Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:44

Мүсілім Әмзе: Оркестр рухын оята білген дирижер 

Мүсілім
Фото: ашық дереккөз

– Нұрғиса Тілендиевтің композиторлығы мен күйшілігі жиі сөз болады да, дирижерлік қыры көп ашыла, айтыла бермейді. Тілендиевтің дирижерлік өнерге қосқан жаңалығы қандай? Нұрғиса феномені неде? 

– Жақсы сауал қойдыңыз. Осы мәселе мені де толғандырған. Дирижерлік өнерге бет бұрған соң, барша дирижердің өмірбаяны, шығармашылық мұрасы, қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі туралы іздедім. Жүйелі түрде жазылған еңбек болмады. Сондықтан «Қазақстан дирижерлік өнері: қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері» монографиялық жұмысымды бастадым. Оның ішінде Н.Тілендиевтің де дирижерлік қызметіне тоқталдым. Архив дерегі бойынша ол «15. 10. 1945–30. 10. 1948 аралығында Жамбыл атындағы филармония құрамындағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық оркестрінің дирижері. 26. 11. 1948–6. 09. 1950 аралығында Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері. 1952 жылдың 1 тамызынан бастап Абай атындағы опера-балет театрының дирижері болған. 1952–1960 жылдар аралығында 8 жыл опера дирижері қызметін атқарған. Дирижер ретіндегі тәжірибесі Абай атындағы опера-балет театрының бас дирижері, Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижері (1960–1964), «Отырар сазы» оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін (1982–1998) атқарған. Театрдағы дирижерлік қызметін «Абай» операсымен бастаған. А. Кельбергтің айтуынша, «Тілендиев келесі маусымда бүкіл қазақ репертуарын меңгеріп, біртіндеп «Аққулы көл», «Евгений Онегин», «Травиата», «Риголетто», «Су перісі», «Бақшасарай бұрқағы», т.б. көптеген спектакльдерді жүргізе бастады». Демек, Н.Тілендиевтің театр дирижері ретіндегі беделі жоғары әрі репертуары да көлемді болған. Қазақ ұлт аспаптары, опера-балет театры және «Отырар сазы» сияқты өнер ұжымында қызмет еткен, халық музыкасы мен Батыс Еуропа классикасын жетік меңгерген, репертуары бай, жан-жақты дирижер болып танылды.

– Нұрғисаның көзін көргендер әзіл-шыны аралас Нұрғиса құлағымен дирижерлік етеді деп жатады. Осы орайда мықты дирижер болу үшін адамда мықты мінез болу керек. Жалпы Нұрғисаның дирижерлік мінезі, болмысы қандай еді?

– Тілендиев – бойындағы бар күші мен шығармашылық қуатын оркестрге арнаған және оны соңынан шүбәсіз ерте алатын, сахнада өзін еркін сезінетін дирижер. Тағы да зерттеуші А.Кельбергке жүгінсек: «Дирижер оркестрмен шапшаң әрі қызықты жұмыс істей білді. Үйретері мол, түсіндіру тәсілі сан қилы, шығарманы талдауы бөлекше. Нұрғиса қобызшылар мен домбырашылардың топтық дайындығына жиі қатысып, ілесе алмаған музыканттардың көмекшісі бола білді» деп, Н.Тілендиевтің жұмыс стиліне, әдістеріне назар аударады. Дирижерге қажет барлық қасиет бойынан табылады. Десе де, оның басты қасиетінің бірі – оркестрдің рухын оята білуі. Мануал техникасы ешқандай қалыпқа сыймайтын өзгеше. Көзқарас және мимикамен басқарудың нағыз маманы. Бұған оның соңында қалған видеожазбалары куә. Соңында видеожазбасы қалған аз дирижердің бірі. Музыканттар арасында шексіз бедел мен құрметке ие болды. Бойындағы табиғи еркелік пен тентектікті дирижерлік өнерде еркін пайдалана білді. Тілендиевтің буырқанған асау һәм шалт мінезі музыкадан сезіліп тұрады, тыңдарманын бірден баурап әкетеді. Композитор М.Төлебаевтың дирижер Н.Тілендиевтің талантына тәнті болып, «Құдай берген табиғаты бай музыкант, тек білімін көтеріп, творчествоның азабына шыдамы жетсе, төгіліп тұрған музыка ғой ол!» деген. Дирижерлердің ішінде жойқын жетекшілік қабілеті бар тұлға деп атар едім.

– Нұрғиса Тілендиев тек қана кәсіби оркестрлерді емес, халық аспаптары оркестрін де биік деңгейге көтерді. Сіздің ойыңызша, ол дирижер ретінде ұлттық оркестр мәдениетінде қандай да бір бағыт, мектеп қалыптастыра алды ма?

– 1950 жылдардан бастап Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы дирижерлік білім беру ісін қолға алып, кәсіби дирижер түлектерді шығарды. Дирижерлік өнердің негізгі талаптары қатая түсті. Себебі дирижерлермен қатар басқа кәсіби музыканттар да консерватория бітіріп, біліктілігі жоғарылай бастады. Е.Брусиловский сияқты кәсіби композитордан тәлім алған, түрлі композиторлардың оркестр үшін жазған шығармалары да күрденеле түсті. Оларды биік деңгейде көрсету үшін оркестрге де, дирижерге де үлкен біліктілік пен шеберлік керек болды.

Н.Тілендиевтің консерватория қабырғасында Қ. Жантілеуов пен А. Жұбановтың тәрбиесінде болғаны тарихтан белгілі. Әкесінен үйренген көне күйлерді шебер орындаған виртуоз домбырашы ретінде өзіне дейінгі күйшілік дәстүрді бойына сіңіріп, бірнеше күй шығарған. Дирижерліктен бөлек қазақ музыка тарихында мол мұра қалдырған композитор. Оның музыкасынан нағыз халықтық сарын, ұлттық әуен бояуы мен қайталанбас композиторлық қолтаңба айқын көрінеді. 

«Қазақфильм» киностудиясында көптеген көркем және анимация фильмдерге арнайы музыка жазып, домбыра партиясын өзі тартқан. Өз ұлтының музыкасын жетік білетін композитор оны әр жанрда құбылтып, түрлендіріп, дамыта білетін шеберлігімен әйгілі болды. Фильм дыбыстау жұмысына белсене араласып, авторлық музыкасын түрлі оркестрмен дирижерлеген. Халық музыкасының білгірі, оркестр табиғатын жақсы меңгерген музыкант ретінде ұлт аспаптары оркестрін биікке көтерді. Репертуарын молайтты. Ол кісіге еліктеушілер көп болды. Композиторлық және дирижерлік мектеп қалыптастыра алды деуге болады.

– Ол өз туындыларын дирижер ретінде өзі басқарды. Осы ерекшелігі Тілендиевтің өз шығармаларының табиғатын өзгеше қырынан танытуға мүмкіндік берген сияқты. Сол жайлы ой тарқатсаңыз.

– Қазақ күйлерін оркестрге өңдеп жазуда бөлекше мәнер тапқан. Тәттімбет, Сүгір, Тоқа сынды көптеген шертпе күйшілердің күйлерін нотаға түсірсе, Құрманғазы, Қарасай, Динаның адуын күйлерін өзгеше сыпатпен оркестрге қайта жазған. Оркестрлеу (оркестровка) тілін теориялық біліммен емес, ішкі түйсікпен сезе білген, бөлекше түсінген. Халық әуендерін аспап табиғатына сай етіп түрлендіріп жаза білген суреткер. Оркестрлік музыкада қазақтың сазсырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ сынды көптеген көне музыкалық аспаптарын қосып, олардың тембрлік ерекшеліктерін аша білгендігімен тарихта қалды. Осының барлығын авторлық музыкасында шебер қолдана білді. Дирижер ретінде оркестр соңынан ерді, мүлтіксіз бағынды, жетекшіге күмәнсіз иланды. Бұл өте маңызды рөл атқарады. 

Күйші және дирижер ретінде көптеген грампластинка жаздырып қалдырған, видео және аудио сұхбаттары, фотосы сақталды. «Өнер» баспасынан «Жеңіс салтанаты» (1980) партитуралар жинағы, «Ата толғауы» және «Көш керуен» (2005) академиялық шығармалар жинағының екі томдығы жарық көрді. Н.Тілендиев партитурасы қазіргі кезде барлық қазақ оркестрлері ойнайтын музыка кітабына айналды.

Сұқбатты жазып алған Ақгүлім Ерболқызы