"Орыстар – әлдеқайда білімді, жауапкершілігі жоғары және тиянақты" – Марғұлан Тұрсынов

Қазақстанда қазақ тіліне, қазақ ұлтына қатысты ойланбай, оғаш айтылған кез келген сөз бірден резонанс тудырады.
Оғаш ой айтқан адам да, құрметсіздік көрсеткен қандай да бір компания да көп өтпей елден кешірім сұрап жатады. Бірақ қанша қайталанса да одан ештеңе өзгермейді. Осымен болған шығар деп жүргенде тағы да «жер астынан жік шығады».
Сәрсенбі күні дәл осы оқиға айна-қатесіз қайталанды. Аптаның сөзін ZTB медиасының негізін қалаушы Марғұлан Тұрсынов айтты. Ол әлеуметтік желіде ештеңенің қарасы жоқ (!) орыстар (орыстілділер емес) туралы жазба жариялады.
«Соңғы кездері біздің елде орыстарға қатысты национализмнің ұшқыны байқалады. Жергілікті ұлт өкілі ретінде мойындайын, мен оларға басқаша қараймын. Мен көп жағдайда қандай да бір мәселелер бойынша соларға жүгінем. Техника, машина жөндеу болсын, дизайн, бухгалтерия, т.б. болсын. Өйткені оларды әлдеқайда білімді, жауапкершілігі жоғары әрі тиянақты деп есептеймін. Шынымды айтайын, мен күнделікті өмірде олар болмаса қатты қиналам».
Бас-аяғы – осы. Сол-ақ екен, дау басталып кетті. Әсіресе біз тақырыпта келтіріп отырған үзінді – қазақтарды кемсіту деп қабылданды. Қазақты жалқау, кертартпа, білімсіз санайтын стереотиптің күні өткені, біздің ұлттың заманауи білімге де, техникаға да жетік екені, т.б. мәселелер көтерілді.
Әдеттегідей, Тұрсынов жазбасын өшіріп тастады. Кешірім сұрап, ойын дұрыс жеткізе алмағанын айтып бір жазба, артынша «өз кемшілігімізді айтып үйренейік» деп, тепсінген тағы бір жазба қалдырды. Қазір оның өшіріп тастаған жазбасының көшірмесі мессенжерлерді кезіп кетті. Сотқа тартылуы мүмкін екенін айтып жатқандар да бар. Ұлтаралық араздық мәселесінде өте жылдам әрекет ететін қазақ билігі қандай реакция көрсететіні белгісіз. Әзірге ешқандай мемлекеттік орган ресми мәлімдеме жасаған жоқ.