Өркендеу мен құлдырау траекториясы

Адамзат шежіресінің тарихы мен саясатын, руханияты мен экономикасын бір арнаға тоғыстырып, сараптаған;
Мемлекеттердің дамуы мен құлдырауын салыстырып, ортақ себептерін бай мысалдармен көрсеткен;
Қоғамды алға сүйрейтін, я тежеп ұстап тұратын саяси, әлеуметтік институттардың негізгі қағидаларын, қателіктерін тізбектеп берген;
Адам өмірін жеңілдеткен жетістіктер мен кертартпа биліктің портретін жасаған, әлемдік бестселлер «Мемлекеттер неге дамымай қалады? Биліктің, өркендеу мен кедейліктің бастауы» атты кітап қазақ тілінде шығып, оқырмандардың олжасына айналған еді.
Бұл кітапты қазақ тіліне аударып, шығарған «Мазмұндама» қоғамдық қоры, аудармашысы – Өмірзақ Ақжігіт. Аудармашының атын әдейі айтып отырмын. Өйткені көп жағдайда кітаптың аты, шығарушысы аталады да, аудармашының зор еңбегі елеусіз қалады. Кітап қазақ тіліне жатық, оқуға жеңіл аударылған. Әлемдік оқырмандардың пікіріне сүйенсек, түпнұсқасы да барынша оқуға жеңіл болатындай, көркем, тартымды стильмен жазылған. Қазақ қоғамына, парасатты оқырмандарға олжа болған таңдаулы кітаптың қазақ тіліне аударылғаны біздің рухани кеңістігіміздегі, кітап, баспа ісіндегі үлкен жеңіс болды деп ойлаймыз. Өйткені қазір кітап шығарушылар көбейіп келеді. Бірақ талғам, таңдау жетіспей жатыр. Әлемде көп сатылды екен деп, кітаптарды талғамай аудара беру де дұрыс емес.
«Мемлекеттер неге дамымай қалады?» атты кітаптан жаһандық теңсіздіктің себебін саралап, әлемнің байлығы жер бетіндегі елдерге біркелкі неге бөлінбейді деген сұрақтың жауабын табуға болады.
Дарон Аджемоглу мен Джеймс Робинсон политехнология саласында табысты еңбек етіп келе жатқан ғалымдар. Олардың таныстығы сонау студент күндерінен бастау алады. Екеуі бірігіп, бірнеше кітап жазды. Бұл еңбектері Сэмюэл Хантингтон, Джаред Даймонд немесе Фрэнсисс Фукуяма, Эрик Райнерт еңбектерімен салыстыруға болатын, соңғы уақыттағы ең ірі саяси-экономикалық бестселлердің бірі. Экономист пен саясаткерлерді, тарихшы мен философтарды ғасырлар бойы алаңдатқан сұраққа жауап іздеген кітапты оқырмандар «Адамзат баласы өмір сүрген барлық уақыт пен кеңістікті қамтыған кітап саяси-экономикалық ойдың энциклопедиясына айналды» деп бағалады.
Әлемде қалыптасқан геосаяси, геоэкономикалық жағдайға байланысты елдердің экономикасы тұрақты болмай жатыр. Дамыған елдердің өзі қиындыққа бетпе-бет келді. Бірақ саяси институттары дұрыс қалыптасқан, бесекелестік жоғары елдер қиындықты күнделікті жағдай деп қабылдайды. Ешкім алдағы қиындықтардан қаша алмайды. Тек оны шешудің жолын білу керек. Робинсонның пікірінше, ондай қиындықтарды жеңудің жолдары бар. «Менің ойымша, ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды жүйелеп, соған сай жұмыс істеу маңызды. Инфляцияны құрықтауда осы үдеріс маңызды рөл атқарады. Егер жан-жақты жүйеленген жоспар болса, тіпті күрделі геосаяси жағдайда да өркендеудің жолын табуға әбден болады.
Нарықтық экономикада жеке секторды қолдап отыру маңызды. Жалпы Қазақстанның даму перспективасын сөз еткенде, Оңтүстік Кореяның тәжірибесін үлгі етуге болады. Корей билігі «Samsung» компаниясының жұмысын тежемей, қайта қолдап, мобильдік байланыс технологиясын кластерлік тұрғыда дамытуға мүдделік танытты.
Даму үшін не істеу керек? Бірінші, адами капиталдың сапасын арттыру керек. Онсыз өркениет көшіне ілесу мүмкін емес. Озық елдердің тәжірибесінен жүйелі жоспарлау және қоғамдық институттарды дамыту арқылы дамудың жолын тапқанын көруге болады», – деген еді Робинсон.
Бұл кітапта авторлар Рим империясынан бастап, бүгінгі озық және кедей елдердегі саяси, экономикалық және әлеуметтік институттарды салыстыра зерттеп, даму мен кенжелеудің негізгі себеп-салдарын түсіндіреді. Әрі АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Швейцария, Норвегия, Жапония, Оңтүстік Корея сынды әлемнің оза дамыған елдеріндегі әлеуметтік, саяси және экономикалық институттардың шешуші рөл атқарғанын айғақтайды.
Бастысы, Африка, Азия және Латын Америка құрлығындағы кедей елдердің экономикалық мешеулігіне этностық құрамы, мәдени әдет-ғұрпы, діни ұстанымы, географиялық мекенжайы, климат ерекшелігі ешбір әсер етпейтіні, тақыр кедейліктің сыры әлгі мемлекеттердегі билеуші топ өз мүддесін халық мүддесінен жоғары қойып, жасанды саяси-экономикалық институттарды қалыптастыруынан орын алғанын зерттеу нәтижесінде дәлелдейді.
Авторлардың пайымдауынша дамыған елдердің өрлеу траекториясы ұқсайды, сол сияқты құлдыраған, я тежелген елдердің де кері траекториясы ұқсас. Бәрі қоғамдағы саяси институттардың ұстанып отырған саясатына байланысты.
Авторлар алдымен кей мемлекеттердің кедейлігінің бастауында не тұрғанын анықтауға тырысады. Ең кең таралған себеп, я теория мемлекеттердің климаттық жағдайы. Мемлекеттердің климаттық жағдайының жақсы, я жаман болуы оның бай, я кедей ел болуына әсер ететін фактор ретінде қарастырылып келді. Аджемоглу мен Робинсон бұл теорияны жоққа шығарды. Себебі бір ғана климат ештеңені шешпейді. Климаты ауыр елдердің қазба байлық деген ресурстары болса, адам капиталы дамыған болса, елдің бай болуына климат кедергі болмаса керек.
Авторлар келтірген қарапайым ғана мысал бар. Ногалес қаласы туралы. Ортасын қорған бөліп тұрған қаланың климаттық жағдайы бір. Бірі – АҚШ-тың Аризона штатында орналасқан. Екіншісі – Мексиканың Сонора штатының құрманы кіреді. Бірақ екі елдің халқының тұрмыс салты, әлеуметтік жағдайы, тіпті жас ұзақтығы да әртүрлі. Осы жерде ғалымдар тұрақты экономикалық дамудың жемісін көрсетеді. АҚШ-та инклюзивті институттар жақсы дамыған. Және халық пен биліктің арасында «билік – менеджер» деген ұғыммен байланыс орнатылғанын айтады. Әрқашан билік принциптері дами отырып, заң мен қаржылық институттар, саяси құрылымдар халыққа басымдық беріп, ғасырдан ғасырға өсіп отырған. Ал Мексикада саяси, экономикалық тұрақтылық жоқ. Билік бір қолға шоғырланып, тұтасқан бір институт қалыптасқан. Билік басындағылар ауысып отырғанымен, ешкім ол институттарды өзгертуге құқылы болмаған. Яғни халыққа басымдық беріліп, жекелеген адамдардың, бизнестердің дамуына жағдай жасалмаған. Тек жоғары билік элитасы әрқашан өз мүддесіне жұмыс істеп отырған.
Экономикалық тұрақтылық ғылыми-техникалық прогреспен тікелей байланысты. Неғұрлым ғылым дамыған сайын, экономикада тұрақты бола береді. Плюралисті саяси институттар осы үрдісті жүзеге асыратын механизм деген тоқтамға келеді. Авторлар бұл анализдерін Британ, Осман, Рим империяларының, КСРО, Жапония, Австралия, Индия, Қытай сияқты мемлекеттердің экономикалық траекториясын жазу арқылы дәлелдеп көрсетеді.
Аджемоглу мен Робинсон қоғамның негізін саяси және экономикалық институттар құрады деп есептейді. Саяси институттар мемлекеттегі билік өкілеттіктерінің әртүрлі күштерге тең бөлінуін қамтамасыз етсе, экономикалық институттар азаматтардың бай-қуаттылығын қадағалайды. Осы екі институтқа тән тағы екі бейне болады дейді. Ол сығымдалған және біріктіретін бейне. Мемлекет осы екеуінің қайсысын ұстанады, соған байланысты өркендеу болатынын алға тартады.
Авторлардың пайымдауынша әлемді алға сүйреген – өнеркәсіптік революция. Ол Еуропа елдерінде басталды. Нақтырақ айтсақ, ағылшындардан. Өнеркәсіптегі революция ағылшындардың экономикалық өмірінің барлық саласына әсер етті. Көлік, металлургия, бу энергиясын пайдалану, тоқыма салаларында үлкен жетістіктерге жетті. Осылардың ішіндегі тоқыма өндірісін механикаландыру мен фабрикаларды дамыту үлкен жеңіс болып есептелді. Бұның өзі Елизавета І кезінде болған қызық оқиғалар. Бұндай динамикалық үдеріске институционалдық өзгерістер арқылы жетті. Революциядан кейін ішкі онополияны жеңіп, түрлі салықтар мен қаржылық ресурстарға қол жеткізумен ғана шектелмей, өнертапқыштар мен кәсіпкерлердің мүддесіне сәйкес экономикалық институттарды қайта құрып шықты. Бұл – меншік құқығына кепілдіктің сенімділігін арттырған еді. Меншік құқығына кепілдік артқан соң өнеркәсіпте революция болды. Бұған көлік саласындағы қарқынды даму да оң әсер етті.
Қарап отырсаңыз, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты үрдістер. Қоғамды тек ғылым жеке дара дамыта алмайды. Я болмаса экономика өзінен-өзі дамымайды. Ғылым, өнеркәсіп, сауда, экономика, саясат, құқық кешенді дамыған кезде қоғам да дамып, мемлекет бай болады екен. Бұлардың бәрінің теңгерімін заң жүзінде ең алдымен реттеу керек. Бұның бәріне алдымен заң керек. Заң реттейді, бақылайды, қаржы бөлгізеді.
Мысалы, Англиядағы көлік революциясын табиғатын жер пайданалу реформасының жүзеге асырған парламенттік актілер өзгертіп жіберген. Бұрын жердің бәрі билеушінікі деп саналса, енді сенімді иелену процесі басталып, жерді экономикалық тұрғыда тиімді пайдалану кезеңі басталған. Мемлекеттердегі жағдайлардың бәрінің мысалдары өзге болғанымен, түп негізі бір. Бәрінің мақсаты елді байытып, мемлекетті дамыту. Ол үшін авторлар Еуропа, Азия, Африка, Америка елдерінің саяси, экономикалық өмірінен мол мысал келтіре жазады.
Еуропаның Испания, Португалия сияқты елдері құрлықтарды жаулап, оларды өзінің отарына айналдыруда ертерек бастап кетті. Ағылшындар бұл істе кенже қалып, олардың аяғы Америкаға жете алмай қалды. Олар жаулаған елдердің қазба байлығы мен өзге де ресурстарын Еуропаға тасыды. Бір жағы Еуропа елдерінің бай-қуаттылығында олардың күштері де жатқандай.
Авторлар осы заманғы елдердің де экономикалық дамуына тоқтаған. Қытай, Корея мен Жапония, Сингапур мысалдары сізді оқырман ретінде қызықтармай қоймайды. Осылардың қай-қайсының да даму негізінде түбегейлі реформа жатты. Авторлар географиялық, этникалық, мәдени, надандық теорияларын мысалдармен көрсетіп береді.
Осы кітапты оқып отырған кезде күшті мемлекет пен әлсіз мемлекетті, бай ел мен кедей елді авторлардан тыс өзіңіз де пайымдап көресіз. Қару дамып, саяси институттар мен құқықтық база дамымай тұрып, адамзат баласы бір-біріне зұлымдық істеген. Канкистодорлар Америкаға барғанда ондағы тайпалардың ешқандай құндылығына қараған жоқ. Адамдарын, ақсүйектерін де сыйламады. Басып, жаншыды. Тоздырды. Одан екі ғасыр өткеннен кейін КСРО да өз азаматтарына (отарындағы) репрессия жасап, қанды қасапқа салды. Қазір заман өзерді. Адам табиғаты өзгерген жоқ. Дамуға, билеуге құштар.
Бұл кітап көп жылдар бойы Дарон Аджемогулының экономикалық өсім туралы зерттеуі мен Джеймс Робинсонның әлем елдерінің бақуатты жағдайын зерделеген тынымсыз еңбегінен туған. Бұл еңбек жазылу үшін 300-ден астам ғылыми жұмыстарға сараптама жасалды. Политехнология саласында жазылған кітап осыған дейін өмір сүрген және қазір жұмыс істеп тұрған институционалдық мектептерге шолу жасайды. Мемлекеттердің тұрақты дамуы мен баю механизмін саралап, табысқа жету жолындағы институттардың рөлін анықтап береді.
Бағашар Тұрсынбайұлы