениет және мұрағат саласы қызметкерлері мен кітапханашылардың жалақысын көтеру, әлеуметтік кепілдемелерін арттыру мәселесі бойынша баспасөз жиын өткен.
Сол басқосуда отызды орталаған вице-министр кітапханашылар алатын 85 мың теңгеге өмір сүруге болады деп, «америка» ашыпты.
Жыл сайын осы уақытта кітапханашылардың еңбекақы мәселесі баспасөз бетінде көтеріледі де, айтылған жерінде қалады. Естеріңізде болса, мәдениет саласындағы кітапханашылардың айлығы мен шайлығын журналистер айтып-жазудың арқасында 15-30 пайызға дейін өсті. Бірақ білім беру саласындағы кітапханашылардың айлығы сол күйінде қалып қойды. Неге? Мұндай деректі жиынға қатысқан мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова да айтты. Депутаттың дерегіне жүгінсек, Қазақстанда 7 500-ден астам мектеп, 124-тен астам жоғары оқу орны бар екен. Осы білім беру саласындағы барлық кітапханашылардың жалақысы осы уақытқа дейін 1 тиын да өспеген.
Білдей бір министрліктің екінші адамы «85 мың теңге айлықпен өмір сүруге болады» деп отырса, басқалар не демесін? Ордабаев ойланып айтты ма екен, әлде теңгенің құнсызданғанын, 85 мың теңгеге кітапханашы бір баласын күзгі оқу маусымына дайындай алмайтынын қайдан ұқсын? Өмірбаянына қарасаңыз, вице-министр басы піспеген, ыстық-суықты көп көрмеген адамға ұқсайды. Жоғары оқу орнын бітіре салып «ғарыштық жылдамдықпен ұшқан» кадрдың бірі. Сондықтан Ордабаевтың 85 мың теңгеге не келетінін білмеуі заңдылық.
Елімізде 8 300 кітапханашы қызмет етеді екен. Оның 5 900-і – жоғары білімді, қалғаны – орта білімді мамандар. Жалақы мардымсыз болғандықтан, бұл салада маман тапшылығы өте өзекті. Сондықтан да мектеп кітапханаларында зейнет жасындағы әйелдер жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мәдениет және спорт министрлігіне қарасты кітапханашыларға қарағанда, мектеп кітапханашыларының айлығы 50-60 мың теңгеге аз көрінеді. Мұны жиынға қатысып, кітапханашылар мәселесін көтерген Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Ғазиза Құдайберген де растап отыр. Ғазиза ханымға қоңырау шалдық. Сұрағымызды бірден вице-министрдің сөзінен бастадық.
–Олжас Ордабаев жетеді деп көпсініп отырған кітапханашылардың айлығы, шынымен, 85 мың теңге ме?
–Бұл былтырдан бері қозғалып келе жатқан тақырып. Қайсыкүнгі басқосудың акценті мектеп кітапханашыларына қатысты. Олардың орташа айлығы – 85 мың мен 110 мың теңгенің арасында. Педагогтардың еңбекақысы осы уақытқа дейін бірнеше есе көтерілді. Бірақ сол мектепте жұмыс істейтін кітапханашының айлығы сол күйінде қалып отыр. Басқосуда Сүлейменова мектеп пен университеттерде жұмыс істейтін кітапханашылардың статусын көтеруді айтты. «Педагог кітапханашы» деген статус берілмей, кітапханашысының еңбекақысын көтеру бос әңгіме болып қалуы мүмкін.
–Ғазиза ханым, өзіңіз де ұзақ жылдық тәжірибесі бар кітапханашысыз. Құпия болмаса айтыңызшы, қанша айлық аласыз?
–25 жылдық еңбек өтілі бар кітапхана басшылары – 172 мың теңге айлық аламыз. «С» блогындағы кітапхана қызметкерлері небәрі 94 мың теңге жалақы алады. Ұлттық электронды порталды жүргізіп отырған соң, бізде осы «С» блогында редакторлар, әлеуметтік желіде жұмыс істейтін мамандар, есепшілер, аудармашылар бар. Айлығы сол 94 мың мен 110 мың теңгенің арасы. Мұндай айлықпен Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда өмір сүру қиын. Содан кейін кітапханашылардың көбі әйел адамдар. Бала-шағасы өскен немесе күйеулерінің табысы бар әйелдер, олар аз айлықпен кітапханашы болып жүре береді.
Кітапханаға әлеуметтанушы, психолог алып, зерттеу жасағым келеді. Жастар қандай кітаптарды оқиды, оқушыларға не керек деген дүниені зерттеп білсем деймін. Бірақ біздің ұлттық академиялық кітапхананың айлығына жас әрі білікті маман тарту қиын. Айналып келгенде, бәрі еңбекақыға келіп тіреледі. Кітапханашылардың жалақы мәселесі Қырғыз елінде де бар. Ал Өзбекстандағы кітапханашылардың өмірі бізден жақсы. Саха республикасы да кітапханашылар түйінін шешіп алыпты. Еуропамен, дамыған елдермен өзімізді салыстырмай-ақ қояйық. Жалпы, кітапханашылардың әлеуметтік мәселесі, баспана мәселесі қоғам талқысына түсетін, мемлекет назар аударатын дүние.
Иә, 85 мың теңгеге өлместің күнін көруге болатын шығар, онда да артында тіреуі, табысты күйеуі барларға. Қосымша зейнетақысы бар адамдарға да бір уақыт ермек. Бірақ мұндай ермекпен ешқандай саланың дамымайтыны айтпаса да түсінікті. 85 мың теңгеге мықты мамандарды тартып, ойға алған істі атқаруға мүмкіндік болмайтынын көзін ашқалы мансап жолында өсіп келе жатқан Ордабаев қалайша білмей қалды екен?
Айтпақшы, 800 мың теңге айлық жетпейді деп жүрген қызметтік пәтері бар депутаттар алдағы сессияда кітапханашылардың өмірін соншалық арзан бағалаған Ордабаевқа бір шүйлігіп алатын шығар?
Естеріңізде болса, жыл басында мәжіліс депутаты Ринат Зайытов мәдениет, архив және кітапхана қызметкерлерінің жалақысын өсіру туралы мәселе көтеріп, үкімет басшысына сауал жолдаған-ды. Сол Зайытов жаздық демалысқа кетер алдында журналистерге сұхбат беріпті. Сол сұхбатында депутат ретінде алатын 800 мың теңге айлығы бала-шағасын асырауға жетпей жүргенін, сондықтан бет ашарға шығатынын айтқан. 800 мың теңге айлығын жеткізе алмай той қуып, шетелге шыға алмай, Алакөлден қайтқан мәжілісмен Ордабаевтың кітапханашыларға көп көрген 85 мың теңге туралы әпсанасын естісе, ашуланатын болды-ау! Ашуланбағанда қайтсін, Зайытов депутат болып мәжіліске жайғасып, тұңғыш рет көтерген сауалын жоққа шығарып жатса? Ашуланбағанда қайтсін, 800 мың теңге айлығын жеткізе алмай жүргенде өзінен жасы кіші біреу келіп «85 мың теңгемен өмір сүруге болады» десе...