Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:20, 16 Желтоқсан 2021

Орденмен «ұшықтау»

None
None

– Құлқын ауырып қапты.

– Көбит пе?

– Ол емес.

– Енді не?

– Ішкім білмейді. Тек «өуһ», «өуһ» деп өһілей береді екен.

– Өкпесіне құрт түскеннен аман дей ме?

– Жоқ, ондайда жөтеледі.

– Иә, оның «қыт-қыттататын» бәлесі бар.

       Жабысқақ екеуміз бекерге қарап тұра бермей, Құлқынның үйіне тарттық. Көңілін сұрай келген біраз ағайыны жиылып қапты. Төрдегі қалың ғып салған төсектің үстінде сұлқ түсіп құрдасым жатыр. Қасында жемтікке үңілген тазқарадай боп шүңірейе жүгініп емші отыр. Жұрттың көзі соның аузында. Құлқынды шалқасынан түсірген кеселдің «диәгінөзінің» не екенін емшінің аузынан өз құлақтарымен естімей, ешқайсысының қайтқысы келмейтін сияқты.

–Ұшынған, – деді емші сүбіханалла, әлхамдулла, аллаһу акбарын айтып, тырсиған тоқ саусақтарындағы тәпсісін сәнмен тартып боп. – Ұшынғанда, өте қатты ұшынған...

–Жаман жерді басып қойған жоқ па екен? Қайда барып еді?

–Әкімнің кеңсесінен басқа қай жерге барады...

–Сол жақтан бір жаман хабар естіп, көңілі күпті боп келді ме екен, әлде?

–Кім білсін, астан да ұшынуы мүмкін. Не жеп еді?

–Жылытпа ішкен...

–Қай күнгі? Тұрып қалған емес пе еді?

Құлқынға «жақынбыз», «жанашырмыз» дегендер бір-біріне қарасты.

–Астан емес, – деген емші көзін жұмып, ернін жыбырлатты.

–Тақсыреке, онда тұзбен болса да, күлмен болса да, ұшықтап жібермейсіз бе?

–Тұз да, күл де ем болмайды бұған.

–Енді не ем болады?

–Бұның дерті «марапат» сияқты.

–Марапат?!

–Е, онда жеңіл ғой. Ауыл әкімі Айналақарынға барып, Құрмет грамотасын жаздырып әкеле салу керек.

        Құлқынның жанашырлары «төу, бағанадан бері салмақтап отырғаның осы ма» дегендей, емшіні жақтырыңқырамай қалды.

–Жоқ, оның қағазы болмайды.

–Неге?

–Мұның елі үшін еткен еңбегіне ауыл әкімінің бір жапырақ қағазы жарамайды.

–Елі үшін не істеп еді бұл?

–Тиыш отыр. Отыз жыл бойы қарап жүрді дейсің бе?

–Қайдам, өз құлқынын ойлағаннан басқасын көрген жоқпыз.

–Тиыш дедім ғой саған.

       Жиналғандардың арасында Құлқынға қарсы «өкпезициялар» да бар сияқты. Бірақ жанашырлары мен жағымпаздары да жетерлік екен.

–Онда бос сөзді доғарып, аудан әкіміне тартайық.

        Емші мырс етті.

–Ол да болмайды.

–Оныкі де жарамай ма?

–Жарамайды, дерті әбден асқынып кеткен.

–Ойпырай, онда облысқа шабу керек болды ғой.

–Далақтап шауып барғаныңда о жақтағылар сені қабылдаса жақсы да...

–Соны айтсаңшы.

      Емші тағы мырс етті.

–Мұның ауруы облыс әкімінің мақтау қағазына да жазылмайды.

–Ойбай, емшіеке, сонда немен жазылады мұның дерті? Медаль шығар мүмкін?

–Жоқ, ордын.

–Ордын?!

–Орден деп отыр...

–Төуһ, асқынып кеткен екен де онда...

–Айтпақшы, орден деген көп қой. Соның қайсысы екен арманы?

–Арыстай азаматымыз ауырып жатқанда «арманың» не, әй, сенің?

–Енді не дейім, «тәбілеткісі» дейім бе?

–Әй, Қотыр, қой дедім ғой саған. Сүйкенбесең жүре алмайсың-ау, осы.

–Былтыр Жылтыр қандайын алып еді?

–«Міндет» дегені болса керек.

       Емші жан-жағындағыларға сығырая қарап, бір шолып өтті.

–Бұған одан жоғарырағы керек.

–Онысын қалай аламыз? Құлқыннан аяғанды ит жесін...

–Біз емін іздеп жүргенде олай-бұлай боп кетіп жүрмесін, тез қам жасайық. Шибұт «Міндет» ордынын алу үшін бір байталымды саттым» деп жүрген былтыр.

         Емші қозғалақтады.

–Онда сен бие бересің.

–Е, неге?

–Өйткені «Маңғаз» ордынының беделі «Міндеттен» биік.

–Құлқынымыз үшін бір биені беруін береміз-ау. Бірақ кімге, қалай?

      Емші жұмып отырған көзін ашты.

–Қазір әкімдердің Әмиян деген бір-бір орынбасарлары болады. Соған береміз. Ары қарай мәселені өздері шешеді. Талайын емдеп жаздым ғой. Барып сөйлесіп көрейін бе?

–Кіммен дейсің?

–Кәшөлекпен, астапыралла, әкімнің Әмиянымен.

–Астапыралла, әкімдердің ақша жинайтын да орынбасары бола ма?

–Әй, бола ма, болмай ма, онда сенің шаруаң қанша? Өздері біледі де, не істесе де. Ордын, медальды тегін бере салады деп кім айтты саған?

–Ойбай, тез барыңыз Әмиянжанға. Құлқынымыз аман болса, өрісіміз үйір-үйір жылқыдан үзілмес.

      Емшіекең биенің ақшасын қалтаға басып, Әмиянмен әңгімелесуге облысқа атанды.

       Біз үйді-үйімізге тарадық.

                                                          ***

        Денсаулығына байланысты салтанатты жиынға бара алмай қалған Құлқынның үйіне «Маңғаз» орденін алып емшіекең де жетті. Емі табылса қандай дерт болса да, сөз емес екен ғой. Орденнің хабарын естіп, төсегінен тұрған құрдасымызды көріп, кәдімгідей қуанып қалдық.

      Емшіекең орденді кеседегі суға салып, әлденелерді күбірлеп оқып отырды да, бір кезде әлгі судан үш рет ұрттап, үш рет «сүп» деп, Құлқынның бетіне түкіріп-түкіріп жіберді. Аузы құдды су шашқыш сияқты бүркеді екен, Құлқынның беті шашыраған дымқыл тамшылардан түгел су болды. Сонан соң барып қана «біссіміллә» деп өзі айтпақшы, ордынды Құлқынның кеудесіне тақты. Ойпырмай, о да қу, емшінің орден әкеп тағатынын күнібұрын біліп, төсегінде қалқиып кәстөммен отыр. Жүзіне қан жүгіріп, жымың-жымың етеді. Шибұттан аты мен атағы озғанына мәз сияқты.

–Болды, беті бері қарады.

–Алла разы болсын сізге, емшіеке.

–Алла разы болсын десеңдер, менің ақымды да ұмытпаңдар.

–Ойбай, ондайы да бар екен ғой. Қанша еді разылығыңыз, емшіеке?

–Құнанның құны.

–Апырай, ә?

–Ойбай, үндеме, сұрағанын бере бер. «Итін» жіберіп, тағы бір шығынға ұшыратып, ұшынып жүрерміз.

–Мақұл, емшіеке.

        Ақ шүберекке оралған құнанды қалтасына тыққан емшіекең аузын жыбырлатып, бетін сипап орнынан тұра берді.

–Емшіеке, осымен болды ма?

       Құнанның құнын ап алған емші маңызданды.

–Біржола болды деп айта алман.

–Неге, тақсыр-ау?

  –Ордынмен ұшынғандарды емдеп жүріп білгенім, мұндайлардың дерті бес жыл сайын қозып тұрады.

–Қозғаны нес-с-с?

–Бес жыл сайын қайталап ұшынып тұрады. «Қыранишески» деуші ме быраштар, сол сияқты...

–Бес жылға дейін тыныш жүре ме, әйтеуір?

–Иә.

–Е, бес жылға дейін бие де, құнан да көбейер. Ең бастысы, Құлқынымыз аман болсын!

                                                             ***

       Емшісі, Әмияны һәм Құлқындары бар өңірлер биыл да ордындарға қарық бопты деп естідік.

                                                                                              

Тегтер: