Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

Ормуз бұғазы маңында үш азаматтық кемеге шабуыл жасалды

Кеме
Фото: Royal Thai Navy/REUTERS

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысының он екінші күні Парсы шығанағында, соның ішінде Ормуз бұғазы маңында бірнеше азаматтық кеме шабуылға ұшырады. Үш жүк кемесі зымыранмен атқыланған. Бұл туралы 11 наурыз, сәрсенбі күні Ұлыбритания әскери-теңіз күштеріне қарасты Теңіз сауда тасымалдарын үйлестіру орталығы (UKMTO) хабарлады. Кемелердің бірінде өрт шыққан.

Тайланд әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазында өртенген кеме Тайландқа тиесілі Mayuree Naree  жүк кемесі екенін мәлімдеді. Біріккен Араб Әмірліктеріне бағыт алған бұл кеменің 20 экипаж мүшесін Оман әскери-теңіз күштері эвакуациялаған, тағы үш адам із-түзсіз жоғалған деп есептелуде.

Бұдан бөлек, Жапония туы астындағы One Majesty контейнер тасымалдаушы кемесі және Маршалл аралдарының туы астындағы Star Gwyneth жүк кемесі де соққыға ұшыраған.

Сонымен қатар Тегеран Либерия туы астында жүрген және израильдік компанияға тиесілі Express Rome жүк кемесіне, сондай-ақ Тайландтың Mayuree Naree кемесіне жасалған шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алды. Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, кемелер экипаждары ескертулерді елемеген.

ИРСК әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы Алириза Тангсири X әлеуметтік желісінде Ормуз бұғазы арқылы кемелердің өтуі тек Иранның рұқсатымен ғана мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұдан бір күн бұрын Иран Ормуз бұғазын миналауға кірісті деген ақпарат тараған болатын. Осыдан кейін АҚШ әскері Иран кемелеріне, соның ішінде мина қою үшін пайдаланылған 16 қайыққа қарсы бірқатар соққы жасағанын хабарлады. АҚШ президенті Дональд Трамп та Ормуз бұғазы маңында Иранның мина қоюшы кемелері жойылғанын растады.

Ормуз бұғазы — Таяу Шығыс елдерінен мұнай тасымалдайтын ең маңызды теңіз жолдарының бірі. Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясы басталғаннан бері бұл бұғаз іс жүзінде азаматтық кемелер үшін пайдаланылмай отыр. 28 ақпаннан бері тек бір ғана танкер Иран шабуылдарынан қашып, бұғаздан өте алғаны туралы хабарланған.

Соғыстың әлемдік деңгейдегі ең маңызды салдарының бірі — Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының тоқтауына байланысты жанармай бағасының күрт қымбаттауы болды.

Еске салсақ, 28 ақпанда таңертең Израиль мен АҚШ Иран аумағындағы нысандарға жаппай соққы жасап, әскери операцияны бастаған болатын. Қақтығыстың алғашқы күні Иранның жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдері қаза тапты.

Бұған жауап ретінде Иран Израиль аумағына және Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери базаларына соққылар жасай бастады. Әскери әрекеттер аймақтағы көптеген елдерге әсер етті.

Тегтер: