Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:32, 04 Маусым 2025

«Өрмек» операциясына Қазақстанның қатысы бар ма?

"Өрмек" операциясы
Фото: скриншот видео/ t.me/yigal_levin

1 маусым күні Украина арнайы қызметі Ресейдегі екі әскери аэродромға дрондармен шабуыл жасап, кемінде 11 стратегиялық бомбалаушы ұшақты жойғанын мәлімдеді. Артынша ресейлік телеграм-арналар мен ақпарат құралдары бұл шабуылдарға Қазасқстанның қатысы туралы болжам таратты.

Атап айтқанда, дрондардың кейбір бөлшектері Қазақстан арқылы жеткізілген болуы мүмкін деген нұсқалар айтылды. Сонымен қатар, операцияға қатысы бар деген күдікпен бір адамның Қазақстанға келгені хабарланды, - деп жазды Азаттық Радиосы.

АЭРОДРОМДАРҒА ШАБУЫЛ ЖӘНЕ «ӨРМЕК»

Шабуылға ұшыраған Ресейдің екі базасы — Мурман облысындағы «Оленья» мен Иркутск облысындағы «Белая» аэродромдары. Дрондар жүк көліктерінің тіркемелеріне жасырылып, жанармай құю бекеттері мен әскери аэродромдар маңында іске қосылған. Амур облысында да осындай екі жүк көлігі жолда өртенген. Бұл шабуыл «Паутина» деп аталып, жауапкершілікті Украина арнайы қызметі өз мойнына алды.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ІЗ» ЖАЙЛЫ НҰСҚАЛАР

Ресейлік телеграм-арналар шабуылда қолданылған дрондар Челябі облысындағы қоймада жиналған болуы мүмкін деп жазды. Бұл облыс Қазақстанмен шекаралас. Кей ақпарат көздері жүк көліктері челябілік нөмірде болғанын алға тартып, дрондар бөлшектері Қазақстаннан әкелінген болуы мүмкін деген болжам жасады. Сондай-ақ, шабуылға қатысы бар делінген логистикалық компания иесі Артем Тимофеев операцияға дейін бірнеше күн бұрын Қазақстанға кеткені айтылды. Ол — Украина тумасы, кейін Ресей азаматтығын алған.

Алайда бұл тұжырымдарды ресми Мәскеу әзірге растамады.

АСТАНАНЫҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 2 маусымда бұл ақпараттардың расталмағанын және «анонимді телеграм-арналар таратқан жорамалдар» екенін мәлімдеді.

«Ашық дереккөздердегі қастандық теориялары мен долбарларды мен түсіндірмеймін. Егер ресми сұрау келсе, тиісті органдар жауап береді», — деді ол журналистерге.

САЯСАТТАНУШЫЛАР МЕН САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

«Қазинформ» агенттігі жариялаған саясаттанушы Әділ Сейфуллиннің пікірінше, бұл айыптаулар Қазақстанның беделіне нұқсан келтіріп, елді халықаралық қақтығысқа тарту үшін жасалған ақпараттық шабуыл.

«Қазақстан Ресейдің ЕАЭО және ТМД аясындағы серіктесі болғанымен, әскери емес, гуманитарлық бағыттағы қатынастарды ғана қолдайды. Бұл – біздің ресми саяси бағытымыз», — дейді ол.

Қостанай облысындағы «Наша газета» басылымына сұхбат берген запастағы полковник Дархан Данияров та бұл ақпаратты «әдейі жасалған қастандық» деп бағалады. Оның айтуынша, Қазақстанды қақтығысқа тарту әрекеттері бұрыннан бар, бірақ олар ел ішіндегі тұрақтылыққа қауіп төндіре алмайды.

Мәжіліс депутаты, халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі Константин Авершин де бұл жағдайды «геосаяси турбуленттілік» жағдайындағы сыртқы күштердің диверсиясы деп атады.

«Қазақстанда құрастырылатын дрондар толық бақылауда. Ешқандай бөлшек сыртқа шықпайды. Сондықтан бұл жалған ақпараттар – әдейі жасалған шабуыл», — деді ол Tengrinews.kz сайтына берген жауабында.

БУРНАШЕВТІҢ ЕСКЕРТУІ: «ТЕХНИКАЛЫҚ МҮМКІНДІК БАР»

Алайда халықаралық қауіпсіздік саласындағы сарапшы Рустам Бурнашев бұл болжамдарды толық жоққа шығармайды. Оның айтуынша, дрон бөлшектері Қазақстан арқылы да тасымалдануы мүмкін, себебі ЕАЭО аясында тауар айналымы еркін жүзеге асады.

«Техникалық тұрғыда мұндай айналып өту жолдары бар. Бірақ бұл мәселе халықаралық деңгейде Қазақстанға нақты айып тағатындай көлемде емес», — дейді ол «Настоящее время» арнасына берген сұхбатында.

Қазақстан ЕО және АҚШ санкцияларын сақтайтынын бірнеше рет мәлімдегенімен, кейбір қазақстандық компаниялар қосарлы мақсаттағы тауарларды Ресейге жөнелткені үшін санкциялық тізімге енген. Ресми Астана мұндай фактілерді жеке компаниялардың әрекеті ретінде бағалап, мемлекет тарапынан бақылау бар екенін айтып отыр.