Орыс генералының өлімі мен Украинаның жаңа қаруы
Арнайы операция
17 желтоқсан күні таңертең Мәскеудегі тұрғын үйдің жанында жарылыс болып, Ресейдің Қарулы күштерінің радиациядан, химиядан және биологиядан қорғаныс әскерінің басшысы генерал Игорь Кириллов пен көмекшісі қайтыс болды. Украинаның қауіпсіздік қызметі, бұл жарылас арнайы операция болғанын мәлімдеді.
Былтыр желтоқсан айында Мәскеуде Украина Радасының бұрынғы депутаты Илья Киваны да атып кеткен болатын. Би-би-си қызметі бұл қазаны да Украина қауіпсіздік қызметінің «арнайы операциясы» деп атаған болатын. Кива 2014 жылы Еуромайданға қатысып, «Оң сектордың» лидері Дмитрий Ярошпен танысып, сектордың Полтава бөлімін басқарған. Яроштың президент сайлауы кезінде сенімді өкілі болған. 2014-2015 жылдары Донецк пен Луганск облыстарындағы қарулы операцияға қатысқан. 2019 жылы Социалистік партияның атынан президент сайлауына түсіп, бір пайызға жетпейтін дауыс жинаған.
Кейін проресейлік «Оппозициялық платформа – Өмір үшін» партиясына өтіп, 2021 жылы партия басшыларын сынағаны үшін шығып қалған. Сонымен қатар Украинаның бұрынғы Ішкі істер министрі Арсен Аваковтың кеңесшісі де болған. Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, екі мемлекеттің қосылуын қолдаған. Еуромайданның лидерлерінің бірінен Ресейдің пропагандисіне дейін тез жүріп өткен Киваның өлімінен кейін генерал Кирилловтың да жарылыстан қаза табуы Мәскеудің тыныштығын қайта бұзғандай болды.
Ресейдің тергеу комитеті 17 желтоқсан күні таңертең Мәскеудің Рязань даңғылында «самокатқа қойылған жарылғаш заттың үйдің жанында жарылғанын» хабарлады. 54 жастағы генерал-лейтенант Кириллов пен көмекшісі қаза тапқаны айтылды. Кейін Би-би-сидің украиналық қызметі бұның арнайы операция болғанын, генерал «әскери қылмыскер» болғанын, қолдануға рұқсат етілмеген химиялық қаруды украиналық әскерилерге қарсы қолдануға» бұйрық бергені үшін өлтірілгенін айтқан.
ТАСС тілшілері жарылыс болған орыннан бомбаның компоненттері табылғанын жазды. 300 грамм тротил қуатымен жарылған бомба қашықтықтан басқарылған. «Риа Новости» агенттігі жарылыстың күшті болғаны соншалық, қарама-қарсы үйлердің терезелері шағылғанын жазған. «Коммерсант» газеті Ресейдің тергеу комитетінің мамандарының сөзіне сүйеніп, жарылғыш зат самокаттың тұтқасына мұқият оралғанын айтады. Оны телефон арқылы не радиотолқын арқылы алыстан іске қосқан дейді. Теракт, кісі өлімі және заңсыз қару қолдану баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Генерал Кириллов кім?
Игорь Кириллов Ресей Украинаға басып кірген соң көпке таныла бастады. Жиі-жиі журналистердің алдына шығып, брифингтерде сұхбат берген. Бірнеше рет Киев химиялық, биологиялық қару жасауға қатысып жатыр деп, дәлелсіз сөйлегені де бар.
Кириллов – Ресейдің Қарулы күштерінің радиациядан, химиядан және биологиядан қорғаныс әскерінің басшысы қызметіне 2017 жылдың сәуірінде кіріскен. Тимошенко атындағы радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс әскери академиясын бітірген.
Қазан айында Ұлыбритания Кирилловқа санкция салды. Артынан Украина, Канада мемлекеттері де санкцияға қосылды. Айыбы – Украина жерінде химиялық қаруды қолдану ісін басқарған және кремльдік дезинформацияның тетігі болған. Жарылыс болғанға дейін Украинаның Қауіпсіздік қызметі Кирилловқа сыртынан айып таққан. «Украинаның шығыс және оңтүстік майданында қолдануға тыйым салынған химиялық қаруды жаппай қолдануға бұйрық берген. Украинаның барлау қызметі Кирилловтың бұйрығымен 4,8 мың рет химиялық қару қолданылғанын растады.
Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова телеграм-арнасына Кириллов туралы «көп жылдар бойы жүйелі түрде англосакстардың қылмыстарын әшкерелеп жүрді» деп жазды. Басқа әскери тақырыпта жазатын блогерлер генералдың қазасы ауыр соққы болғанын айтып жатыр. «РХБ қорғаныс басшысының қазасы осал жерімізді көрсетті. Майдан даласындағы басымдығымызды, жеңістерімізді қанша айтсақ та, бұл қаза қарсы тараптың жанды жерімізге соққы жасай алатын мүмкіндігі бар екенін көрсетті» деп жазды Ресейдің қорғаныс министрлігіне жақын «Рыбар» телеграм-арнасы. «Важные истории» басылымы бұл осы уақытқа дейін қаза тапқан Ресейдің ең жоғарғы лауазымды әскери адамы екенін атап өтті.
Ресейдің Қауіпсіздік кеңесінің орынбасары Дмитрий Медведев телеграмға Кирилловтың отбасы мен әріптестеріне арнап жазба жариялады. «Бұл украиналық биліктің азабы» деді Медведев. Федерация кеңесінің вице-спикері Константин Косачев: «Генералдың қазасы орны толмыс өкініш» деген. «Біз Игорь Анатольевичпен Украинадағы америкалық биолабораторияларды парламенттік зерттеу аясында бірге жұмыс істеп едік» деген. Бірақ Киев биологиялық немесе өзге де тыйым салынған қаруларды жасап жатқанын жоққа шығарып, өтірік әрі пропагандалық айыптау тәсілі деп жауап берді.
«Уланған» жәндіктер
Генерал Кирилловтың өлімі биологиялық лабораториялармен байланысты екені түсінікті болды. Өмір бойы осы салада жұмыс істеген Кириллов 2018 жылы АҚШ-ты айыптап, сөйлеген болатын. Ол АҚШ әскери-биологиялық қарулар бағдарламасын Ресейге көрші елдерде іске қосты деген. Оның бірі – Грузиядағы Лугара орталығы. «Лугара орталығы – АҚШ-тың әскери-биологиялық қарулар бағдарламасының кішкентай элементі ғана. Ресеймен көршілес өзге елдерде бұл бағдарлама белсенді жұмыс істеп жатыр. Пентагон бақылауындағы лабораториялары бар. Лаборатория корпустарын реконструкциялау – Украина, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттерінде іске асып жатыр» деген. Лугара орталығы шынында Пентагонның қаржыландыруымен жұмыс істеп жатыр. Бұл орталықтың жұмысы ашық. Биологиялық қару жасаумен емес, керісінше, онымен күресумен жұмыс істейді. Өзге елдердегі Кириллов айтқан лабораториялар да өз жұмыстарын ашық айтып, биологиялық қаруға қарсы жұмыс істейтінін жасырмайды. Бірақ Кириллов содан бері бірнеше рет биолабораториялар туралы, олардың жасаған вирустары туралы сөздерін дәлелденген факті сияқты айтып жүрген.
2022 жылдан бері Кириллов өте белсенді болды. Брифингтерде айтқан сөздері әртүрлі болды. 2023 жылы Мангуш елді мекеніндегі ветеринарлық лабораторияда микроорганизмдердің эталондық штаммдарының коллекциясы табылғанын айтты. Бұл жаңа зерттеуде олардың АҚШ-тан әкелінгенін анықтаған-мыс. «Бұл жан-жануарлар мен жәндіктердің ауруларына арналған. Бұл АҚШ-тың биологиялық шабуылы» деген. Сонымен қатар Аскания-Нова паркінің қызметкерлері құстардың миграциясының маршрутын анықтапты. Ол құстар да Америкадан вирус әкелетін құстар болып шыққан. Одан бөлек, уланған масалар салынған дрондардың да Ресей жеріне ұшып келгенін «анықтағанын» айтқан.
Бірақ Кирилловтың бұл сөздері жай ғана айыптау күйінде қалған. Ешқандай дәлелдері болмаған. Кирилловтың бұндай мәлімдемелері көп. Тіпті тек славян халықтарына арналған арнайы биологиялық вирус ойлап тапқан. Ол адамдардың қаны арқылы жұғады. Тек славяндарға ғана әсер етеді екен.
Күдікті – Өзбекстан азаматы
Украина тарапы Кирилловтың өлімін өз мойнына алып отыр. Кеше РФ тергеу комитеті мен федералды қауіпсіздік қызметі Игорь Кириллов пен көмекшісінің қазасына күдікті ұсталғанын хабарлады. Күдікті – Өзбекстан азаматы.
Федералды қауіпсіздік қызметі Украинаның арнайы қызметі жалдаған адам деп мәлімдеді. «Күдіктіге 100 мың доллар төлеуге уәде берген» деді Ресейдің тергеу комитеті.
Вашингтон Кирилловтың өліміне АҚШ-тың қатысы жоғын айтты. «АҚШ бұл туралы алдын ала білген жоқ және қытысы да жоқ», – деді мемлекеттік департамент өкілі Мэтью Миллер 17 желтоқсандағы брифингте сөйлеген сөзінде.
Deutsche Welle басылымына Миллер Кирилловтың «химиялық қаруды қолдану қылмысына қатысы бар» деген. «Украина әскеріне қарсы химиялық қару қолдануға араласқан. Оның басшылығы тұсында Ресей күштері майданда халықаралық құқықты бұзып, улы заттар қолданды» деген.
Ресей сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мария Захарова: «Киев режимін құрып, оған демеу болып, ақша беріп, бақылаусыз қару жеткізіп жатып, қатысымыз жоқ деген жалған сөзді тыңдау күлкілі» деген. Захарованың айтуынша, Мәскеудің қолында АҚШ-тың мәлімдемесін жоққа шығаратын айғақтар бар.
Лазерлік қару
Украина Қарулы күштерінің ұшқышсыз ұшақтар жүйесінің командирі Вадим Сухаревский өздерінің лазерлік қарулары жасалып біткенін айтты. Бұған дейін бұл қару туралы ақпарат жоқ еді, көп ештеңе айтылмайтын. Перспективасы бар лазерлік қару көп мемлекетте де жоқ. Жаңа қаруды «Трезубец» деп атаған.
«Дәл бүгін Украина лазерлік қаруы бар бесінші мемлекет. Қазір екі мың шақырым биіктіктегі ұшақты атып түсіре аламыз», – деді Сухаревский Интерфакс-Украина басылымына.
Лазерлік қару туралы Сухаревский 16 желтоқсан күні Украина мен Еуропа арасындағы әскери өнеркәсіпті талқылауға арналған конференцияда айтқан. Қазір бұл қаруды жетілдіру мен масштабын үлкейту жұмыстары жүріп жатыр. Қарудың нақты сипаттамасы, шамасы және майданда қолданылған-қолданылмағаны айтылмаған.
Осылайша, Украина Ресейге қарсы шамасы жеткен барлық қарсылықты көрсетіп жатыр. Мәскеудегі аса қауіпті адамдарға қолы жете бастаған Украина майдан даласында да үстемдік етуге ниетті. Бұған дейін әуе қорғанысын күшейту керек деген Зеленский елі лазерлік қаруды игіліктеріне пайдаланатын шығар.
Қасым Арықбай