Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 14 Қыркүйек 2023

Өрісі кең, жолы тар қазақ ураны

None
None

«Росатом» «Буденовское» кенішінің 49%-ын сатып алды, бірақ бұл саудадан Қазақстан бір тиын алған жоқ.

Жақында АҚШ Ресейден келетін уран импортына шектеу қояды деген ақпарат тарады. The Diplomat басылымының хабарлауынша, тиісті заң жобасын АҚШ конгресмендері дайындап қойған. Егер Нью-Йорк Мәскеу уранынан шынымен бас тартса, бұл Қазақстан үшін тиімді болуы мүмкін. 

АҚШ-тың энергетика саласына уран импорты ауадай қажет. Кремльді кеудеден итерген Ақ үй оның орнын басатын шикізат көзін іздейтіні анық. Ал әлемде уран десе еске ең алдымен Қазақстан түседі. Жер бетінде жыл сайын өндірілетін уранның 40%-ын қазақ даласы беріп отыр. Демек, АҚШ Ресейден іргесін бөлсе де, Қазақстан уранынан қол үзе алмайды деген сөз. Өйткені АҚШ 2021 жылы өзіне қажетті уранның 35%-ын Қазақстаннан алған екен.

Санкцияға қарамастан, АҚШ пен Еуроодақ елдері Ресейден уран мен ядролық технология сатып алуды тоқтатқан жоқ. Украинада соғыс басталғаннан бері олар «Росатомнан» кем дегенде 1,7 млрд долларға өнім алған. Егер АҚШ бұл үрдісті тоқтатса, Еуропа елдері де қарап қалмайтыны анық. Олар да Ресей уранын импорттаудан бас тартуы мүмкін. Онда қазақ ураны үшін нарық тіпті кеңейеді. Бірақ «нарық дайын болса, өнім дайын» деп қызып тұрған сауда алаңына қойып кетуге Қазақстан дайын ба? Біріншіден, біздің ел уранды қажетті көлемде өндіре ала ма? Екіншіден, өндірген өнімінің жолын тауып, жетер жеріне жеткізе ала ма?

Солтүстік көршіміз санкцияға шырмалған соң біздің Батыс елдеріне өнім жеткізетін жолымыз тарылып қалды. Уран сияқты аса қымбат «тауарымызды» мұхиттың ар жағындағы қалталы клиенттерімізге қалай жеткіземіз? Транскаспий бағыты бар екені рас. Бірақ бұл сапардың да өзінік қиындығы бар. Бірнеше ел аумағынан өтуге тура келеді, оның үстіне теміржол, автожол және су жолын қамтитын логистика өте күрделі. Кей маман Қытай арқылы тасу тиімді екенін айтады. Өйткені бірнеше ел аумағынан өткеннен гөрі Қытайдың батысынан кіріп, шығысынан теңізге шығып кеткен оңай деп санайды. Бірақ бұл бағытты ашу мүмкін бе, оның қандай қиындығы бар?

Осы сұрақтарды талқылау үшін кезінде «Казатомөнеркәсіпті» әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания деңгейіне жеткізген Мұхтар Жәкішев мырзаға хабарласып, уран өндірісі тарихы мен оның бүгінгі жай-күйіне қатысты пікірін сұрадық.

Уранды шикізат күйінде ғана экспорттай аламыз ба?

Рас, Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші орында. Егер ядролық отын цикліне тоқталар болсақ, бірінші уран оксиді түрінде шикізаттың өзі алынады. Осыдан кейін уран газға айналдырылады (уран гексафториді). Бұл процесс конверсия деп аталады. Келесі сатыда газ күйіндегі уран байытылады (U235). Содан байытылған уран гексафториді уран диоксиді өндірісіне ауысады. Онда уран ұнтақ болып шығады. Бұл ұнтақтан таблетка жасалады. Ал дайын таблетка жылу бөлу құрылымына айналысқа енеді. Өндірістің толық циклы – осы.

Ал атом электр станцияларына арналған отын шығару жайлы айтсақ. Жалпы, уранды байыту өндірісімен айналысуға кез келген уран өндіруші елдің құқы жоқ. Мәселен, Иран бұл өндірісті қолға алды. Осыған байланысты оларға санкциялар салынып, енді МАГАТЭ-нің қатаң қадағалауында отыр. Әлемнен шет қалуына да осы бастамасы себеп. Өйткені байыту процесі өте нәзік келеді. 5% байытатын болса, ол ядролық отын болады. Ал 90% байытылған ураннан атом бомбасы жасалады. Яғни біз уран байыту өндірісіне араласқымыз келсе де, құрылғыларды бере қоятын тарап жоқ.

Сондықтан біз уақытысында Ресеймен қосылып, өндіріске араластық. Екі жақты келісімге сәйкес, біз оларға 5 мың тонна өндіретін уран көздерінің 50%-ын беруіміз керек болды. Оның қайтарымы ретінде біз Ресейдегі зауыттарда уран байытудың 50% өндірісіне ие болдық. Сол кезде біз уранды гексафторидтейтін зауыт ашуды жоспарлап, оны Үлбі металлургия зауытында ашатын болған едік. Өйткені Ресейдің уран байыту зауыттарының көбі Қазақстан территориясына жақын. Ал оларға бізден жақыны Өскемен қаласы болды. Осылай біз тасымал жолын қысқартатын едік.

Кейіннен «Қазатомөнеркәсіп» шешімімен бұл жоба тоқтатылды. Меніңше, бұл дұрыс қадам сияқты. Өйткені елімізде жасалған уран гексафторидінің әр келісін біз 7-8 долларға артық сата алғанымызбен, тасымалдайтын құты жағынан ұтылар едік. Яғни шикізат ретіндегі уран оксидін қарапайым бөшкелерде тасымалдауға болатын болса, конверсия процесінен кейінгі уранды тасымалдау үшін өте қымбат контейнерлер керек болады. Егер тасымал жолы алыс болатын болса, мұндай контейнерлер өте көп қажет болады. Енді оны Ресей емес, Еуропаға апарып байытатын болсақ, жол мен арнайы құралдар шығыны зауыттың бағасынан асып түседі. Демек, уранды конверсиялаудан ұтатын аздаған ақша басқа шығындарды жаба алмайды. Сондықтан конверсия процесі жүретін зауыт байыту процесі жүретін өндірістен алыс болмауы шарт. Осы тұста біз уранды Ресейден байытып әкеліп, Үлбі зауытында таблеткаға айналдырамыз деп шештік.

Бірнеше халықаралық келісімшарт аяқсыз қалды

Алдымызда бірнеше бағыт болды. Біріншісі – Жапондармен келісім. Олардың нарығына біз 800 тонна таблетка жеткізуіміз керек болған. Ал ол таблеткалар Жапония атом реакторларында қолданылатын болады. Бірақ бұл жүзеге асқан жоқ. Мен қамалғаннан кейін жапондар келісімшартты ары қарай жалғастырғысы келмеді және бұл мәселені қайта көтерген жоқ.

Екінші жолда Францияның «Арева» компаниясымен келісімшарт тұрды. 2008 жылы сол елге сапарым кезінде аталған компанияның басшысымен жолығып, талқыладық. Келісім бойынша «Арева» бізге Қытайда салынып жатқан Француз атом электр станцияларының реакторларына арналған «отын» шығару өндірісін беретін болды. Сол жылы келісім жасалды. 2021 жылы осы шарт шеңберінде Қазақстан Қытайға талапқа сай отын әзірлеп, экспорттады. Шамамен 200 тонна болса керек. Бірақ 2008 жылдары біз 300 тоннаға келіскен едік. Индияға да «атомдық отын» жеткізу туралы келісім басталған еді. Бірақ бүгінгі күні қарап отырып, ол келісімнің де соңына қол қойылмағанын айта аламыз. Яғни 2008-2009 жылдары жасалған келісімшарттардың ішінде біреуі ғана жүзеге асты. Біз осылай уран бойынша Жапония мен Индия нарығынан айырылып қалдық.

Сосын, әрине, ең бастысы Ресеймен арадағы келісім де дұрыс орындалған жоқ. Өз тарапымыздан уран өндіріс орындарының жартысын оларға берсек те, олар уран байыту зауыттарындағы 50% өндірісті берген жоқ. Анығында, Қазақстан тарапы да табандылық танытып, сұрамады. Бұл мен темір торға жабылғаннан кейін болып жатқан оқиғалар.

Тағы бір келісімді ұмытып барады екем. 2008 жылы Франция тарапы бізге «Жорж Бесс-II» уран байыту зауытының құрылысына араласуға ұсыныс жасады. Қызығы біз содан үш жыл бұрын, 2005 жылы «Жорж Бесс-I» зауытының 10% акциясын сатып алуды сұраған едік. Бермеді. «Мемлекет рейтингі жетпейді» деді. Яғни біз уран байытуға араласатын мемлекеттер қатарында жоқпыз. Арада үш жыл өткенде «Жорж Бесс-II» зауытын салуға ұсыныс түсті және бұл зауыттың 10 емес, 49% уран байыту өндірісіне иелік етуге құқымыз болды.

Бірақ біздің уран байыту жөнінде Ресейде үлесіміз болды. Бізге тағы уран байыту күші қажет пе, қажет емес пе – жан-жақты есептеу керек еді. Сондықтан біз француздарға «бір-бір жарым жылға тайм-аут алатынымызды» айттық. Одан кейін мен кеттім компаниядан… Сонымен келісімдер тоқтады.

Қазір «Қазатомөнеркәсіп» екі нәрсемен айналысып отыр. Әлемдік нарыққа уран шикізатын шығарады және Қытайға 200 тонна атомдық отын дайындап беріп отыр.

«Қазатомөнеркәсіптің» әлем алдындағы беделі

«Қазатомөнеркәсіп» жұмысын алғаш бастаған кезде біз уран оксидін емес, сары бөшке (желтый кег) дайындайтын едік. Түсінікті болу үшін айта кетейін, бұл 35% ураннан тұратын қоспа ғана болатын. Ал уран оксиді мұнан әлдеқайда қымбат өнім. Оның құрамында қоспасыз 86% уран болады. Кеңес заманында мемлекеттер арасында шекара болған жоқ. Ол кезде қазіргі Түркістан облысындағы уран өндірісінің бәрі Қырғыз жеріндегі Қара-Балта (Кара-Балтинский комбинат) комбинатына бағынатын. Сары бөшке сонда апарылып, уран оксидіне айналдырылатын. Ал қазіргі Қызылорда жеріндегі өндіріс шикізатты Тәжікстан жеріндегі комбинатқа жеткізетін.

Кеңес одағы тарағаннан кейін «Қазатомөнеркәсіп» құрылып, біз уран оксидін өз елімізде алуды жолға қоюға ұмтылдық. Осылай Үлбі зауытында өндірісті бастадық. Степнагорскідегі зауытты да осы жұмысқа жұмылдырдық. Соңыра уран кендерінен алыс емес, Таукент қалашығының маңынан өзіміздің жеке аффинаж зауытын салдық (Аффинаж – ауыр металдарды қоспадан тазарту процесі).

Содан бастап бізде көтерілу басталды. Бүкіл зауыттарымыз тек уран оксидін алуға жұмыс істеді. Сары бөшке өндіруді ұмыттық. Уран өндірісі бойынша әлемдегі бірінші орынға көтерілдік. Қырғыз Республикасы мен Тәжікістанның қызметінен бас тарттық.

Өзімізден шығатын уранның бағасын өсірудегі бұл алғашқы қадам еді. Ал конверсияға байланысты қадамымыз тиімсіз болғанын және уран байыту процесінің қолжетімсіз болғанын жоғарыда айттым.

Тағы да қайталағым келеді. Басқа салалар сияқты «уран байытуды» бастап кете алмаймыз. Ол технологияға қол жеткізу өте қиын, тіпті мүмкін емес десем болады. Өйткені ол ядролық технология болып саналады. Бұл процеске ынтымақтастық арқасында ғана қол жеткізуге болады. Ал ынтымақтастыққа жетудің өзі еліміздің әлем алдындағы абыройының өсуімен байланысты болды. 1998-2009 жылдар арасында Қазақстанның рейтингі өсіп, ядролық технологиялармен бөлісуге болатын «ақ мемлекеттер» қатарына өттік. Осының арқасында Америкалық компаниялармен тығыз қарым-қатынас басталды. «Вестингауз электрик» компаниясының 10%-ын сатып алатын кезде АҚШ-тың шетелдік инвестициялар жөніндегі комитетінің тексеруінен өттік. Бұл өте жоғары көрсеткіш болатын және «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының әлем алдындағы беделінің белгісі еді.

Уран экспортында қай бағытты таңдаймыз?

 Бұрын өнімімізді халықаралық нарыққа Ресей территориясындағы Санкт-Петербург порты арқылы шығаратын едік. Бірақ дәл қазіргі әлемдегі жағдайларға байланысты бұл жолдың қандай жағдайда екенінен хабарсызбын.

Ал Қытай мен Каспий теңізі арқылы тасымалдау мүмкіндігі қандай?

Қытаймен тасымал бойынша мен ұсталғанға дейін талқылағамыз. Дәл Жапониямен келісім жүргізіліп жатқанда Қытай территориясы арқылы жеткізуді ойлап, ондағы порттардың талаптарын қарастырдық. Өйткені Жапонияға ядролық өнімді тек арнайы сертификаты бар порттар арқылы жеткізуге болады. Ондай әлемде екі-ақ порт бар. Бірі – АҚШ-та, екіншісі – Францияда. Әрине, Франция арқылы жеткізудің мәні жоқ. АҚШ тіпті алыс. Сондықтан Қытай тарапына ұсыныс жасап, Жапонияға жақын жағалауларының бірін алып, сертификаттайтын болып келістік. Бұл бастаманы Жапония да қолдады.

Бұл өте қиын шаруа болатын. Расы керек, ресми қарым-қатынастардан бөлек, бұл келісімге менің жеке қарым-қатынасым да әсер етті. Өйткені Қытай мен Жапония тарапындағы осы шешімді қабылдаушы адамдармен менің арамда достық қарым-қатынас өте жақсы болатын. Осы негізде Қытай өз территориясы арқылы байытылған уранды өткізуге, ал Жапония Қытайдың бір айлағын сертификаттауға келісім берді. Бәрі қағаз жүзінде қалды ғой. Екі тарап та мен ұсталғаннан кейін бұл тақырыпты жауып тастады.

Сонымен, Қытай арқылы тасымалдауға болады. Тіпті Қытайдың өзі қазір дамып келе жатқан нарық. Арамызда ел жоқ. Сондықтан Қытайдың өзіне тасымалдаудан ши шықпайды. Ал Қытай арқылы үшінші елдерге тасымалдауға болатынын білсем де, қазіргі жағдайда кесіп айта алмаймын. Оған тағы әлемдегі ахуал себеп болып отыр.

Каспий теңізі арқылы тасымалдауды да кесіп айта алмаймын. Әрине, уран өте қымбат өнім. Сондықтан оның тасымалына кететін шығын пайданың көп бөлігін алмайды. Дегенмен Каспий бірнеше мемлекетке қарайтын теңіз ғой. Оның үстімен радиоактивті өнімді алып өту қалай болар екен?! «Қазатомөнеркәсіпке» хабарласып, анықтап көргеніңіз жөн. Бәлкім, олар Ресей арқылы тасымалды жалғастыра беретінін айтып қалар. Ал «Росатомға» санкция салынатын болса не болмақ? Бәлкім, «Қазатомөнеркәсіп» қосымша жолдар қарастырып жатқан шығар. Өздерінен сұрап көріңіз.

«Росатом» Қазақстан уран өндірісіне қалай әсер етеді?

Ресейлік «Росатом» біздің «Буденовское» кенішінің 49% үлесін сатып алды, бұл Қазақстанның уран өндірісіне ешқандай зиянын тигізбейді. Себебі бұл «Буденовское»кен орнында өнім шығаруға кедергі емес. Бұл жерде басқа мәселе бар. Мәселе мынада, Қазақстан кеніштің 49%-ын сатқаны үшін ештеңе алған жоқ. Бұл біздің елдің кен орны, оның үлесін сатып алғаны үшін «Росатом» төлеген ақша Қазақстан бюджетіне түсуі керек еді. Бірақ ол ел бюджетіне емес, жеке тұлғалардың қалтасына түсіп кетті. Оны олигархтар Василий Анисимов пен Александр Клебанов сатқан. Басқаша айтқанда, жеке тұлғалар қазақстандық кеніштің 49%-ын сатып жіберді, ал бұл саудадан мемлекет бір тиын алған жоқ. Бұл жердегі басты мәселе – осы.

P.S.2021 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 815 200 тонна уран қоры бар. Әлемде Аустралияда ғана уран қоры бізден көп. «Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компаниялардың бірі. 2022 жылы еліміз 21 227 тонна уран өндірді. Бұл – әлемдегі бір жылдағы жалпы өнімнің 43%-ы. 2022 жылы әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты уран бағасы 31% өсті. Соның арқасында Қазақстанның уран сатудан тапқан таза пайдасы 2021 жылмен салыстырғанда 115% артып, 473 млрд теңгеге жетті. Бұл таза пайда, ал бір жылдағы жалпы кіріс – 3,4 млрд доллар. «Қазатомөнеркәсіп» биыл алғашқы алты айда 619 млрд теңгеге өнім сатты, таза пайда 222 млрд теңге болды.

2022 жылы Қазақстанның сыртқы саудадағы экспорт көлемі 84,4 млрд доллар болған. Уран ел қазынасына ең көп олжа салған өнімдер тізімінде үшінші орында тұр ($3,4 млрд). Ең көп табыс мұнайдан түседі ($46,9 млрд), ал екінші орында мыс саудасы тұр ($3,7 млрд).

Осындай ірі өндірісті Ресейдің ығына жығылмай, өз бетімізше өндіріп, сата аламай отырғанымыз жасырын емес. Өнімімізді Транс-Каспий немесе Қытай арқылы Батыс елдеріне саудалауға Ресей жол бере ме, жоқ па, белгісіз. Биыл 19 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транс-Каспий бағыты арқылы тасымал мөлшері 2030 жылға дейін 500,000 контайнерге жететінін айтты. Бірақ бұл солтүстіктегі көршімізге ұнамайтыны анық. Қазақстанның жаңа жол іздей бастағанын естіген Ресей тарапы ыңыршағын бауырына алып тулап жатыр. Қазірше БАҚ-та ақпараттық шабуыл жасауда. Егер Қазақстан жаңа көлік дәлізін ашуға шындап кіріссе, Кремль қожайындары да қарап қалмайтын сияқты. Астанаға түрлі тәсілмен қысым жасап, Мәскеуден алыстатпауға тырысатыны анық.

Жазып алған

 Қуаныш Қаппас

Тегтер: