«Орыстардың құлысың!» — Мәскеуде жергілікті азамат өзбек мигрантына балағат сөз айтқан

Мәскеу облысында ресейлік азамат Өзбекстаннан келген такси жүргізушіні қорлап, ұлттық намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін қоғамда кең талқыланып жатыр
Химки қаласындағы тұрғын үй кешенінде болған жанжал кезінде ресейлік ер адам өзбек таксистке: «Сен құлсың, орыстардың құлысың! Аузыңды ашпа. Өзбекстанда ештеңе жоқ болған соң осында келдің. Үйіңде емес, жұмыс істеуге келдің, ендеше жұмысыңды істе», – деп айқайлаған. Ол тағы да Өзбекстан азаматын түрлі балағат сөздермен қорлаған.
Такси жүргізуші жанжалға жауап қатпай, оқиға орнынан кетіп қалған. Куәгерлердің айтуынша, жанжал такси көлігінің қысқа уақытқа аулаға кіруді бөгеп қалуынан басталған.
Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің жауабы
Әлеуметтік желілерде қызу талқылаудан кейін Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі тікелей бұл оқиғаға тоқталмаса да, ресми мәлімдеме жасады. Министрліктің ресми өкілі Ахрор Бурхонов:
«Өзбекстан Конституциясы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес, біздің азаматтарымыз дүние жүзінің кез келген жерінде мемлекет қорғауында. Егер олардың құқықтары мен заңды мүдделері бұзылса, дереу сол елдің құқық қорғау органдарына жүгінуі тиіс. Сондай-ақ, өзбек азаматтары дипломатиялық өкілдіктер мен консулдықтарға хабарласа алады», – деді.
Ресейдегі мигранттарға қысым
Бұл — Ресейде Орта Азиядан барған еңбек мигранттарына көрсетілген дөрекі әрі адамгершілікке жат қылықтың алғашқысы емес. Бұған дейін өзбек азаматтарын заңсыз рейдтерде қорлау, күш қолдану, тіпті Ресей-Украина соғысына күштеп тарту деректері болған.
Жақында ірі қалаларда мигранттарды жүзінен анықтайтын камералар орнатылып, олардың жүріс-тұрысын бақылау тәжірибесі енгізілді.
2025 жылғы 8 маусымда Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында өткен рейд кезінде жүздеген мигранттар қорланып, кейбірі көшеде түнеуге мәжбүр болған еді. Сол кезде Өзбекстан СІМ алаңдаушылық білдіріп, Ресей билігін азаматтарға құрметпен қарауға шақырған. Тіпті Өзбекстан елшілігі Ресейге нота да жіберген. Алайда әзірге ресми жауап немесе нақты шара туралы ақпарат берілген жоқ.