Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 20:30

Өркен Кенжебек: Ақтау битум зауыты – өңірдің тамырына қан жүгірткен кәсіпорын

Caspi Bitum

Қазақстанда макроэкономикалық өсім жайлы жаңалықтар жиі айтылып жатады. Бірақ бұл жолғы мәлімет – жай ғана құрғақ статистика емес, өңірлердегі нақты өзгерістердің айғағы. Кешегі әлеуметтік желілерде жарияланған фотожұмбақтың жауабы – Ақтаудағы Caspi Bitum зауыты. Биыл модернизациядан өткен кәсіпорын жылына 750 мың тонна битум өндіруге қауқарлы. Бұл елдің жол саласына, құрылыс индустриясына тікелей әсер ететін қуатты фактор. Ал зауыттар жұмысының жандануы макроэкономикаға да серпін беріп отыр.

ЖІӨ өсімі – құрғақ сан емес

Жыл басынан бері Жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 6 пайызға артты. Бұл — жай бір пайыздық өсім емес. Оның ар жағында қалалардағы нақты өзгерістер, инфрақұрылымның жаңаруы, инвестиция ағыны жатыр. Осы өсімді қамтамасыз еткен негізгі салаларға тоқталсақ:

 Өнеркәсіп: +6,4%

Бұл сектордағы өсімнің көшін Жамбыл облысы (+22,9%) мен Шымкент қаласы (+18,9%) бастап тұр. Цемент, қант сияқты маңызды өнімдердің өндірісі артты. Зауыттар жұмыс істеп, өндірістік қуаттылық ұлғайып келеді.

 Құрылыс: +15,4%

Құрылыс саласындағы серпін — ерекше. Бірнеше өңірде мектептер, ауруханалар, жолдар салынып жатыр. Қызылордада атқарылған жұмыс көлемі 65%, ал Астанада 51,8%-ға артқан.

Тұрғын үй: 6 млн шаршы метр

Жыл басынан бері 6 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Бұл – мыңдаған отбасының қоныстойы деген сөз. Әсіресе Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент белсенді.

 Көлік және логистика: +23,1%

Көлік саласындағы даму қарқыны — керемет. Жүк тасымалы мен логистика жүйесі жаңғырып жатыр. Жетісу мен Абай облыстары бұл салада алдыңғы қатарда.

 Инвестиция: +18,2%

Негізгі капиталға құйылған инвестициялар 18,2%-ға өсті. Қаржы негізінен нақты секторларға бағытталған. Оның ішінде теміржол, өңдеу кәсіпорындары, инфрақұрылым нысандары бар. Жетісу облысында инвестиция көлемі 62,7%-ға ұлғайған. 

Сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс

  • Сауда – +7,8%

  • Байланыс пен интернет – +2,8%

  • Ауыл шаруашылығы – +4%

Бұл салалар – жұмыс орындарының, табыс пен тұрмыстың негізі. Экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік ахуал үшін маңызы зор.

Көпшілігіміз экономикалық өсім жайлы айтылғанда, «іш пыстыратын статистика» деп қараймыз. Бірақ бұл – нақты зауыт, мектеп, үй, жол, жұмыс орны, жаңа мүмкіндіктер. Мұның бәрі мемлекеттік бағдарламалар мен бизнестің шынайы нәтижесі екенін ұмытпау керек.

Егер осындай даму үдерісі тұрақты жалғасын тапса, Қазақстанда өмір сүруге шын мәнінде қолайлы орта қалыптасатыны анық. Керегі де – осы.

Тегтер: