Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін 40 ел талқылады

Ормуз
Фото: Amr Alfiky/REUTERS

Ұлыбританияның бастамасымен шамамен 40 ел Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылады.

Қатысушылар негізінен дипломатиялық тәсілдерге назар аударған – бұғазды күшпен ашу күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл туралы DW жазды.

Бейсенбі, 2 сәуір күні өткен видеоконференцияда Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қалай қалпына келтіру мәселесі қаралды. Ұлыбритания сыртқы істер министрі Иветт Купер кездесудің басында:

«Біз дипломатиялық және халықаралық жоспарлау шараларына, соның ішінде барлық дипломатиялық және экономикалық тетіктер мен қысым құралдарын бірлесіп жұмылдыруға басымдық беріп отырмыз», – деді.

Сонымен қатар, АҚШ ұсынғандай бұғазды күшпен ашу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Қазіргі таңда Ормуз бұғазы Иранның бақылауында. Лондонда ұйымдастырылған келіссөздердің негізгі тақырыбы – кеме иелеріне бұғаз арқылы қайта жүруге сенімділік беру және сақтандыру төлемдерін төмендету болды.

Иветт Купер Тегеранның ұстанымын «ойсыз» деп атап, Ормузды бұғаттау бүкіл әлемнің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, Иран халықаралық кеме жолын басып алып, әлемдік экономиканы «кепілге алған». Конференцияға Германия, Франция, Канада, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістан сияқты елдер қатысты. АҚШ бұл кездесуге қатысқан жоқ. 

Трамптың Ормуз бұғазы туралы пікірі

АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқа мемлекеттердің міндеті екенін айтқан. АҚШ пен Израиль ақпан айының соңында Иранға қарсы соғыс бастаған. Бұған жауап ретінде Иран Ормуз бұғазындағы танкерлерге шабуыл жасайтынын ескертіп, Парсы шығанағынан, әсіресе Азияға энергия тасымалының үзілуіне және бағаның күрт өсуіне себеп болды.

АҚШ Таяу Шығыс мұнайы мен газына тәуелді емес және қазіргі таңда әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел болып саналады. Соған қарамастан, ел ішінде бензин бағасы күрт өсіп, бұл Трампты қолдаушылар арасында да наразылық тудырды. Ал Израиль Жерорта теңізіндегі өз газ кен орындарына ие.

Соғыстан кейінгі кезеңді жоспарлау қиындығы

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы қашан аяқталатыны белгісіз болғандықтан, соғыстан кейінгі кезеңді алдын ала жоспарлау өте қиын. Дегенмен Трамптың сыны еуропалық үкіметтерді белсенді позиция көрсетуге итермеледі.

Коалиция құруда жетекші рөлді Ұлыбритания мен Франция алуға тырысып отыр. Германия канцлері Фридрих Мерц операция үшін мина тазалаушы кемелер бөлуді ұсынды, бірақ Иран бұғазды шынымен миналағаны әзірге белгісіз.

Еуропа елдері АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысына қатысудан бас тартып, тек соғыс аяқталғаннан кейін әрекет етуді жоспарлап отыр. Франция президенті Эмманюэль Макрон бұғазды әскери жолмен ашу мүмкіндігіне күмән келтірді. Ал Қытай сыртқы істер министрі Ван И соғыс жалғасып жатқан жағдайда бұғаз қауіпсіз болмайтынын ескертті.