Орынбай Ықласов: Отаныңды шын сүйсең, оқы, білім ал, ғылыммен шұғылдан
Ерлік – қаһармандықтың сын сағатта найзағайдай жарқ еткен көрінісі, ал оның негізінде асыл тек пен қайсар рух жатады. Сын сағатта елінің намысын қорғап, майданға аттанған ердің мәртебесі қашан да биік. Әсілінде, Отанға деген сүйіспеншілік пен сағыныш туралы Отаны үшін отқа түсіп, от кешкен батырлардан артық ешкім біле қоймас. Сондықтан біз бүгін Ауған соғысының ардагері Орынбай Ықласовпен патриотизм және отансүйгіштік тақырыбы турасында сұхбаттастық.
– Жастарды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу қай заманда да маңызын жойған емес. Көп жағдайда біз патриоттықты ұлтын сүюмен байланыстырамыз. Шын мәнінде, ол тек ұлтты, руды сүюмен ғана шектелмесе керек. Осы жайлы сөз қозғасаңыз… Қалай ойлайсыз, ұлттық патриотизм мен ұлтшылдықтың аражігін қалай ажыратамыз?
– Ұлтыңа, оның болмысына деген махаббатты ешқайда жоя алмайсың. Соғыста жүріп, қазақтарды, ауылдас жігіттерді кездестіргенде ет жақыныңды көргендей елең ете қалушы едік. Осы күнге дейін ұлтшылдық ұғымынан қорқып келдік. Бірақ ұлтыңды, тіліңді, діліңді, болмысыңды сүю, ана тіліңде еркін сөйлеуден артық бақыт жоқ екен. Мемлекеттің ерекшелігін, өзге ұлттардың қалауын тыңдай отыра, өзіміздікінен айырылмау басты мақсат дер едім. Патриотизм, отансүйгіштік жүректен шыққан жағдайда ғана өз жемісін береді. Патриотизмнің негізгі тірегі – Отан. Ал Отанның негізі оның тарихында, жері мен шекарасында, байлығында жатыр. Сондықтан біздегі патриотизмде ұлттық мазмұн болуы керек деп ойлаймын.
– Дәл бүгінгідей адамзат баласы жаһандануға бет бұрып, белдесіп жатқан тұста, ұлттық құндылықтарды жар басынан құтқарып, кең әлемге шығару ісінде патриотизмнің атқарар рөлі ерекше екені белгілі. Жалпы, біз патриотизмді қалай түсініп жүрміз?
– 1979 жылдың аяғында әскерде қызмет етіп жүрген едім, сол уақытта соғыстың басталуы жөнінде шұғыл хабар келді. Қалағандар ерікті түрде барады деген. Содан барлығымыз бірауыздан кететін болдық. 1980 жылдардың басында Өзбекстанның Сурхандарья облысы Джаркурган районындағы Какайды деген жерде дайындықта болдық. Ол жерде әркімді өзінің әскери мамандығы бойынша дайындады. Біздікі – байланыс, яғни радиорелейлі байланыс. Одан 3 ай дайындықтан кейін 80-жылдың сәуір айынан бастап Ауғанстанға кірдік. Ауғанстанда Джалалабад әуе базасының байланыс ротасында болдым. Ол кездерді есіме алсам, әлі күнге кеудемді бір мұң кернейді. Ол жақтың адам төзгісіз ыстығында адаммен адамның соғысуы – үлкен қасірет еді. Ол жақтың ауа райы өте ыстық, +55-60 градус, қыс мезгілінің өзінде +34 градусты көрсетіп тұрады. Қатқан қара нан мен суды қанағат тұтып, күндеріміз өте берді. Туған жерге деген сағынышымды, сүйіспеншілігімді майдан даласында жүріп ұғындым. Ең қызығы, қарапайым, біз әдетте ескере бермейтін сәттерді сағынады екенсің. Туған жеріңнің ашық аспаны, жазира даласы мен қара домалақ баласына дейін жаныңа ыстық сезіледі. Басымыздан талай ұйқысыз түн, ұмытылмас сәттер өтті. Отаныңды сүю үшін не сезіміңді дәлелдеу үшін майдан аланыңа бару міндетті емес екен. Қазір тәуелсіз елде бейбіт өмір сүріп жатқаныма, балаларымның соғыс көрмей, түн ұйқысының тыныштығына мың мәрте шүкір етемін. Отаныңды шын сүйсең, оқы, білім ал, ғылыммен шұғылдан дер едім.
– Сіздің ойыңызша, Отанды сүю, патриотизм ұғымы неден бастау алады? Бос ұран мен жалаң айғайдан арылып, Отаныңа деген шынайы сүйіспеншілікті қалай қалыптастыруға болады?
– Ешкім патриот болып тумайды, патриот болып қалыптасады. Адам баласы патриоттықты бесіктегі шақтан бастап бойына сіңіреді. Бұл жерде отбасылық тәрбиенің де, балабақша мен мектеп, жоғары оқу орындары мен ондағы білім беруші ұстаздардың да үлесі зор. Кеңес өкіметі тұсында Отаны үшін ата-анасын сатып жіберетін жалған патриотизм емес, керісінше, халқымыздың табиғатындағы «Отан – отбасыдан басталады» дегендей, отбасыдағы бірлікті нығайту мен ата-анасын сүюден бастауымыз керек. Бұрынғы ата-бабаларымызға қазіргідей арнайы патриотизм саясаты жүргізілмесе де Отанды қорғауда жан-тәнін аямай, патриотизмнің керемет үлгісін көрсеткен. Себеп біреу, бұл табиғаттан, ұлттық тәрбиеден берілген табиғи, ұлттық патриотизм еді.
Сәруар Бақберген