"Орыс болғаным үшін сынады" деген депутат қазақ екенін айтып жазба қалдырды

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Никита Шаталов 6 наурызда өзінің Telegram арнасында жазба жариялап, өзін сынға алғандарға жауап берді.
Бұған дейін ол "орыс болғаным үшін сынады" деп мәлімдеген соң, ресейлік ақпарат құралдары оны басты тақырыптардың біріне айналдырған еді.
Дау қалай басталды?
Биліктің "Аманат" партиясы атынан мәжіліске сайланған депутат ақпан айында Каспий құбыр консорциумына дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке тарту қажет деген мәлімдеме жасаған. Осы пікірінен кейін Қазнет қолданушылары оны "ресейшіл ұстанымы үшін" сынға алды. Кейін Ulysmedia-ға берген сұхбатында Шаталов өзін "ресейшіл" деп айыптағандарға жауап беріп, сынның оның шыққан тегімен байланыстырылып жатқанын атап өтті.
Оның "Бұл этникалық орыс болғанымнан туындап отыр. Дәл сол себепті" деген сөздерін ресейлік Lenta.ru, РБК және ТАСС агенттіктері жариялады. Бұл Қазақстан қоғамында қызу талқыланды.
Шаталовтың кейінгі мәлімдемесі
Шаталов 6 наурызда Telegram арнасында "Бәріміз қазақпыз ғой!" атты жазба жариялап, "орыстан гөрі қазаққа көбірек ұқсайтынын" мәлімдеді. Ол соңғы уақытта өзін түрлі айыптауларға тап болғанын айтып:
"Соңғы кездері маған қатысты сан алуан тұспалдаулар айтылып жатыр: біресе "өмірбаянында туған жерін Қазақ ССР-і деп әдейі көрсетіп қойған" десе, біресе ресейлік БАҚ менің сөздерімді контекстен жұлып алып, мен айтпақ болған нәрседен басқа жаққа қарай бұрмалап жатыр. Соңғы мәлімдемемді екіұшты түсіндіруге болатынын мойындаймын, бұл менің қателігім", – деп жазды.
Сондай-ақ, ол Қазақстаннан басқа туған жері жоқ екенін атап өтті:
"Мынадай қанатты сөз бар: "Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ!". Мұндай оқиға енді қайталанбайтынына сенімдімін", – деді депутат.
Украинаға қатысты мәлімдеме және әлеуметтік желідегі реакция
Шаталовтың атына айтылған сын оның Каспий құбыр консорциумына дронмен жасалған шабуылға қатысты мәлімдемесінен кейін күшейе түсті. 19 ақпанда Украина Қарулы күштерінің дроны Каспий құбыр консорциумының "Кропоткинская" мұнай айдау станциясына шабуыл жасаған еді. Депутат бұл әрекетті сынға алып, консорциумдағы мұнайдың 90 пайызы Қазақстанға тиесілі екенін атап өткен. Ол Украинаны "Қазақстан мүддесіне зиян келтірді" деп айыптап, жауапкершілікке тарту қажеттігін айтқан.
Сондай-ақ, Шаталов Украина президенті Владимир Зеленскийдің АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен кездесуін сынап, "Ресей Украинадағы бейбітшілік орнату мәселесінде бастапқыдан-ақ ымырашылдық танытып келеді" деген пікір білдірген.
Ресейлік ақпарат құралдары және Қазақстандағы русофобия тақырыбы
Ресейлік БАҚ пен саясаткерлер бұған дейін де Қазақстандағы "русофобия" мен "орыстарды кемсіту" мәселесін бірнеше рет көтерген. Кейбір ресейлік сарапшылар Украинадан кейін Қазақстанды "денацификациялауға" шақырған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдемелердің Кремльдің ресми ұстанымы емес екенін бірнеше рет атап өткен.