Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:07

Orda.kz серіктесі Бажкеноваға қатысты мәлімдеме жасады

Бажкенова
Фото: Орда YouTube скриншот

Orda.kz сайтының 70% үлесіне иелік ететін серіктесі Мақсат Ғаниев КазТАГ редакциясына хабарласып, бас редактор Гүлнара Бажкеноваға қатысты мәлімдеме жасады.

«Мен қазір іссапарда жүрмін, үнемі байланыста бола алмаймын. Сондықтан серіктесім Бажкенованың әрекеттерін көргенде, шыны керек, таң қалдым. Кеше және бүгінгі оның қадамдарынан кейін мен қайтадан заңгерлеріме жүгініп, құқықтық процестерді бастауға мәжбүр болдым. Бұған дейін де түсінбестіктер болды, бірақ бәрін уақытша қиындық деп қабылдап, бейбіт жолмен шешуге тырысқан едім», – деді Ғаниев.

«Инвестиция – шығынға айналды»

Бизнесменнің айтуынша, бастапқыда келісім бойынша ол жобаны қаржыландырып, редакциялық саясатқа араласпауы тиіс болған.

«Жылдар бойы тек ақша құйдым, ал қайтарым ретінде тек шығын мен қиындық алдым. Құқықтық өрісте мәселені шешуге ұмтылған әрекеттерім Бажкенованың тарапынан лайықты жауап таппады. Ол керісінше өз беделін пайдаланып, ақпараттық шабуыл жасады», – деді ол.

«Психиатрға жүгінуі керек»

Ғаниев кейінгі бір тәулікте Orda.kz редакциясында орын алған оқиғаларды сынға алды:

«Жалған ақпараттар мен ойдан шығарылған деректер жариялануда. Мұндай әрекеттер оның денсаулығына қатысты күмәнді күшейтті. Мен бұған дейінгі әңгімелерге сенбегенмін, бірақ шынында да оған психиатрдың көмегі қажет сияқты. Оның қылығы қоғам үшін қауіпті деп санаймын және құқық қорғау органдарынан шара қолдануды талап етемін».

«Сотқа жүгінемін»

Оның айтуынша, Бажкенова редакция мен ұжымның абыройына нұқсан келтіруде.

«Мен дәлелдерді жариялап, оған қарсы лас науқан бастай алар едім, бірақ әзірге одан бас тарттым. Алматыға оралған соң, мажоритарлық үлес иесі ретінде (70%) оны редакция басшылығынан шеттету үшін заңды шаралар қолданамын. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына ресми өтініш жолдаймын», – деп мәлімдеді Ғаниев.

Аяқ астынан басталған дау

Еске сала кетейік, 4 қыркүйекте Orda.kz және Гүлнара Бажкенова ҰҚК-нің жоғары лауазымды қызметкерлері, вице-премьер – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Ғаджи Гаджиев ұсталды деп хабарлаған болатын.

Бұл ақпаратты ресми органдар толықтай жоққа шығарды: алдымен СІМ мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, кейін СЦК жанындағы Дезинформацияға қарсы орталық, одан соң ҰҚК ресми түрде жоққа шығарды. 5 қыркүйекте СІМ Мұрат Нұртілеудің жаңа фотосуреттерін жариялап, оның ұсталғаны туралы қауесетті түпкілікті жоққа шығарды. Бірақ кейін Орда басылымы мұның ескі сурет екенін алға тартты.

Тегтер: