Өрт әлі өршіп тұр
Абай ауданында болған алапат өрт мұқым отандастарымызды уайым қайғыға бөкті. Бет қаратпайтын жалынмен жан алысып, жан берісіп арпалысқан 14 орманшы бақиға аттанды.
Бұл нәубет емей немене? Алтай бойында алаулаған өртті сөндіруге ТЖМ-ден, Орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО сондай-ақ Қорғаныс министрлігінен 1500 қызметкер, 300-ден астам техника, 14 тікұшақ жұмылдырылды. Бұдан бөлек, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резервінің аумағындағы орман өртті сөндіруге елміздің барлық аймағынан құрамалар жіберілді. Ежелден Қарқаралымен қанаттас, алыс-берісі әлі ортақ Семей өңіріне Қарағанды облысы ТЖД құрамындағы 29 адам мен 6 бірлік техника дереу аттанып кетті. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 маусым күні Талица ауылы маңындағы өртті сөндіру барысында Қарағандының арнайы көлігі өртке оранды. Абырой болғанда, құтқарушылар аман қалған.
Апат айтып келмейді
Осы қағида көбіне іске аспай жатады. Жалпы, жазда өрттен келетін қауіп аса жоғары. Тілсіз жау бір тұтанса, дес бермейтіні анық. Сондықтан апат қашанда тас түйін дайындықты қажет етеді. Синоптиктер мамырдың соңында, маусым айында еліміздің бірқатар өңірлерінде құрғақшылық болатынын ескертті. Атап айтқанда, Қарағанды облысының Шет ауданында, Ақтөбе облысының Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау аудандарында, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, Қостанай облысының Амангелді, Жанкелді аудандарында, сондай ақ Ақмола облысының Жақсы ауданында күн ысып, жаңбыр болмайды. Табиғатқа адамның әмірі жүрмесі анық. Маусым келісімен, Қарағанды облысында өрт оқиғасы көбейіп отыр. Өткен демалыс күндері ТЖД тұрғындардан 129 қоңырау келіп түскен. Кеншілер қаласындағы «Оптимист» саяжай қоғамына тиесілі ағаштан жасалған шатыры өрке оранды. Тілсіз жау аз уақытта 50 шаршы метр аумақты тып-тыйпыл еткен. Бәрінен де өрттің көп қабатты тұрғын үйлерде тұтануы зор қауіп. Жексенбі күні облыс орталығындағы Резника көшесінде 2 қабатты баспана өртке оранды. Жалын 180 метрді шарпыған. Екпіні күшті өрт осы маңайдағы қоқыс үйіндіге ойысып, 100 шаршы метр аумақты күлге айналдырды. Өрт сөндірушілер төтенше жағдайдың салдарын адамдар от жаққан кезде қауіпсіздік ережесін сақтамаған деген қорытынды жасады.
Бақылау күшейтілді
Аймақта орман өртін алдын алуға байланысты шаралар жүргізіліп жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста 62 жылжымалы өрт сөндіру құралы құрылып, төтенше жағдай департаментінің инженерлік-инспекторлық құрамы мен жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметкерлері, орман мекемелері рейдік шаралар өткізіп жатыр. Бақылау кезінде өрт оқиғасы бойынша 30 дерек тіркеліп, кінәлі тұлғаларға жалпы мөлшері 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Облыста өртті қадағалайтын 217 рейдтік мобильді топ бар. Халықты сақтық шарасына шақырушылар 5500 адамға арнап 352 брифинг және тілсіз жаудан қорғану жөнінде 152 жиын өткізген.
Бүгінде Қарағанды облысының өрт сөндіру қызметінде 329 бірлік техника, 1740 маман жұмыс істейді. Өңірде 30 өрт сөндіру бөлімшесі бар.