Orda.kz бас редакциясына рейдерлік әрекет пен қысым жасалып жатыр

Orda.kz бас редакторы Гүлнар Бажкенова жобаны рейдерлік жолмен тартып алу әрекеттері мен өзіне жасалып жатқан қауіп-қатерлер туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, соңғы жарты жыл бойы бүкіл редакция жүйелі түрде қысымға ұшырап келеді.
«Бұл – заңдық тұрғыдан рейдерлік! Мен акциямның бір бөлігін тек қысыммен беруге мәжбүр болдым. Ешқандай келісім немесе ерікті шешім болған жоқ», – дейді Бажкенова.
Баспасөзге мәлімдеме жасаған редактордың айтуынша, 2024 жылдың соңында оны басылымды «Сана» атты квазимемлекеттік орталықтың бақылауына беру туралы талап қойылған. Қаңтар айында одан жобаның елеулі үлесін Максат Ганиев есімді серіктесіне беруді талап еткен. Әйтпесе, жобаны жаппақ болған. Қысым нәтижесінде Бажкенова үлесін беруге мәжбүр болған.
Алайда ол Ганиевті бұрын-соңды мүлде танымайтынын, онымен алғаш кездесуге 8 шілдеде барған кезде де тек оның адвокатымен сөйлесе алғанын айтады.
Редакция қызметкерлеріне де қысым күшейген. Белгісіз адамдар өзін полицейміз деп таныстырып, қызметкерлердің үйлеріне барып, жалған қылмыстық істер туралы хабарлаған. Ал әлеуметтік желілердегі аккаунттар бұғатталып, кей журналистер өз парақшаларына кіре алмай қалған.
Гүлнар Бажкенова бұл әрекеттердің артында саяси себептер барын ашық айтты:
«Билік біздің елдегі саяси процестерді ашық жазуымызға қарсы. Бізге бірнеше рет “жоғарыдан” ескерту келді. Бұл тек менің жобам емес, елдегі бүкіл тәуелсіз журналистикаға жасалып жатқан қысым», – деді ол.
Orda.kz бас редакторының айтуынша, өзіне де, жақындарына да тікелей қауіптер жасалған. Осыған орай ол алдын ала бейнежазба дайындап қойғанын, ол басына бірдеңе төнсе, бірден барлық халықаралық ұйымдарға таратылатынын ескертті:
«Егер сіз бұл видеоны көріп отырсаңыз – мен не Қазақстанда қамауда отырмын, не өмірде жоқпын», – делінген бейнежазбада.
Бажкенова халықаралық ұйымдар мен бірнеше елдің дипломаттарынан қолдау тапқанын мәлімдеді. Қазір Нью-Йорк сотында да сот процесі басталмақ. Себебі, оның айтуынша, рейдерлік әрекетке қатысы бар компания АҚШ-та тіркелген және бизнес жүргізеді.